«YЛКЕН ТЕАТРДАҒЫ» КIШIГIРIМ ҚОЙЫЛЫМДАР

«YЛКЕН ТЕАТРДАҒЫ» КIШIГIРIМ ҚОЙЫЛЫМДАР

«YЛКЕН ТЕАТРДАҒЫ» КIШIГIРIМ ҚОЙЫЛЫМДАР
ашық дереккөзі
296

Мұнай бағасына сараңдық етпеген абзал болар!

Экономика және бюджеттi жоспарлау министрi Қайрат Келiмбетов келер жылғы бюджеттiң негiзiнен әлеуметтiк саланы жарылқайтынын тiлге тиек етумен болды. Оның сөзiне сүйенсек, республикалық бюджеттiң түсiмдерi 2005 жылғы бюджетпен салыстырғанда, 224,1 млрд теңге немесе 18 пайыздық өсiммен 1469,4 млрд.теңге сомасында жоспарланып отыр. Ал бюджет шығысы да дәл түсiм көрсеткiшi секiлдi 224,1 млрд. теңгеге жоспарланған. Яғни, бюджеттiң түсiмi мен шығысы тең болмақ. Iшкi Жалпы Өнiмнiң өсу қарқыны — 8,3 пайыз. Мұнайдың әр баррелiнiң әлемдiк бағасы — 47 АҚШ долларына, экспортқа шығарылатын қара алтын баррелiнiң құнын 35,3 долларға мөлшерлеп есептелiнген. Әлемдiк биржадағы мұнай құнының аса жоғары екендiгiне қарамастан, Қазақстан Үкiметiнiң оны барынша аз есептеп, сараңдық танытуы бiздi таңдандырудан да қалып барады. Естерiңiзде болса, мұнайдың әлемдiк саудадағы құны 40 АҚШ долларына теңескенде, «мұнай қорына аса бай ел» Қазақстаннның бюджетiне қара алтын құны бар-жоғы 19 АҚШ долларынан есептелiнген едi. Ол кезде арада 21 доллар ойнайтын. Қазiргi бюджет жобасының да сол кезде қабылданған бюджеттен оңып тұрғаны шамалы.Нью-Йорк биржасында қара алтынның құны 60 АҚШ долларынан төмен түспей жатқанда, бiздiң елдiң бюджетiнде ол 35,3 АҚШ долларымен теңестiрiлiп отыр.

Министр Келiмбетовтен себебiн сұрағанымызда, ол бiздiң Үкiмет мүшелерiне тән кәдуiлгi әдетпен Ресейдi мысал етiп, алға тартты. «Мұнай экспорттайтын елдердiң арасында әлемдiк саудадағы мұнай құнын барынша артығымен жоспарлайтын Қазақстан. Ал мына Ресейдiң бюджетiнде мұнайдың әлемдiк саудадағы құны 40 АҚШ долларынан есептелiнген. Ал бiз 48 АҚШ долларына сай етiп жоспарлап отырмыз. Артылған қаржы бәрiбiр Ұлттық қорға құйылады. Қаржыны Ұлттық қорға сақтағанымыз ең дұрыс шешiм болды. Әйтпегенде, инфляция деңгейi қазiргiдей 7 пайыз емес, 10 пайыздық деңгейге бiр-ақ көтерiлетiн едi, — дейдi ол.

Дегенмен Парламент Мәжiлiсiнiң қаржы және бюджет комитетiнiң төрағасы Кенжеғали Сағадиев «2006 жылы мұнайдың әр баррелiнiң әлемдiк бағасының болжамын 50 долларға дейiн көтерген дұрыс. Өйткенi, Бүкiләлемдiк банк пен Халықаралық валюта қорының өзi келер жылғы мұнайдың бағасын 60-65 АҚШ долларына шақтап есептеп отыр. Ал, АҚШ Энергетика министрлiгi қара алтынның орташа бағасы 70 АҚШ долларына жетедi деп жоспарлаған. Ал Қазақстан бюджетiнде соңғы жылдары әлемдiк нарықта қалыптасқан бағасынан мейлiнше төмен баға белгiленгендiктен, бюджеттiң шын мәнiндегi кiрiсi жоғары. 2003-2004 жылдары кiрiс ұлғайтылып отырды. Соның салдарынан, игерiлмеген қаржы да қордаланып қалды. Келер жылы мұнайдың әлемдiк бағасы жақсы болады деп жоспарланып отырған кезде, бюджеттiң кiрiс бөлiгiне төмендетiлген болжам жасаған дұрыс емес. Өйткенi, қаржы тағы да игерiлмей, ысырап болады, — дейдi.

Әншейiнде, бүкiл бастаманың алдыңғы шебiнде жүретiн, тек жоғары көрсеткiштерге үйренiп қалған Үкiметтiң мұнай бағасын белгiлейтiн кезде ең төменгi мөлшердi төңiректейтiнi қызық-ақ!

Қаржы қайда барады?

Бюджет жобасын талқылайтын бiрiккен жиылысқа келген Ұлттық банк төрағасы Әнуар Сәйденов депутаттарды жақсы жаңалықпен құлағдар етемiн дедi ме, әйтеуiр Қазақстан резиденттерiнiң шет елдегi қаржысы 3 млрд.АҚШ долларына көбейдi деп айтып қалды. Мұның кәдiмгiдей қомақты қаржы екендiгiн, яки Ұлттық қорда қордаланған қаржының 60 пайызына тең екендiгiн ескерсек, қаржының сыртқы рынокке бұлайша мол мөлшерде шығарылуы ненiң әсерiнен? — деген күмәндi ой келедi екен. Қазiргi кезде отандық iрi-iрi корпорациялардың өз акцияларын әлемдiк биржаларға шығаруға аяқ асты құлшынғаны бiраз сезiк туғызып отырғанда, қара алтын игеру саласындағы компаниялардың да саудаға салынуы — активтердi қаржыға аудару әрекетiнен хабар берген. Ендi, мiне, «Қазақстан резиденттерiнiң шет елдегi қаржысы көбеюде!» — деген Сәйденов жаңалығын санмен өрнектеп-ақ көрсеттi. Елден қаржының шығарылуының немен байланысты екендiгiн бiлгiмiз келгенде, бас банкир «Бұл жай ғана инвестиция. Қаржы арнайы түрде сыртқа шығарылып жатыр деуге болмайды. Бұл негiзiнен банктердiң қаржысы»—деп, сезiктi ойды азар да безер жоққа шығаруға тырысты.

«Мұнай өңдеу зауытын қайтарып алуға тырысамыз!»

Депутаттардың премьерге бағыттаған ең «ащы» сұрақтарының бiрi — жанар-жағар май бағасына қатысты болса, Даниал Ахметов барынша қайсарлана жауап бердi. Шымкент мұнай өңдеу зауытының ең болмаса 50 пайызының «ҚазМұнайГаз» компаниясына қайтарылуына шамамыз келгенше атсалысамыз.Жанар-жағар май бағасын монополистердiң алдын-ала келiсiп қойғанын байқап отырмыз.Оны реттеудiң жолын қарастырып жатырмыз» — дейдi ол.

Қайтаруға қолайы келiп тұрған кезде «Петро-Қазақстанды» уысынан шығарып алған Үкiмет Шымкент мұнай өңдеу зауытын иеленуге бас ауырта қояр ма екен?

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары