Президент Алматыда атқарылып жатқан iстерге риза

Президент Алматыда атқарылып жатқан iстерге риза

Президент Алматыда атқарылып жатқан iстерге риза
ашық дереккөзі
288

Оңтүстiк астананы аралауды Елбасы сейсмология институтынан бастады. Бүгiнде бұл мекеменiң 62 станциясы бар. Жер қойнауындағы өзгерiстердi әрдайым қадағалап отырған мамандар Елбасын жақын арада елiмiзде күштi жер дүмпуi болмайтынына сендiрiп бақса да, Нұрсұлтан Назарбаев үкiмет пен институт қызметкерлерiне сейсмикалық қауiпсiздiкке қатысты iс-шараларды дамыта түсу қажеттiгiн тапсырды. Атап айтсақ, Елбасы үкiметке жер сiлкiнiсiнiң алдын алу мен оның зардаптарын жою жөнiндегi мемлекеттiк бағдарлама жасауды, бұл орайда заман талабына сай жаңа технологиялар мен жақында ұшырылатын «КазСат» жер серiгiнiң мүмкiндiктерiн пайдалануды тапсырды. «Бүгiнгi таңда елiмiзге ешқандай қауiп төнiп тұрған жоқ. Бiрақ «Сақтансаң сақтайды» дегендей, қауiп-қатердiң алдын алу парызымыз» – дедi, Президент. Кездесуде сеймология институтының мамандары үшiн жағымды жаңалық та жария етiлдi. Бұдан бұлай мемлекет сейсмология ғылымына бөлiнетiн қаржыны 25 есеге көбейтпек.

Бүгiнде қаламызда күштi жер дүмпулерiне төтеп бере алмайтын ескi ғимараттар қиратылып, жаңа үйлер бой көтерiп жатқаны белгiлi. Бұл орайда мемлекет басшысы жаңадан бой түзеп жатқан үйлердiң талапқа сай салынуын қатаң қадағалау қажеттiгiн баса айтты. Жалпы, қаламызда сейсмикалық талаптарға сай емес ескi үйлердi 2010 жылға дейiн қирату бағдарламасы жұмыс iстейдi.

Алдағы уақытта оңтүстiк астана Орта Азия аумағындағы iрi бизнес орталығына айналуы тиiс. Ол үшiн қалаға iрi мегаполистерге тән метро сияқты құрылым да аса қажет. Алматылықтардың арманына айналған метроның алғашқы линиясын 2008 жылы бiтiру көзделiп отыр. Жароков көшесi мен Райымбек даңғылын қосатын жерасты жолының ұзындығы 8,56 км шақырымды құрап, 7 станциядан тұрады. Жалпы, метро құрылысына мемлекет тарапынан 101 млрд. теңге бөлiнуi тиiс. Елбасы метро құрылысына қажеттi қаржының мемлекет тарапынан толықтай бөлiнетiнiне кәмiл сендiрдi.

Қала көшелерiнде көлiк ағымын азайту мақсатында метро-трамвай көлiктерi жүйесiн дамыта түсу үшiн Үкiметте арнайы бағдарлама қабылданғаны белгiлi. Осы бағдарламаға сәйкес жолүстi трамвай линиялары заман талабына сай жөнделуi тиiс.

Қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетовтiң Алматыны жан-жақты дамыту iсiн жақсылап қолға алғаны әрбiр алматылыққа аян. Талай жылдар жөндеу көрмеген iрiлi-кiшiлi көшелер мен даңғылдар күрделi жөндеу жұмыстарынан өтуде. Қаладағы аулалар да жөнделiп, аула балаларын мол қуанышқа бөлеуде. Соңғы бiр жылдың өзiнде Алматыда 650 аула көркейтiлiп, 150 шақырым жол жөнделiптi. Иманғали Тасмағамбетовтiң тиянақты жұмыстары халықтың да, Елбасының да көңiлiнен әрдайым шығып жүргенi баршаға белгiлi. Өткендегi бiр сапарында «Жарайсың, Иманғали!» деп кеткен Президент бұл сапарында да Алматыда iстелiп жатқан шаруаларға ризашылығын бiлдiрдi.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары