Жыл қорытындысы: САЯСАТ
Жыл қорытындысы: САЯСАТ
Мiне, қас-қағымда тағы бiр жыл өттi. Сарапшылар Тауық жылының алабөтен оқиғаларға толы болатындығын айтқан едi. Айтқаны келдi. Әсiресе, әлем көз тiккен Орта Азия мемлекеттерiнiң саясат сахнасы бiр тыншымады.
Жетi қазынаның бiрi — Ит жылын қарсы алып, Тауық жылын шығарып салар сәттегi елдегi саяси оқиғаларды тiзбелесек…
Өзбекстандағы Андижан оқиғасы жұртты дүр сiлкiнтсе, Қырғызстандағы революциядан кейiнгi толқулар, ондағы саяси тұрақсыздық та әлем назарынан тыс қалмады. Сондай-ақ, Қазақстандағы президент сайлауы да Батыс пен Америка үшiн басты оқиға болды. Бiрақ, Қазақстанда өзге көршiлерiмiз секiлдi елең еткiзер жағдай орын алмады. Бұның себебiн сарапшылар Қазақстандағы саяси тұрақтылық пен әлеуметтiк ахуалдың жақсаруымен байланыстырып жатты.
Жалпы, Украина мен Грузия, Қырғызстан мен Өзбекстандағы оқиғалар посткеңестiк мемлекеттердiң өзгерiс алдында тұрғандығын танытқан едi. Бiрiнен кейiн бiрi өтiп жатқан посткеңестiк мемлекеттердегi сайлаулардың әрқайсысы өзгеше тосын сый ұсынып келген болса, Қазақстанда екi жыл қатарынан өткен 2004 жылғы Мәжiлiс сайлауы мен биылғы президент сайлауы халықтың қазiргi басқару режимiмен келiсетiндiгiн танытса, екiншi жағынан елдегi оппозицияның әлсiздiгiн де көрсеттi. 15 жылдық даму тарихында Қазақстанда әлi күнге дейiн жұрт ауанын түсiне бiлетiн, елдi соңынан ерте алатын оппозиция қалыптасқан жоқ. Оппозиция бұған билiктi кiнәлайды. Алайда, Грузия мен Украинадағы басқару жүйесi де Қазақстандыкiнен айнымайтын едi ғой. Қырғызстан да советтiк билiктен кейiнгi мемлекет. Ондағы оппозиция да Ақаев режимiн орнынан құлата алды. Ал, бiздегi оппозиция өзара текетiрестен аса алған жоқ. Сөйтiп, елдегi басты оқиға — президент сайлауы жайма-шуақ қалыпта өттi. Халықаралық бақылаушылардың көбi қазақ халқының төзiмдiлiгi мен шыдамдылығымен қоса, кез-келген арандатушылыққа елiкпейтiн, сырбаздығын да жоғары бағалап отыр.
Қазақстан унитарлы мемлекет. Бiрақ соған қарамастан, ханның да, қараның да аузынан еститiнiмiз — «Қазақстан көп ұлтты, көп дiндi мемлекет, дегенмен елдегi саяси жағдай тұрақты» деген сөйлем. Алайда бұл тұрақтылықтың кiмнiң есебiнен болып отырғандығына ешкiм назар аудармайды. Халқының құрамы жағынан Франция, Германия, Түркия сияқты мемлекеттерге ұқсағанымен, ұстанып отырған ұлттық саясаты келiмсектер мемлекетi АҚШ-қа көбiрек келетiн Қазақстанда шешiлмеген басты мәселе — қазақ ұлтының мәселесi.
Елдегi президент сайлауы қарсаңында, ұлт мәселесi бiреулердiң саяси қол шоқпарына айналса, кейбiреулер ұлт үшiн шырылдап, оның толғақты мәселелерiнiң шешiлуi үшiн атсалысатындықтарын байқатты. Биылғы күзден бастап атқа қонған ұлт-патриоттары қозғалысы әуелгiде үш түрлi бағытта дамығаны белгiлi. Олар — билiкпен ымыраға келуге дайын, елдегi ұлттық проблемаларды билiкке мойындату арқылы шешемiз деушiлер болса, екiншiсi — оппозицияның сойылын соққандар болды. Ал, үшiншiсi — ешкiмге де бағынбай, ешкiмнiң соңынан ермей, ұлт мәселесiн күн тәртiбiне қоюға атсалысқандар. Осы бағытта әуелi жақ-жақ болып айтысып, соңында жеке-жеке ұйым құрған ұлт-патриоттарының қазiр екi қозғалысы жұмыс iстеп отыр. Олардың бiрi — Сабыржан Махмет төрағалық ететiн «Халық дабылы» қоғамдық ұйымы болса, екiншiсi — Дос Көшiм басқаратын «Ұлт тағдыры» қозғалысы.
Дегенмен, ұлт-патриоттарының ең басты проблемасы да елдегi оппозициялық күштер сияқты, өзара бәсекелестiк, ынтымақтың жоқтығы. Соның салдарынан бүгiнде үшiншi күш аталып жүрген ұлт-патриоттары да әлi iрi саяси күшке айнала алмай отыр.
Сарапшылар 12 қарашада өз үйiнде оққа ұшқан Заманбек Нұрқадiловтiң жұмбақ жағдайда көз жұмуын да биылғы жылдың басты, әрi қайғылы оқиғасына жатқызады. Алматы қалалық Iшкi iстер департаментiнiң қызметкерлерiнiң жасаған түйiнi бойынша, бұрын Алматы қаласы, Алматы облыстарының әкiмi, Төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттiктiң төрағасы болған, кейiннен оппозицияға кеткен Заманбек Нұрқадiлов өзiне-өзi қол жұмсаған деп тауып отыр. Бұл туралы 23 желтоқсанда баспасөз-мәслихатын өткiзген Алматы қалалық Iшкi iстер департаментi төрағасының орынбасары Марат Қожаев мәлiмдеген болатын. Бiрақ, Закеңнiң әрiптестерi мен зайыбы Мақпал Жүнiсовалар бұл ақпаратты терiске шығаруда. Қалай дегенмен де, Заманбек Нұрқадiловтiң қазасы былайғы жұрт үшiн жұмбақ күйiнде қалып отыр.
Сондай-ақ, елдегi басты саяси оқиғаның бiрi — белгiлi оппозиционер Ғалымжан Жақияновтың түрмеден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босауы. 2001 жылы мемлекеттiк қызметтен оппозицияға кеткен, кейiн лауазымын асыра пайдаланғаны үшiн iстi болған Ғалымжан Жақияновтың түрмеден босауына өзгеден гөрi елдегi оппозициялық күш мүдделi болғаны белгiлi. Сарапшылар оның жарыққа шығуы елдегi оппозицияның да бағытын өзгертедi деген болжам айтады.
Президенттiң сайлау алды бағдарламасының негiзгi тетiгi әлеуметтiң қаржысын молайту болғаны белгiлi. Бұл сайлау қарсаңында өз жемiсiн бермей қойған жоқ. Биылғы жылы басталған бұл шара алдағы 2006 жылда да жалғасын таппақ. Сөйтiп, әлеуметтiң түрлi жәрдемақылары мен зейнетақысына, жалақыларына әртүрлi деңгейде қаражат қосылып, әлеуметтiң қаржысы молаймақ. Алайда, бұның соңы инфляцияның өсуiне әкеп соғатын түрi бар.
Есенгүл Кәпқызы