ЕКІ ҚАЗАҚ — ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

ЕКІ ҚАЗАҚ — ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

ЕКІ ҚАЗАҚ — ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ
ашық дереккөзі
400

Түркияда күрдтер мен полиция арасындағы қақтығыс ушығуда

Түркияның Мерсин қаласында күрдтер мен полицей қызметкерлері арасында келеңсіздіктер орын алды. Қақтығыстың салдарынан бір адам қазаға ұшырап, тағы біреуі ауыр жарақат алған. Жүзге жақын ереуілге шыққандардың наразылығын туғызған оқиға — Хаккари провинциясында екі адамның өлімінен бастау алған. Көршілес Адана шаһарының маңында полицейлер заңсыз шеруге шыққандары үшін 4 адамды тұтқынға алған. Олардың көбі іргелес жатқан Мерсин мен Аданаға жұмыс іздеп келген күрдтер екен. Түркияның оңтүстік-шығысында тәуелсіз отандарын құруды аңсаған Күрдістан Жұмысшы партиясы 1984 жылдан бері әскери әрекеттерін шектеткен жоқ. Осындай тәуелсіздікті көксеген 20 жылдан аса уақыттан бері жалғасып келген қақтығыстарда 30 мыңнан астам адам өмірден озған екен.

Бағдатта автокөлікке қойылған бомба жарылды

Ирак астанасы Бағдатта бомбаның жарылуынан 13 адам қаза тауып, 21-і жараланды. Жарылыс Бағдаттың оңтүстігіндегі базарлардың бірінде орын алды. Сонымен қоса, әл-Наср алаңында бір жарылыс болды.Әзірге одан қанша адам қаза болғандығы туралы мәлімдеме жоқ. Ал Ирак полицейлері жұма күні болған лаңкестік шабуылдар салдарынан 80-нен астам адам қаза тапқанын және 140-қа жуық жан жарақат алғандығынан хабардар етті. Ал таяу күндері Ирактың солтүстік-шығысындағы Ханакин елді мекенінде екі бұзақы шиттер жиналатын екі мешітті жарып жіберген еді. Жарылыс жұма намазы кезінде орын алыпты, ал ол күні мешітке халық өте көп жиналады. Бұл оқиғадан 74 адам қаза тауып, 100-ден астамы жараланды. Бағдат қаласынан 140 шақырымдай жерде орналасқан Ханакин қалашығында көбінесе шиттер мен курдттер тұрады. Демек, бұл қала Иран шекарасынан 10 шақырым жерде. Тағы бір жарылыс Бағдатта, Ирактың Iшкі істер министрлігінің ғимараты жанында болды. Одан 6 адам қаза тапса, 40-қа жуығы жараланған. Ал Ирак басшылығының айтуынша, жарылыстарды Әбу Мұсаб әз-Зарқауи жасақшылары ұйымдастыруы мүмкін. Лаңкестер болса, шиттер мен сүнниттер арасына от тастап, елде азамат соғысын бастауды көздеген сыңайлы.

Алматыда “Қара кемпір” музыкалық драмасының тұсаукесері болады

Қарашаның 24-інде М.Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театрында қаламгер Ә.Әмзеұлының “Қара кемпір” музыкалық драмасының премьерасы болады.

… Адамзат өмірге келгеннен бері талай заман өтті. Сол күннің бәрінде де өзара қырқысу, шабысу, айқасу бір толас таппаған. Жас-кәрі демей, түгел жалмайтын, тойымсыз жалмауызға тоқтау бар ма? Қаншама ана сәбиінен айырылды. Театрдың әртістері сахнаға шығарғалы отырған “Қара кемпір” — сол азалы аналардың бірі әрі бар аналардың жиынтық бейнесі.

Аталмыш қойылым бастан-аяқ Ана қарғысын адамзат қасіреті — сұм соғысқа қарсы қоюмен ерекшеленеді. Ана — жарық күннің, тіршіліктің тірегі.

Жаңа спектакльдің режиссері — Қазақстанның халық әртісі, профессор Есмұхан Обаев, қоюшы-суретшісі — М.Сапаров. Басты рольдерде — Рахила Машурова, Бекжан Тұрысбек, Дулыға Ақмолда, Асылбек Боранбай және басқа да әртістер өнерін көрсетеді.

13 жасар Зарина “Роза ветров” фестивалінің жүлдегері

Павлодарлық 13 жасар әнші Зарина Сембинова Мәскеуде өткен “Роза ветров — 2005” халықаралық балалар шығармашылығы байқауының үшінші жүлдесіне ие болды.

Әлемнің Франция, Болгария, Израил және ТМД елдерінен келген 38 балалар ән сайысына түскен болатын. Қазылар алқасының мүшелері қазақ және орыс әндерін керемет орындаған Заринаның таланты мен дарынын жоғары бағалады. Енді жүлдені алған жас әнші Македонияда өтетін “Стружа кештері” фестиваліне жолдама алып отыр.

АҚШ, Батыс және Иран…

Еуропалық елдер мен америкалық дипломаттардың хабарлауынша, АҚШ пен Батыс Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселені БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде қарауды кейінге шегеруге келісіп отырған көрінеді. Осы мәселе БҰҰ атом энергиясы жөніндегі агенттігінің (МАГАТЭ) бүгінге жоспарлап отырған кезекті отырысында сөз болмақ. Ал жексенбі күні БҰҰ инспекторларының Иранның ядролық нысандары туралы ақпараттармен танысуына жағдай жасау мәселесіне қарсы шыққан ирандық парламент егер ядролық бағдарлама мәселесі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде қаралатын болса, өздерінің уранды байыту жұмысын күшейте түсетінін айтып, доқ көрсетті. Дипломаттар қауымы «ер-тұрманын бауырына алып тулаған» Тегеранның уран байыту жұмысын Ресейге табыстауға қатысты жасалынған ұсынысқа үміт артып отыр. Бірақ екі апта бұрын ресми Тегеран аталған ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы шыққан болатын: «Ядролық бағдарлама бізге тек бейбіт мақсатқа қолдану үшін ғана қажет»деп. АҚШ пен Батыстың Иран мәселесіне келгенде «жалпақшешейлікке» бой ұра қалуы тегін емес: БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері саналатын Қытай мен Ресей Иранның ядролық бағдарламасының БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде қаралуына қарсылық танытары анық.

Арақ-шарапқа қарсы акция

Швеция үкіметі Еуропада Еуропалық Одақ басшылығы мен кәрі құрлық тұрғындарын арақ-шарап өнімдерін сату және оны тұтыну мәселесіне қатысты қатаң саясат ұстануға шақыратын жарнамалық шараларын кең ауқымда жүзеге асыра бастады. Қазір шведтік үкімет арақ-шарап өнімдерінің тек мемлекеттік дүкендерде сатылуын қатаң қадағалап отыр. Себебі, Еуроодаққа мүше өзге елдерге қарағанда, Швецияда «көк мойындар» бағасы әлдеқайда қымбат әрі «жынды суға» құмартқандар арақ-шарапты қалаған уақытында сатып ала алмайды. Өйткені, бұл елде мемлекеттік дүкендер ерте жабылады. Шектеулер қою арқылы таңертең «бас жазуға» мәжбүр болатындар санын азайтуға қол жеткізген ресми Стокгольм бүгінде адамдарды азғындыққа бастайтын «шайтанның суынан» кәрі құрлықты түгел тазартуға ден қойды. Швеция үкіметінің Еуроодақ басшысы Жозе Мануэль Баррозуға жолдаған хатында Еуропадағы денсаулық сақтау мекемелерінде арақ-шарапқа қатысты туындайтын проблемалардың кесірінен жылына 235 миллиард доллар шығын шығатыны айтылған. Алайда, Стокгольмнің жарнамалық акциясына қарсы уәж айтқан Еуропалық комиссия (ЕК) мұндай саясаттың Еуропадағы сауда саласына қатысты заңнамаларға қайшы екендігін көлденең тартады. Сондықтан да ЕК қарсылық шараларын арақ-шарапқа емес, Швецияның ұстанып отырған саясатына қатысты жүргізуі бек мүмкін.

«Басқа пәле»… күнделіктен

Британия ханзадасы Чарльз «Assocіated Newspapers» компаниясының тобын сотқа берді. Себебі, осы топқа кіретін «Мейл он санди» газеті ханзаданың 1997 жылы Гонконгқа жасаған ресми сапары барысында жүргізген күнделігінен үзінді жариялаған. Чарльздың адвокаттарының айтуынша, авторлық құқығына қол сұғылған және бүкіл әлемге сыры ашылып қалған ханзада қытайлық басылымды сотқа беруге амалсыз келіскен көрінеді. Ал «Мейл он санди» газетінің өкілдері аталған күнделікке заңдық тұрғыда қол жеткізгендерін мәлімдеді.

Өз күнделігінде Чарльз қытай дипломаттарын «ұсқынсыз кәрі балауыз қарақшыларға», ал Қытайдың сол кездегі басшысы Цзянь Цзэминнің сөйлеген сөзін «кеңестік сарындағы насихатқа» теңепті. Ханзаданың баспасөз хатшысы Майкл Пит Чарльздің сот шағымдануын іскерлік репутациясын қорғаумен байланысты екендігін айтады: «Кез келген азамат сияқты ханзада да күнделік жүргізуге құқылы. «Мейл он санди» ханзаданың келісімінсіз жариялаған. Осы мәселеге қатысты біз газетке 5 рет ескерту жасадық. Соған қарамастан «Мейл он санди» ханзаданың авторлық құқығына қол сұққандығын біле тұра күнделіктен үзінді жариялаған» деді. Ресми емес деректерге сүйенсек, ханзада ресми іссапарларының барысында үнемі күнделік жазумен айналысатын көрінеді. Одан кейін шамамен 100 данасы дос-жарандары мен ағайын-туысының арасында таратылады. «Мейл он сандиде» жарияланған күнделіктен үзінділер Қытай Халық Республикасының төрағасы Ху Цзиньтаоның Ұлыбританияға жасаған ресми сапарынан кейін жарық көре бастаған.

Американдық оқушы мэр болды

Американың Хилсдейл қаласының Мичиган штатында 18 жасар оқушы Майкл Сешнс мэр болды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, оған 670 қала тұрғыны мен сайлаушылар дауыс беріпті. Ал оның қарсыласы Доу Инглске 668-дей қала тұрғыны ғана дауыс берген. Бар-жоғы Хилсдейлде 8 мың 200 халық тұратын көрінеді. Қазіргі мэр 51 жастағы Доу Инглс сайлау өте салысымен-ақ, жиналған дауысты қайта тексеруді талап етті. Дегенмен, ол өз ұсынысын дереу қайтарып алып, өз орнын жас мэрге босатты. Жас мэр Майкл Сешнс өз кандидатурасын 18-ге толғанның ертесінде-ақ ұсынған болатын. Ол сайлаушылар кампаниясына жазғы демалысында тапқан 700 доллар ақшасын жұмсапты.

Сайлау алдындағы кемшіліктер

Кеше Республикалық тәуелсіз бақылаушылар жүйесі (РТБЖ) 4 желтоқсандағы ҚР президенттік сайлауына ұзақмерзімдік бақылау бойынша аралық есеп берді. РТБЖ президенті Тасқын Рахымбекова: «Біз ҚР президенттігіне үміткерлерді тіркеу мен қол жинау, сондай-ақ сайлауалды кампания жұмыстарына қатысты және әртүрлі деңгейдегі сайлау комиссияларының сайлау науқанын өткізудегі дайындығы жайында мониторинг өткіздік» деген сөзін іліп әкеткен РТБЖ-ның заңгері Амангелді Шорманбаев республиканың кейбір аймақтарында кездескен түрлі кемшіліктерді, атап айтқанда, үміткерлердің жинаған қолын мойындауда нақты өлшемдердің жоқтығын, атқарушы биліктің маңызды саласының бірі болып табылатын төлқұжат қызметінің тәуелсіздігіне күмән келтіретін тұстардың, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің сайлауалды кампания жұмыстарына араласу нышандарының бар екендігін айтты. Заңгердің айтуынша, сайлау комиссияларының мүшелері емес, полиция қызметкерлері үміткерлерді қолдайтындығын білдіріп, қол қойған азаматтарды жеке-жеке аралап шыққан. Бұл сайлау туралы заңға томпақ келетіні белгілі.

Ангела Меркель — Германияның канцлері

Алғашқы әйел — канцлер Ангела Меркель ресми түрде Германия үкіметінің басшылығына бекітілді. Енді неміс халқы жаңа үкіметтің жасақталуын асыға күтуде.

Германия парламенті Бундестагта Меркельді қолдап, төменгі палатаның 397 депутаты дауыс берген. Осындай нәтиженің арқасында екінші кезеңнің қажеті де болмады. Өйткені, ол 614 депутаттың басым бөлігінің қолдауына ие болды. Керек десеңіз, “жасылдар” мен солшыл партиялардың Меркельге жасаған кедергісі жағдайды өзгерте алмады. Мұның алдындағы канцлер Г.Шредердің СЛПГ партиясы жаңа үкіметте бірнеше министрлікке ие болғаннан соң, саясатты тастап кетпек.

Ариэль Шарон партиясынан кетті

Израиль премьер-министрі А.Шарон ел президенті Моше Кацавқа парламентті таратып жіберу туралы өз өтінішін білдірді. Осындай жәйттардан соң, келесі жылғы қарашада белгіленген сайлау наурыз айында өтуі мүмкін. Қазіргі үкімет “Авода”—“Еңбек” партиясының жаңадан келген басшысы Амир Перецтің шешімінен кейін бәсеңсіп қалды. Өз сөзінде ол партияның мүшелері қазіргі үкімет құрамынан шығады дегенді айтып еді. Кнесетті таратуға 84 депутат қолдау білдіріп, 10-ы қалыс қалған. Ал басты жаңалық Шаронның “Ликуд” партиясынан шығатынын мәлімдеп, жаңа партия құруға кірісіп те кетті. Ариэль Шарон 1973 жылы оңшыл бағыттағы “Ликуд” партиясының негізін қалағандардың бірі болатын. Саяси сарапшылардың пікірінше, Шаронның бұл партиядан кетуі Израильдегі саяси күштеріне өзгеріс тудыратын оқиға. Сондай-ақ, оның центристік бағыттағы партия құруды жоспарлағаны анық сезіледі. Алдағы наурыз айында өтуі ықтимал парламент сайлауында тағы үкімет басына келуге күш салып көрмек.

“Фараб” өндірістік кешені тұтынушыларын қуантуда

2005 жылғы қарашада Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында орналасқан “Фараб” комбинатында тоқымасыз мақта талшығын (ММТ) және косметикалық мақталы спонждарды өндіретін цехтар ашылды. Бүгінде бұл өндірістік кешені табиғи және косметикалық өнімдердің 100 пайыздық өндіріс айналымындағы, ММТ және мақталы спонждарды өндіретін ТМД-дағы жалғыз комбинат.

Төменгі сорттардағы (линт және улюк) мақта талшығын өңдеуге арналған зауыт кешені 1995 жылы салынған. Бірақ, сол кездегі қиыншылықтардың салдарынан 2004 жылға дейін тоқтап қалды. Сонымен қоса, меншік иелерінің көп ауысуына байланысты зауытты көркейткен ешкім болмады. Ал 2004 жылы мамырда зауытты Алматы қаласының “Dala group”АҚ компаниясы толығымен сатып алды. Сол жылдың өзінде-ақ ағартылған мақта талшығын шығару қалпына келтіріліп, желтоқсанда медициналық мақтаның бірінші тобы шығарылды. Қазір зауытта қызметкерлер саны 70 -тен 174 адамға көбейді. Зауыт директоры Марат Молдиманов қолынан келгенінше өз үлесін қосып-ақ келеді. “Фараб” комбинаты қазіргі уақытта өнімнің 4 түрін өндіруді ұстанған. Олар ағартылған мақта талшығы (АМТ), медициналық мақта, тоқымасыз мақта матасы, косметикалық және гигиеналық мақталы спонждар.

Сондай-ақ, комбинат ТМД-ның зауыттарымен салыстырғанда ілгері келеді. Жақында автоматты тоқыма станоктарын өндіру жөніндегі белгілі жапондық Toyoda Automatіc Loom Works компаниясының құрал-жабдығын сатып алды.

“Фараб” комбинаты өзінің өнімдерін қазақстандық ірі дәріхана желілерінің барлығына дерлік жеткізуді қолға алып, тендерлерге қатысуды көздеп отыр. Сонымен қоса, 2006 жылдың басынан бастап ТМД және Оңтүстік-шығыс Азия елдерінің нарығына шығу жоспарларында бар.

Олжас Сүлейменов “Ш.Маржани атындағы Тарих институтының құрметті докторы”

Белгілі қазақстандық ақын және қоғам қайраткері, Қазақстанның Юнеско жанындағы тұрақты өкілі О.Сүлейменов Қазанда Татарстанның жұртшылық өкілдерімен кездесіп, Ғылым Академиясы Ш.Маржани атындағы Тарих институтында түркітану саласындағы зерттеулеріне қатысты дәріс оқыды. Институт директоры, Татарстан президенті жанындағы Саяси мәселелер жөніндегі мемлекеттік кеңесші, философия ғылымдарының докторы Р.Хакимов ақынға “Ш.Маржани атындағы Тарих институтының құрметті докторы ” атағын беру жайында дипломды табыс етті.

Санға емес, сапаға көңіл бөлінбек

Қазақпараттың хабарлауынша, ҚР Үкіметі елдегі шикізатты өңдеуге баса назар аударатын инвесторларға барлау мен өндіруге қатысты келісім-шарттарды жасау барысында ерекше мән беретін болады. Астанадағы мұнай химиясы кешеніне арналған II халықаралық конференцияда сөз сөйлеген ҚР премьер-министр Даниал Ахметов қазіргі таңда инвесторлардың өндіріске жоғары сапалы технологиялар мен құрал-жабдықтар әкеліп, сапалы басқару жүйесін құратын компанияларға баса назар аударылатынын мәлімдеді. Үкімет басшысының айтуынша, аталған компаниялар Қазақстанда көмірсутегі шикізаттарын барлау мен өндіру келісім-шарттарын жасау кезінде басымдықпен қарастырылатын болады.

Дайындаған Гүлзина БЕКТАСОВА, Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары