РЕСЕЙ «МҰСЫЛМАНДАНЫП» БАРАДЫ

РЕСЕЙ «МҰСЫЛМАНДАНЫП» БАРАДЫ

РЕСЕЙ «МҰСЫЛМАНДАНЫП» БАРАДЫ
ашық дереккөзі
411

Ендi «ұлттар лабораториясы» Ресейдiң өзi болуы мүмкiн

Осыдан 14 жыл бұрын құлаған алып империяның мұрагерi – Ресей федерациясы ендi қол астындағы елдерден де айрылуы мүмкiн. Американдық саясаттанушылар осы ғасырдың аяғына дейiн орыс уысындағы автономиялық елдердiң дербес мемлекеттер болатынын болжайды. Олардың пiкiрiнше, бұған бiрден-бiр түрткi болатын жәйт – бүгiн чешендердiң, ертең өзге де автономиялық елдердiң бас көтеруi болмақ. Бұны болжам десек, екiншi жағынан, Ресей гегемониясына қауiп төндiрiп тұрған тағы бiр күрделi тенденция бар. Ол – орысқанды азаматтардың Батысқа лек-легiмен көше бастауы да, есесiне жұмыс күштерiнiң Шығыстан ағылуы. Айтпақшы, Ресейде бiртiндеп мигранттарды заңдастырып жатыр, олардың көбi – мұсылман.

СССР төлқұжатымен Ресей азаматтығын алу оңай

2003 жылдың аяғында «РФ-ның азаматтығы туралы» заңына толықтырулар мен өзгертулер енгiзiлген едi. Оған сәйкес, Ресейде және өзге де одақтық республикаларға кiрген елдерде тұратын, қолдарында СССР-дiң төлқұжаты бар азаматтар 2006 жылдың 1 қаңтарына дейiн жеңiлдетiлген түрде Ресей азаматы болып тiркелуге мүмкiндiк алған. Дәлiрек айтсақ, мұндай мүмкiндiктi билiктiң өзi туғызған… славяндар үшiн. Бiрақ Ресейге посткеңестiк елдерден бiр ғана орыстар емес, бiр-бiрiне бауырлас, Ислам дiндi өзбектер мен қырғыздар, түрiкмендер мен тәжiктер де арзанқол жұмыс күшi ретiнде ағылып келуде. Ал, олардың қолдарынан Кеңес Одағының төлқұжаты табылмай қоймас. Орысқа қажетi шамалы Ресей – өз елдерiнде жұмыссыздық пен кедейшiлiк тауқыметiн көрiп жатқан халықтар үшiн «жер бетiндегi жұмақ» iспеттi. Статистикалық мәлiметтерге жүгiнсек, соңғы 14 жыл iшiнде 5 млн. ұлты орыс азаматтары Батыс елдерiне қоныс аударған. Есесiне посткеңестiк елдерден 11 миллион адам Ресейге қоныс тепкен. Бiр айта кетерлiгi, қоныс аударғандардың бәрiнiң фамилиясы «ов» және «ова»-мен аяқталмайды. Олардың iшiнде «швили», «ян»-мен аяқталатын фамилиялармен қатар, түбi түркiлiк есiмдер де кездеседi. Тiптен, 11 миллион адамның жартысына жуығы – жаңадан құрылған мемлекеттердiң жергiлiктi ұлт өкiлдерi екен.

Миграциялық мәселелермен айналысатын ресейлiк мамандар қатты алаңдаулы. Әлеуметтанушы Елена Чудинова өткенде Францияны дүрлiктiрген мигранттар бүлiгiн алға тартып: «Егерде Францияға көшкен мұсылман жұмысшыларының алғашқы легi қара жұмысқа қабiлеттi болса, олардың жас ұрпағы арзанқол жұмысшы болғысы келмейдi. Ендi 50 жылдан кейiн Еуропа территориясында бiрқатар халифаттар құрылуы әбден мүмкiн. Тiптен, бұған шүбәңiз де болмасын» – деп дабыл қағады. Дәл осындай жағдай Ресейге де тән екенi анық. Ресейдiң Дiнаралық кеңесi елдегi мұсылмандардың жалпы санын азайтып көрсетуге тырысып бақса да, РФ-да ресми түрде 21 миллион мұсылман тұрады. Президент Путиннiң өзi мұны растаған. Бiрақ бейресми деректер мұсылмандар санын 30 миллион деп көрсетедi. Бұл санаққа дербес мұсылман елдерiнен ағылған жұмысшы күшiн қосыңыз. Айналдырған оншақты жыл iшiнде Ресейдiң азиялық бөлiгiмен қатар, еуропалық бөлiгi де мұсылмандыққа тiзе бүгуi әбден мүмкiн. Татарстан, Башқұртстан, Чешенстан, Дағыстан т.б. елдер онсыз да ислам дiнiне бекем боп отыр. Ал, арзанқол жұмыс күшi көбiне Ресейдiң iрi қалалары – Мәскеу, Санкт-Петербург т.б. орыс қалаларына ағылып, Ресейде мәңгiлiкке тұрақтаудың амалдарын iздестiруде. Олар өздерiмен шығыстық мәдениеттi де әкелiп жатыр. Бұл дегенiңiз алып мемлекеттiң еуропалық бөлiгiнiң бiртiндеп «исламдана» бастауы.

Латвияда қалып, Қазақстаннан көшiп…

Кеңес Одағы ыдыраған заманда мамандар «үлкен көштiң» басталарын болжап, қазақтар – Қазақстанға, орыстар – Ресейге, армяндар – Арменияға, т.б. қоныс аударады деген едi. Бiр жағынан, солай болды да. Екiншi жағынан, Ресейге славяндардан бұрын посткеңестiк елдердiң жергiлiктi ұлт өкiлдерi көшуге мүдделiлiк танытты. Кеңес Одағы тұсында арманда кеткен Мәскеудiң тәуелсiздiк жылдары күн-көрiстiң шаһарына айналғаны да сондықтан. Көбiне орыстар шоғырланған аймақтар бiртiндеп «ұлттар лабораториясына» айналып барады. Қазақстанға таңылған айдар Мәскеудiң де басына төндi деуге толықтай негiз бар.

Шынтуайтына келсек, Қазақстанға көшкен қазақтардан гөрi Ресейге көшкен орыстар саны көп екенi жасырын емес. Елiмiзде орыс тiлiнiң мүддесi бәрiнен жоғары тұрса да, Қазақстаннан Ресейге әлi күнге дейiн орыс ағайындар көшiп жатыр. Бiр қызығы, Балтық жағалауы елдерiнде қысым көрiп, балаларын жергiлiктi ұлттың тiлiнде оқытуға мәжбүр славяндар ата-баба жерiне көшуге құлықты емес екен. Статистикалық мәлiметтер Балтық жағалауы елдерiнен ұлты орыс азаматтарының да, орыс еместердiң де көшпегенiн көрсетедi. Ал, бұл ненiң белгiсi? Басқа ұлт өкiлдерi өзi тұрған мемлекеттiң ұлттық саясатына ерте ме, кеш пе мойынсұнуға мәжбүр. Егер де Қазақстан да Латвия, Украина, Грузия сияқты жергiлiктi ұлттың мәселелерiн көтерiп, мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiнiң дамуына бар жағдай жасаса, бұдан өзге ұлт өкiлдерiнiң ешқандай да әбестiк көруге хақысы жоқ. Латвияда анда-санда «тiлiм, елiм» деп шулап қоятын орыстар нелiктен Ресейге көшуге құлықсыз? Себебi Латвияда орыстар жақсы тұрады, тамағы тоқ, киiмi бүтiн. Ресейге бара қалса, олар кiм боп қабылданады? Орыстар емес, «латыштар» болып шыға келмей ме? Сол сияқты Қазақстанның да орыстары ғасырлармен артқа шегерiлiп келген қазақ мүддесiн мойындауға бар. Бiрақ оны мойындату iсi мемлекеттiк деңгейде қолға алынуы керек. Жасанды түрде елдегi жергiлiктi ұлттан да, өзге ұлт өкiлдерiнен де «қазақстандық ұлтты» жасаудың қажетi шамалы. «Латвиялық ұлт» немесе «украиналық ұлт» болмайтыны сияқты, «қазақстандық ұлтқа» да қазақ қоғамында орын қалайша табылмақ?!

Ресей еуропалық мигранттарға мұқтаж

Желтоқсанның басында Ресейде «Миграциялық амнистия: уақытша мәселе ме, әлде жаңа миграциялық саясаттың бастауы ма?» деген қоғамдық басқосу болып өттi. Онда өте ұлтшыл бағыттағы идеялар айтылды. «Мәскеулiктер үшiн метроға отырып, «этникалық пейзаждың» өзгергенiн көру оңай дейсiздер ме?», «Егерде миграциялық амнистия болса, Ресейдiң Таяу шығысында – қытайлықтарды, Кубань жерiнде – кавказдықтарды тiркейдi. Бұл жергiлiктi тұрғындарға ұнай қоймас», «Бiз, ең алдымен, посткеңестiк елдерден ағылып жатқан орыстардың азаматтық алуы үшiн мүмкiндiк жасауымыз керек», «Посткеңестiк елдер ұлттық қайта өрлеу жолына түсiп, Ресейден алыстап жатса, Ресей түрлi «швили» мен «ян»-дарды өз азаматы деп қабылдайды», тағысын тағылары… Ресейдiң бiртiндеп «мұсылманданып» жатқанын түсiнген билiк бүгiнде еуропалық бет-әлпеттi мигранттарға зәру екенiн жасырмайды. Бұл мәселе аталған басқосуда да айтылды. Бiрақ, амал нешiк, ақ нәсiлдi мигранттар бақытын Батыстан iздейдi. Елдiң «еуропалық келбетiн» сақтап қалу үшiн Ресей билiгi славян елдерi –Украина мен Белоруссия арасында қос азаматтылықты енгiзудi алға тартып келедi. Кезiнде Украина президенттiгiне үмiткер Виктор Янукович те Ресеймен бiрiгiп, қос азаматтылық енгiзу қажеттiгiн баса айтқан едi. Бiрақ Украинаның билiгiне келген батысшыл Виктор Ющенко қазiрше бұл мәселенi қолдауға асығар емес. Ал, Белоруссия президентi Александр Лукашенко Ресей мен Украинаның қос азаматтылық аясында бiрiгiп кетерiне сенбейдi. Бұл мәселеде украиндер мен белорустардың ұстанымы әрқилы. Бiрi – Батысқа қарай тартады, екiншiсi – Ресейге қарай беттейдi. Орыс елiне ауадай қажет еуропалық мигранттар қазiрше арман ғана?! Басқа елдерде тұратын орыстардың өзi орыс жерiн «шығыстану» процесiнен құтқарғысы жоқ. Олар өз бақытын Батыстан тапқан.

Бүгiнше айдан анық бiр нәрсе бар. Ресейге қандай да болмасын, жұмыс күшi аса қажет. Шағын бизнес пен құрылыс саласы арзанқол жұмысшылардың арқасында ғана жанданып келедi. Сондықтан Ресей билiгi Өзбекстан мен Тәжiкстаннан ағылған мигранттарға шүкiршiлiк бiлдiрмей, оларды заңды түрде тiркемесе, әрi көшi-қон жолдарын жапса, түптiң түбiнде орыстар Пәкiстан мен Қытайдың қара жұмысшыларын шақырып жалдауға мәжбүр болады. Әсiресе Қытай жұмысшыларының Ресей территориясына дендеп енуi демографиялық жағынан құпталмайтындықтан, ресейлiктер посткеңестiк елдерден келiп жатқан жұмысшыларға бар жағдай жасауы керек.

Түйiн. Өткенде «1 канал–Еуразия» арнасының жаңалықтарынан Ресейдiң солтүстiгiнде тұратын якуттарды көрсеттi. Түрi – азиялық, тiлi – орыс азаматтар. Есiмдерi – Алексей, Ирина, тағысын тағылары… Орыстанып кеткен алтайлықтар сияқты орыстар да ұлттық бет-әлпетiнен айрылмасына кiм кепiл? Тарих деген бәрiн де қайталайды емес пе? Бүгiнде Мәскеу мұсылман елдерiнен ағылған жұмысшы күштерге лық толы. Соған қарағанда, болашақта Ресейдегi әрбiр үшiншi азамат мұсылман болуы мүмкiн. Ал, мұсылмандар еркiндiктi сүйедi.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары