«ЭКОНОМИКАНЫ РЕФОРМАЛАУ – ЗӘУЛІМ ҮЙДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫН САЛУ СИЯҚТЫ»

«ЭКОНОМИКАНЫ РЕФОРМАЛАУ – ЗӘУЛІМ ҮЙДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫН САЛУ СИЯҚТЫ»

«ЭКОНОМИКАНЫ РЕФОРМАЛАУ – ЗӘУЛІМ ҮЙДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫН САЛУ СИЯҚТЫ»
ашық дереккөзі
296

Алматыда аймақтық қаржы орталығын құру ше?

Қазақстан қаржыгерлері тағы да Алматыда бас қосты. Бесінші конгрестің жұмысын әдеттегідей Президент Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп ашып, Еуразиялық қайта құру және даму банкінің өкілі Жан Лемьер құттықтау сөз сөйледі.

Президент өз сөзінде Қазақстанның қаржылық дамуын жоғары бағалады. 2000 жылдан бері еліміздегі банктердің жиынтық капиталы 7 рет өскен. Банктер активтері осы уақыт аралығында 28 млрд. АҚШ долларына жеткен, бұл IЖӨ жартысына жуық. Елбасының айтуынша, Қазақстандағы банк жүйесі, жинақтаушы зейнетақы жүйесі қаржылық саланың мақтанышы болып табылады. Зейнетақы қорлары активтерінің көлемі қазіргі таңда 5 млрд. долларға жетті. Сақтандыру саласы да жақсы дамып келе жатыр. Құнды қағаздар рыногы, инвестициялық қор жүйесі, несие берудің үш сатылы жүйесі жүзеге асып жатыр.

Бүкіләлемдік банк Қазақстанды инвестицияға қолайлы 20 елдер қатарына енгізген.

Қазақстан экономикасында туризм, тамақ өнеркәсібі, мұнай-газ өнеркәсібі, тоқыма, көлік өнеркәсібі, металлургия, құрылыс материалдары жеті кластері белгіленді. Оларды жүзеге асыру үшін қаржылық сала жақсы жұмыс істеуі керек.

Қаржыгерлер конгресінде талқыланған мәселелердің арасында біздің назарымызды Алматыда аймақтық қаржы орталығын құру мәселесі ерекше аударды.

Алматыда қаржы орталығын құру үшін қажетті заң жобаларын Үкімет Парламент қоржынына өткізіп те қойған. Бұл заң жобалары, Елбасы айтпақшы, жыл соңына дейін қабылдануы керек. Алматы қаржы орталығы Сингапур, Дубай мен Дублиндегі қаржылық орталықтардың сипаттарын қайталамақ. Ал қаржылық орталықты қадағалайтын мекемеге заңды тұлғаларды тіркеу, виза беру және басқаша мемлекеттік органға тән құзыреттер беріледі. Аймақтық қаржы орталығының арнайы экономикалық аймақтардан айырмашылығы оның нақты белгіленген шекарасы болмайды.

Қаржылық сала Алматыда бәсекеге қабілетті қаржылық орталық құру үшін күш жұмылдыруы керек. Алматы аймақтық қаржы орталығы ретінде халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсетуге лайық болуы керек. Қаржылық операцияларды жүргізуге жағдай жасап, осы салада қызмет көрсетуді жақсарту керек. Елбасы Алматыдағы қаржы орталығы Қазақстанның даму жолындағы бір белеске айналуы керектігіне арнайы тоқталды. «Осы тұрғыда барлық пікірлерді тыңдап, екшеу керек» деді ол.

– Бұл шараның толықтай сәтті жүзеге асуын қалар едім. Бұл жөнінде әр түрлі көзқарастардың бар екендігін білемін. Үкімет осы бағыттағы шараларды жүзеге асыруға дайын, ал қажетті заң жобалары биыл өте тығыз жағдайда қабылданады. 2006 жылды осы идеяның жүзеге асқан жылы ету керек. Мен әлемдегі ірі қаржылық институттармен келіссөздер жүргізіп келемін, оның ішінде Ресей, Украина институттары да бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асуы тиіс деп жоспарланған қаржылық орталықты құру бір күнде атқарылар шаруа емес, әрине. Ол үшін халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсететін әуежай салынып, қызмет көрсету түрлері жақсартылып, қаладағы қауіпсіздік шаралары күшейтілуі қажет.

ҚР Қаржы рыногын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттік төрағасы Болат Жәмішев те өз ойымен бөлісті:

– Қазақстанда қор рыногының әлі жеткілікті дамымағандығына қарамастан, Қазақстанның қаржы рыногы Қаржы орталығын құру үшін қажетті алғышарттарға ие. Бұл бизнес-жоба біздің мемлекет үшін өте қажетті, себебі жинақтаушы зейнетақы қорлары активтерінің көлемін ішкі рынок игере алмай отыр. Яғни, Қаржы орталығы – Қазақстанның қор рыногының дамуының объективті қажеттілігі болып табылады.

Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетов Аймақтық қаржы орталығы құрылымы мен ерекшеліктеріне кеңінен тоқталды. Ал, Халықтық банк төрағасы Григорий Марченконың пікірі өзгелерге қайшы екені байқалды. Марченко Үкімет қолға алған кез келген бастама бойынша ешкімге ұқсамайтын көзқарасы бар екендігін бұған дейін де талай рет білдірген. Ол бұл жолы да іркіліп қалған жоқ. «Экономика реформалау зәулім үй құрылысына ұқсайды, егер біз үйдің бес-алты қабатын салып бітірсек, сонымен шектеліп қалуымыз керек деген сөз емес» деген сыңайдағы пікірін жайып салды. Дұрысы, Марченконың сөзін сөзбе-сөз келтірген жөн болар:

– Аймақтық қаржы орталығына байланысты мен өз пікірімді бұдан бұрын талай рет білдіргенмін. Бұл жобаның Үкімет ұсынған, Парламентте жатқан тұжырымдамасы қазіргі күйінде әлі де қайта қарауды қажет етеді. Сондықтан мен оны үстінен қарап, жөндеп, Алматыда шын мәніде қаржы орталығының жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек деп есептеймін.

Бұл идеяның барлық артықшылығы мен кемшіліктері көп ұзамай іс жүзінде көрінетін болады. 2006 жылдың 1 желтоқсанына дейін көп қалған жоқ…

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары