«ҰЛТ ТАҒДЫРЫ» ҮКIМЕТКЕ ҮНДЕУ ЖАСАДЫ

«ҰЛТ ТАҒДЫРЫ» ҮКIМЕТКЕ ҮНДЕУ ЖАСАДЫ

«ҰЛТ ТАҒДЫРЫ» ҮКIМЕТКЕ ҮНДЕУ ЖАСАДЫ
ашық дереккөзі

«ӘЛ-ЖАЗИРАНЫҢ» ОПЕРАТОРЫ ТҰТҚЫНДАЛДЫ

Израиль полициясы катарлық «Әл-Жазира» телеарнасының операторы Набиль Мазавидi тұтқындады. Аталмыш телеарнаның айтуынша, полицейлер операторды ұрып-соғып, әбден соққыға жыққанға ұқсайды. Ал израилдiк полицейлер болса, Мазавидi полицейге қол жұмсады деп айып тағып отыр. Оператордың тұтқындалуына себеп болған нәрсе, ереуiлшiлердi камераға түсiруi себепкер болыпты.

Ереуiлге шыққандардың саны 40-қа жетiптi, оның арасында израильдiктер де, палестиналықтар да, алыс-жақын шетелдiктер де болған.

Ереуiл палестиналық Биалин деревнясына таяу, Рмаллаға жуық маңда өтiптi. Соңғы уақытта Батыс жағалаудағы қорғанның құрылуына қарсы топ осы маңда ереуiл өткiзудi жиiлетiп алғанға ұқсайды.

Таяу Шығыстағы Сирияның басына бұлт үйiрiлдi

БҰҰ-ның Қауiпсiздiк кеңесi Сирияға қатысты қарар жобасын бiрауыздан мақұлдады. Онда Дамаск Ливанның бұрынғы премьер министрi Рафик Хариридiң қазасына байланысты жүрiп жатқан тексеруге көмек көрсетпесе, оған қарсы шаралар қолға алынатыны айтылған.

Сирияға қатысты санкция қолдану жөнiндегi қарар жобасын Вашингтон, Париж және Лондон алға тартты. Дегенмен, Ресей Сирияны қыспаққа алуға қарсы шығып, өзiнiң көзқарасын да есепке алуды талап еттi. Ендi Сирия ливандық беделдi саясаткердiң қазасына қатысы бар деген күдiктiлердi тауып, қамауға алуы және БҰҰ комиссиясының талаптарын орындауы шарт. Сирия мәселесiнiң Қауiпсiздiк кеңесiнде қаралуына – Ливанның бұрынғы премьер-министрi Рафик Хариридiң қазасына байланысты жүргiзiлген тексеру себеп болды. Халықаралық комиссия оның өлiмiне Ливан мен Сириядағы ресми адамдардың, тiптi арнаулы қызметтердiң де қатысы бар деген ұйғарымға келдi. Дамаск өкiлi қарардың кез-келген әдiспен, оның iшiнде әскери күшпен де орындалғаны шарт деген бапқа негiзделгенiне таңданыс бiлдiрдi. Бұл жолы араб мемлекеттерi Сирияны ашық қорғап шыққан жоқ. Дегенмен, Сирия ықпалына қарсылық көрсетпеген суннит-мұсылман Хариридi өлтiру Сирияға пайдадан гөрi үлкен зиян тигiзбес пе едi? Бұл сауалға жауап берген ешкiм болмады. Харири қазасы Ливанда наразылықты күшейтiп, ақыр аяғы елден Сирия әскерiнiң әкетiлуiмен аяқталғаны мәлiм.

АҚШ-тағы аштық пен кедейшiлiк

Америкада 38,2 млн. адам аштық жағдайында. Оның 14 миллионы балалар мен жасөспiрiмдер екен. Мұндай жан түршiгерлiк деректi АҚШ-тың ауылшаруашылық министрлiгi келтiрдi. Тамаққа тарығушылық, аштық американдықтар үшiн таң қаларлық құбылыс емес. Әсiресе бұл тақсiрет зейнеткерлер мен кейбiр көп балалы отбасылары үшiн үйреншiктi жағдайға айналған. Соңғы он жылда аштық азабында өмiр сүрген американдықтар қатары 3 есеге көбейген.

Америкада аштықпен қатар кедейлер саны да күннен-күнге көбейiп келедi. Бүгiнде халықтың 32,9 миллионы, яғни 12 пайызы кедейлер санатында. Бұл американдық бюроның келтiрген статистикалық мәлiметi.

Қалыптасқан қиыншылық, әсiресе, Калифорния, Техас, Арканзас, Миссисипи, Оңтүстiк және Солтүстiк Каролина, Нью-Мексика, Оклахома штаттарында дендеп тұр. Дәулетсiз отбасылар бұл жерлерде өте көп. Аштық қыстағында өмiр сүрiп жатқандар да аз емес.

2004 жылдың желтоқсанында «Америка қала басшыларының конференциясы» ұйымы сауалнама жүргiзiп, басқарма орындарына көмек сұрап келетiн жандардың 56 пайызы балалы отбасылар екенiн анықтады. Алайда, сарапшылардың пiкiрiнше аштықты әлеуметтiк көмек көрсету арқылы емес, тұрақты, жоғары жалақылы жұмыспен қамтамасыз ету арқылы жоюға болады.

Әлемнiң алып мемлекетi санасатын алпауыт елде жағдай, мiне, осындай. Құдай әр елге Америкадай алыптық берсе де, ондағыдай аштықты, кедейшiлiктi бере көрмесiн.

«ҚЫЗ ЖIБЕККЕ» – БЕС ҒАСЫР

Алматыдағы Орталық мұражайдың ұйымдастыруымен «Қыз Жiбек» дастанына – 500 жыл» атты көрме басталды. XV -XVI ғасырда туындап, ауызша тараған дастан тек XIX ғасыр соңында ғана қағаз бетiне түсiрiлген екен. Содан берi ақын-жыраулар бiрiнен-бiрi iлiп әкетiп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткiзiптi.

Ал ХХ ғасырдың басынан берi түбегейлi зерттелiп жеке жинақ боп басылып шыққан, дастанның қазiр он алты нұсқасы бар көрiнедi. Оның өзi бiрнеше тiлдерге аударылған. Халықты бiрлiкке, жас ұрпақты адамгершiлiкке, адалдыққа тәрбиелейтiн асыл мұра әлi күнге өз құндылығын жойған жоқ. Жырды мектептерде, жоғары оқу орындарында жоспарлы оқу бағдарламасына енгiзiп, тұрақты түрде оқушылар назарына ұсынып жүр. Сондай-ақ, дәстүрлi және классикалық орындаушылардың репертуарларынан жиi кездестiруге болады. Балет, опера, кино, драмалық қойылымдар арқылы да көпшiлiкке жақсы таныс.

«Қыз Жiбек» дастанына арналған көрме үш бөлiмнен тұрады. Бiрiншiсi – дастанды зерттеу тарихнамасына арналған. Мұнда Мұхтар Әуезов, Сейiт Қасқабасов сынды ғалымдардың еңбектерiмен бiрге дастанның алғашқы көшiрмелерi қойылған. Екiншi бөлiм — «Қыз Жiбек» дастанының қолданбалы өнерде, театрда, музыкада көрiнiс табуына арналған. Ал, соңғысында қазақ қызының бейнесiн Жiбек сөзi арқылы ашу көзделген. Бұл бөлiмде дәстүрлi сәндi киiмдер, зергерлiк бұйымдар қойылған. «Қыз Жiбек» дастанын ЮНЕСКО көлемiнде тойлауға ұсыныс та жасалыпты. Көрме екi айға жалғаспақ.

ЖАЗУШЫҒА ЖАСАЛҒАН ҚҰРМЕТ

М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында белгiлi қаламгер, Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты, жазушы Қалихан Ысқақтың 70 жасқа толу мерейтойы аталып өттi.

Әуелгi сөздi алған Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин Елбасының құттықтау хатын оқыды. «…Сiздiң қарымды қаламыңыздан қазақ көкжиегiн кеңейтiп, мәртебесiн өсiрген көптеген шығармалар дүниеге келдi. Романдарыңыз бен хикаяттарыңызда Алтай жерiнiң қайталанбас сұлу табиғаты, адамдардың тыныс-тiршiлiгi мен сан-қырлы мiнез-құлқы келiстi кестеленедi» делiнген құттықтауда.

Алматы қаласының әкiмшiлiгiнен келген өкiл қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетовтiң құттықтауын жеткiзiп, жазушының иығына шапанын жауып, шығармашылық адамдарын жоғары бағалайтын Иманғали Тасмағамбетовтiң жуырда қаламгерге жаңа пәтердiң кiлтiн табыс еткендiгiн еске салды. Жерлестерiнiң сәлемiн ала келген Шығыс Қазақстан облысы әкiмшiлiгi аппаратының жетекшiсi Абылай Сабдалин де жазушыға Өскемен қаласынан берiлген 3 бөлмелi пәтер кiлтiн тапсырды.

Бүгiнде қаламгер өзiнiң үзеңгiлес ағалары мен құрдастары Сапарғали Бегалин, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсiрепов, Әбу Сәрсенбаев, Асқар Сүлейменов, Жұмекен Нәжiмеденов, Ахан Нұрмановтар туралы «Әулет» атты олардың өмiрдегi тұлғасы жайлы кiтап жазу үстiнде.

Краснодар аймағында тағамнан уланғандар саны 224 адамға жеттi

Тағамнан уланған деген диагнозбен Краснодар аймағында ауруханаға түскендердiң саны 224 адамға жеткен. Бiр алаңдатарлығы, оның 189-ы балалар көрiнедi. Тағамнан улану Сочидiң Адлер ауданының «Дельфин» пансионатында өткен «Өнер әлемi» фестивалiне келген қонақтар мен қатысушылар арасында тiркелдi. Мұндай жаппай уланудың себебiн аймақтың бақылау басқармасының мамандары 4 түрлi тағамнан байқалды деп отыр. Олар нандағы шұжық, шұжық, омлет және кондитерлiк тағамнан (торттан) сезiктенген екен. Ресейдiң Краснодар аймағына қарайтын Қауiпсiздiк сақтандыру басқармасының кезекшiсi Александр Малюктiң пiкiрiнше, уланудың басты себебi фестивальге келген қонақтардың мерекеге арналған 50 келiлiк тортты жеуiнен болған.

АҚШ вице-президентi Дик Чейнидiң көмекшiсi Льюис Либби сотқа тартылды

Ол Орталық барлау басқармасының құпия агентi Валери Плэймнiң аты баспасөзге жария болып қалғанына кiнәлi көрiнедi. Дегенмен, бұл соттың астарында басқа нәрсе жатыр. Өйткенi, Плэймнiң жұбайы, АҚШ-тың бұрынғы елшiсi Джозеф Уилсон Ирактағы соғысқа қарсы үн қатқандардың бiрi. Ол Буш әкiмшiлiгi С.Хусейн тұсындағы Ирактан төнер қауiптi барлау мәлiметтерiн бұрмалау арқылы әсiрелеп көрсеттi деп мәлiмдеген.

Ирак Африкадағы Нигер мемлекетiнен жасырын уран сатып алды деген мәлiмет жаңсақ деп айтқан осы Уилсон болатын. Мұның мәнiсi – АҚШ президентiнiң әкiмшiлiгi Иракқа қарсы АҚШ пен Ұлыбританияның соғыс бастауына себеп тауып бердi деген сөз. Либбидiң атымен қатысты дау-дамай соңғы жылдары АҚШ әкiмшiлiгi мен Орталық барлау басқармасы арасындағы шиеленiстiң жария болып отырған бiр дерегi. Сол жылы бұл орталық Саддамның қолында ядролық қару бар-жоғын анықтай алмай қойған. Ал 2002 жылы барлау мекемесi Саддам Нигерден уран сатып алуға әрекет жасамаған деп есеп берген. Ақ үйдегiлер болса бұған сенгiсi келмеген. Либбиге айып тағу АҚШ басшылығы үшiн кезеңмен тұспа-тұс келiп отыр. Соттың алғашқы мәжiлiсiнде Либби өзiнiң кiнәлi еместiгiн жариялады. Бұл дау АҚШ президентi мен оның серiктестерiнiң абыройына нұқсан келтiруi мүмкiн.

Францияда берекетсiздiк тыйылмай отыр

Франциядағы наразылық пен тәртiпсiздiк Париж маңындағы келiмсектер тұратын аудандарда байқалса, ендi ол елдiң Ницца, Марсель, Лилль, Тулуза, Бордо қалаларына және басқа да кiшiгiрiм елдi мекендерге тарап отыр. Бұзақылар соңғы екi күннiң iшiнде 900-ден астам автокөлiктi өртеп жiберген. Ал талқандалып, тоналған дүкендер мен шағын кәсiпорындар да көп. Мектептерге, басқа да көптеген қоғамдық орындарға зақым келдi. Бiр жақсысы полициямен қақтығыс кезiнде адам қазасы болған жоқ. Франция билiк орындары бүлiктi басу үшiн полицияның 1300-ден астам қызметкерiн Париж маңындағы 9 ауданға жiберген. Бұған қарамастан басқа аудандарда берекетсiздiк бой көтеруде. Қалыптасып отырған жағдайға орай, премьер-министр Доминик де Вильпен 8 министр мен лауазымды мұсылмандарды кеңсесiне шақыртып, тығырықтан шығар жол iздедi. Нәсiлшiлдiк кемсiту мен полицияның қарым-қатынасы , жұмыссыздық пен жұпыны баспана Солтүстiк Африка мұсылмандары мен қара нәсiлдердiң бас көтеруiне әкеп соққан.

Индиана штатында күштi дауыл 11 адамның өмiрiн жалмады

Американың Индиана штатында қатты дауылдың салдарынан 11 адам қаза тапса, ондаған адам ауыр жарақат алды. Жергiлiктi басқару мекемелерiнiң мәлiметiнше, Ивансвилл қалашығындағы аялдамада жетi адам, ал Ньюбургте ауа-райының қолайсыздығы салдарынан 4-еуi құрбан болды. Бұл дауыл түнгi сағат 2-де Индиананың оңтүстiк аймағы мен Кентуккидiң көптеген аудандарына дейiн жеткен. Бұған дейiн 10 минут бұрын елдi мекендерде дауыл келе жатқандығы туралы дабыл қағылды. Ньюбургтiң өрттен қорғау мекемесiнiң орынбасары Чад Беннеттiң айтуынша, адамдар тыныш ұйқыда жатқандықтан көбiсi естiмей қалыпты. Көптеген үйлер қирап, елге айтарлықтай шығын әкелдi. Сол секiлдi Беннетт әлi де құрбан болғандардың саны көбеюi мүмкiн дегендi айтып отыр. Өйткенi, құтқарушылар тобы құлаған үйiндiлердi тексеру үстiнде.

Франция медалiмен марапатталды

Өз заманында Наполеон Банопарт француз өнеркәсiптi қолдау ассоциациясының негiзiн қалаған екен. Бұл қауымдастықтың алға қойған мақсаты – өз ұжымында жаңашылдық пен iзденiмпаздық қадамдарымен көзге түскендерге көмек қолын созып, марапаттау. Президент Жак Ширактың қозғау салуымен ассоциация 2001 жылы өзiнiң 200 жылдығын атап өттi. Халықаралық беделдi ұйым жыл сайын таңдаулыларды төрт медальмен наградтайды.

Жақында Франция ассоциациясы Көкшетау университетiн «Алтын медаль», ал осы оқу орнының басшысы, профессор Жанат Қасымды «Өнеркәсiп Шапталi» медалiмен марапаттауды ұйғарыпты. Мұндай медальдiң дәл оқу орнына берiлгенi тектен-тек емес сияқты. Себебi мұнда танымдық телестудия, баспахана, тiптi мультипликациялық студия жұмыс iстейдi. Жақында бiлiм ордасы арақашықтықта оқыту жүйесiн енгiзiптi.

Жанар май бағасы түстi

Қазақстан байлықтың қай түрiне де кенде емес. Соның iшiнде мұнайға белшемiзден батып жатсақ та, күнi бүгiнге дейiн бiреулерге тәуелдi болып келемiз. АҚШ-та орын алған түрлi дауылдардың салдары да көп мемлекеттердiң iшкi нарығына айтарлықтай әсер етiп, жанар май бағасының шарықтауына себеп болды. Қазан айында ел iшiн дүрлiктiрген жанар майдың күрт өсiп кетуi Үкiметтi шұғыл шара қабылдауға түрткi еттi.

Жанар-жағармай өнiмдерi нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшiн Үкiмет елiмiздiң мұнай өнiмдерi нарығындағы келеңсiздiктер фактiсiн табу және оны тыю жөнiнде әңгiме қозғады. Арнайы тексерудiң нәтижесiнде мұнай өндiрушiлер өнiмдердi оны өңдеушi зауыттарға белгiленген мөлшерден өте аз көлемде түсетiнi анықталды. Осы тұста сарапшылар пiкiрiне сүйенсек, бағаның артуының негiзгi себебi iшкi нарықта мұнай өнiмдерiнiң тапшылығынан болған. Осыны пайдалана отырып, делдалдар бағаны негiзсiз өсiрiп жiберген. Әсiресе, жиын-терiм кезiнде сыртқа сатуға тыйым салынғанына қарамастан, кеден қызметкерлерi дәл осы кезде тонналап өткiзген. Ал кейбiр өңiрде бағаның өсуi ендiгi бiр қаланың мұнай бағасының өсуiне әсер еттi. Ендi барлық зауыттардың акцияларының 50 пайыздан астамы мемлекетте болады. Премьер-министр Даниал Ахметовтың айтуынша, Шымкент пен Павлодар қалаларындағы мұнай өңдеу зауытындағы мемлекеттiң үлесi артуы қажет. Бұл жанар майдың көтерме және бөлшек саудада бағаның күрт өсiп кетпеуiне кепiл бола алады. Сондай-ақ, ол бұл Үкiметте жанар май өнiмдерi нарығындағы жағдайда тұрақтандыру мәселесi жөнiнде өткен отырыста Маңғыстау, Шығыс Қазақстан және Оңтүстiк Қазақстан облыстарында мұнай өнiмдерi бағасын тұрақтандыруды қамтамасыз ету үшiн өзара түсiнiстiк және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Энергетика және минералды ресурстар министрi В.Школьник өткен жұма күнi үш мұнай өңдеу зауыты басшылары мен оны көтерме сатумен айналысатын компаниялардың жетекшiлерiмен кездесiп, оларды ортақ баға белгiлеуге шақырып, мұнайды экспорттауға тыйым салды. Қазiр жанар май бағасы тамыз, қыркүйек айларындағы көрсеткiшке жетiп отыр. «Гелиос» жанар май бекеттерiнде «Аи-80»бензинi 51 теңге болса, ең жоғары «Аи-96» маркасы 69 теңгеге қайта түстi. Ал, «ҚазМұнайГаз»ұлттық компаниясының президентi Ұзақбай Қарабалиннiң айтуынша, «ҚазМұнайГаз» бекеттерiнде «Аи-80» 47 теңге, «Аи–92» 59 теңге, дизель отыны 48 теңге болмақ. Аталмыш шарадан кейiн Республикада жанар май құнының бiршама түскенiн көлiк жүргiзушiлерi де қуана құптады.

Дайындаған Гүлзина БЕКТАСОВА, Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ