БИ-БИ-СИ-ДIҢ ҚАЗАҚ ҚЫЗМЕТIНIҢ ЖАБЫЛУЫ – ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТIМIЗДIҢ ЖЕҢIЛУIНIҢ КӨРIНIСI

БИ-БИ-СИ-ДIҢ ҚАЗАҚ ҚЫЗМЕТIНIҢ ЖАБЫЛУЫ – ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТIМIЗДIҢ ЖЕҢIЛУIНIҢ КӨРIНIСI

БИ-БИ-СИ-ДIҢ ҚАЗАҚ ҚЫЗМЕТIНIҢ ЖАБЫЛУЫ – ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТIМIЗДIҢ ЖЕҢIЛУIНIҢ КӨРIНIСI
ашық дереккөзі
305

Қазақтiлдi ақпарат кеңiстiгi жыл өткен сайын қанатын кеңге жайғанның орнына, аясы тарылып барады. Оның себебi, өз елiмiзде, өз мемлекетiмiзде ұлттық идеяның, ұлттық мәдениетiмiздiң жеңiлiс табуы.

Би-Би-Си қазақ қызметiнiң Қазақстанда қызмет еткенiне 2006 жылы 10 жыл толатын едi. Бiрақ, лондондық ақпараттық iрi корпорация иелерi аталған қызметтiң әрi қарай жұмыс iстеуiн негiзсiз деп тауып отыр. Желтоқсанның 10-ында қызметiн ресми тоқтатқан Би-Би-Си радиосының қазақ қызметiнiң жабылуы қарсаңында Лондоннан Алматыға Би-Би-Си-дiң Орта Азия және Кавказ қызметiнiң басшысы Хамид Исмайлов пен Орта Азия және Кавказ қызметiнiң орыстiлдi хабарларының жетекшiсi Дженни Нортондар келдi.

— Би-Би-Си-дiң қазақ қызметi не үшiн жабылды? — деген бiздiң сұрағымызға Хамид Исмайловтан алған жауабымыз:

— Би-Би-Си-дiң қазақ қызметiнiң тыңдаушыларының саны тым аз болғандықтан жабылды. Жақында жүргiзген мониторинг нәтижесiнде қырғыз қызметiн тыңдаушылардың саны — 800 мың, өзбек қызметiн 1 миллион адам тыңдайды екен. Ал, қазақ қызметiнiң тыңдаушыларының саны небәрi 30 мың болған. Қазақстанда 15 миллион халық тұрса, соның ең кемiнде 8 миллионы қазақтiлдi деп есептесек, болмағанда 1 миллионы тыңдауы қажет едi, — дейдi.

Негiзiнен Би-Би-Си-дiң қазақ қызметi қысқа толқында АМ-1098 жиiлiкте хабар таратып келдi. Соның өзiнде 30 мың тыңдаушысының болуы бiз үшiн аз емес секiлдi. Дегенмен, бұл хабарды қысқа толқыннан ұзақ толқынға ҒМ-ге орналастырғанда, тыңдаушылары бұдан да көп болар ма едi, кiм бiлсiн? Өйткенi, Би-Би-Си-дiң қазақ қызметiнiң жарнамасының жоқтығы салдарынан, оны көп адам бiле де бермейтiн едi. Сондай-ақ, оның кешкi сағат 19-да эфирге шығуының өзi көптеген тыңдаушылар үшiн тиiмсiз болғаны анық. Өйткенi, дәл осы уақытта эфирде «Азаттық» радиосының қазақ тiлiндегi хабарлары берiлiп жататын. Ал, эфирге шыққанына он жыл толмаған Би-Би-Си мен 50 жылдан астам қазақ тiлiнде хабар таратып келе жатқан «Азаттық» радиосының тұрақты тыңдаушылары екеуiн алмастырмасы да белгiлi едi.

Хамид Исмайлов мырза Би-Би-Си қазақ қызметiн ҒМ-ге орналастыру үшiн бiраз адаммен тiлдескендiгiн айтады. Ол Лондондағы елшiлiктен бастап, Президент аппаратының жетекшiсi Марат Тәжинмен, «Қазақстан» ұлттық корпорациясының президентi Ғалым Доскен, Мәжiлiс депутаты Дариға Назарбаевалардың барлығымен кездесiп, осы мәселенiң оң шешiм табуына көмектесуiн сұрағандығын жеткiздi. Бiр қызығы Ресейдiң ОРТ-Еуразия арнасын халықаралық келiсiм-шарттар орындалуы тиiс деген желеумен 100%-дық орыс тiлiнде хабар таратуына мүмкiндiк берiп отырған бiздiң шенеунiктер бибисилiк лауазымды тұлғалардың бұл өтiнiшiн қанағаттандырмаған екен.

— Мен президенттен басқа лауазымды тұлғалардың барлығына хабарластым, бiр өкiнiштiсi, қазақстандық билiк қазақтiлдi хабардың өмiршең болуына мүдделiлiк танытпай отыр. Сол себептен де бiз бұл хабарды жабуға мәжбүр болдық. Өйткенi, бұл Қазақстанның өзiне қажет емес, ендеше бiзге не жорық. Егер, қазақстандық билiк Би-Би-Си-дiң басшыларына тiкелей хабарласып, бiз үшiн бұл хабар керек, ашыңыздар деген өтiнiш бiлдiрсе, ол өтiнiштерiн жерге тастамас деп бiлемiн, — дейдi Хамид Исмайлов.

Демек, Би-Би-Си-дiң қазақ қызметiнiң жабылуы елдегi ұлттық идея мен ұлттық мәдениеттiң жеңiлiс табуы. Қазақстан билiгi үшiн ұлттық құндылықтар мен ұлттық ақпарат кеңiстiгiнiң қанатының кеңге жайылуының құны бiр тиын.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары