Дүбiрмен басталды, күбiрмен аяқталды

Дүбiрмен басталды, күбiрмен аяқталды

Дүбiрмен басталды, күбiрмен аяқталды
ашық дереккөзі
341

Құдай Оңтүстiкке қасиет­тi аямай-ақ төгiптi. Түркi жұртының қарашаңырағы — Түркiстан, Үш жүздiң басын қосқан — Ордабасы, адамзат­тың алтын бесiгi — Қазығұрт.

«Болашағы зор ел тари­хын таспен жазады» деген. Сонау ықылым заманнан бү­гiнге жеткен, тiптi, адам бала­сы жаралғалы берi бiрге жа­са­сып келе жатқан бiр аңыз бар. Қазығұрт тауы жайлы әң­гiме бола қалса, ол аңыз өзi­нен-өзi тiлiңiздiң ұшына үйiрiле кетедi.Қазығұрттың басында кеме қалған,Ол әулие болмаса неге қалған…

Сан ғасырдан берi ауыз­дан-ауызға өтiп, халықтың санасында берiк қалыптасып қалған осынау анызды тұң­ғыш рет ХIХ ғасырда белгiлi ғалым Әубәкiр Диваев тасқа басыпты. Одан бертiнде Мағ­жан Жұмабаев жырына қос­қан.

Қазығұрт — Абылай хан Сабалақ атанып, баурайында Төлебидiң түйесiн баққан, Тәуке хан, Қаз дауысты Қа­зыбек би, Әйтеке би, басқа да қазақтың талай жайсаңдары кәусар ауасын жұтып, дәмiн татып, талай аялдаған шежiре тау. «Адам ата шоқысы», «Пай­ғамбар тоқтаған», «Пай­ғам­бардың саусағы», «Пай­ғам­бар атаның су iшкен же­рi», «Ғайып Ерен, Қырық Шiл­тен» сияқты аңыз жете­гiн­дегi орындар сол тарихтың куәсi.Естерiңiзде болса, жыл басында Оңтүстiкте бiр игi­лiктi iс қолға алынған бола­тын. Қазығұрт тауын туристiк кешенге айналдыру үшiн облыстық бюджеттен 24 мил­лион теңге бөлiндi. Оның 3 миллионына аңыздағы Нұх пайғамбар кемесiнiң макетi орнатылатын болды. Сөйтiп, бұл iс ерекше қарқынмен бас­талып кеткен-дi. Десек те, «байдың асын байғұс қыз­ға­нып», орыс тiлдi баспасөз құ­ралдары бұл игiлiктi iстiң ады­мын аштырмауға тырыс­ты. Олар Нұх пайғамбардың кемесi Қазығұртта емес Қап тауында қалғанын және тағы да басқа деректердi келтiру­мен әуре болды. Бұған көп­теген зиялы қауым өкiлдерi баспасөз бетiнде қарсы пiкiр­лер жазды. Облыстағы «Киелi Қазығұрт» қоғамдық қоры (пре­зидентi Байдулла Қо­ныс­бек) бұл жөнiнде арнайы баспасөз мәслихатын ұйым­дас­тырды. Қысқасы, зиялы қауым Қазығұртты қорғап-ақ бақты.

Мәселенiң мәнiсiн ендi түсiнiп жүрмiз ғой… Оқыған, тоқыған, зиялы қауымымыз кеудесiн тiк ұстап, Қазы­ғұр­тымен мақтанып жүрсе, об­лыс шенеунiктерiнiң осынау пiкiр қақтығысынан кейiн мысы басылып, жүндерi жы­ғы­лып қалған бiлем. Соңғы кездерi Қазығұрт тауы тура­лы, ондағы Нұх пайғам­бар­дың кемесi жайлы әңгiмелер бәсеңсiп қалған-ды. Не iсте­лiнiп жатыр, қаржысы жеткi­лiктi ме, баспасөз бетiнде жа­зылмады да, тiптi, билiк­тегi­лер де әңгiме етпейтiн болды. Дегенмен де «Қазығұрттың әлi-ақ әлемнiң түкпiр-түкпi­рi­нен қатынайтын киелi орын­ға айналады» деген тәттi арман елдiң қиялынан кетпей қалғаны анық. Сөйт­сек, Қа­зығұрт туралы әңгiме­нiң қап­тың аузын буғандай тиылып қалуының түбiнде жы­мысқы саясат жатқан сияқты.

Мына қызықты қараңыз… Бүкiл ел құлағын түрiп «Нұх пайғамбар» кемесiнiң монументi қашан ашылады?» деп елеңдеп жүргенде, бұл кешен әлдеқашан ашылып та қойыпты. Иә, иә облыс әкiмi Болат Жылқышиев бiрқатар ақсақалдардың басын қосып, 20 мамыр күнi еш дабырасыз кешеннiң лентасын қиған. Есiк-терезенi қымтап, жарық­ты сөндiрiп, ел-жұрттан ты­ғы­лып тамақ iшкендей әсер қал­дырған облыс басшы­сы­ның бұл тiрлiгi көңiлге түрлi кү­дiк ұялататыны рас. Алға­шында «кешеннiң құрылысы әлi бiтпеген шығар, Б.Жыл­қышиев «тойдың болғанынан боладысы қызық» деп мүмкiн тойды алдын ала бастап жi­бердi ме?» деген дәме-ой кел­дi. Жоқ. Облыстық көркейту және аумақтарда құрылыс салу басқармасы бастығының орынбасары Ахметжан Сәб­деновке хабарласқанымызда: «Кешеннiң құрылысы толық аяқталған, оған облыстық бюджеттен 29 миллион теңге бөлiндi» деген жауап алдық. «Қашан ашылады екен?» деп бiлмегенсiп әдейi қойылған сұрағымызға ол: «Қызықсыз ба, оны облыс әкiмi лента­сын қиып, ашып қойған» деп жауап бердi. Бұдан кейiн ОҚО ақпарат басқармасының бастығы, белгiлi қаламгер Мархабат Байғұтқа телефон шалдық. «Бiрiншi мәрте естiп отырмын» деп таң қалды Махаң. Ендi «бiр бiлсе осылар бiледi-ақ» деген Қазығұрттың ұланы, Президент сыйлы­ғы­ның иегерi, жас ақын Бақыт­жан Алдияр да, тiптi «Киелi Қа­зығұрт» қоғамдық қоры­ның басшылығы да бұл ту­ра­лы жарытып ештеңе бiлмей­тiн­дiктерiн айтты.

Сонда қалай? «Адамзат­тың алтын бесiгi — Қазығұрт­ты дүниежүзiне қалай таны­та­мыз?» деп қаншама жыл­дардан берi тыраштанып, жар салып келемiз, ал, сол тiр­лiк­тiң басты жемiсi iспеттес бол­ған киелi таудың баурайында кешеннiң ашылғанынан алыс­тағылар түгiлi етектегi ел бей­хабар. Тiптi, облыс әкiмi­нiң үйiрiп қойып, лента қию салтанатына жолатпай қою­ын қалай түсiнемiз?Негiзi облыс басшысы бұл күнi Қазығұртқа селолық тұтыну кооперативтерiнiң жұ­мысымен танысуға келген екен. Аудан әкiмшiлiгi бас-аяғы оннан астам обьектiнi көрсеткен. Соның бiрi болып «Нұх пайғамбар» кемесi мо­ну­ментiнiң ашылу рәсiмi жүр. Апырай, бағымызға бiт­кен Қазығұрттың қосақтың iшiнде көптiң бiрi болып ке­тетiндей жөнi жоқ екенiн ау­дан әкiмi Әбдiмүтәлiп Көбе­евтiң түсiнбегенi ме? Киелi ауданды бiрнеше жыл басқа­рып, дәм-тұзын татқан, қазiр облыс әкiмiнiң идеология жө­нiндегi орынбасары қызметiн атқаратын Әли Бектаевтың да бұл iске салғырт, немқұрайлы қарағаны таң қалдырады? «Қа­зығұрт Алланың мейiрiмi түсiп, шапағатын шашқан тау екен. Нұх пайғамбардың ке­месi қалып, бар қасиет бой­ың­нан табылғандай тау екен­сiң… Жемiсi көп, жерi көп, жер төресi мұнда екен, жiгiт көп, ерi көп, ел төресi мұнда екен» деп Асан қайғы баба­мыз сүйсiнген тау емес пе бұл? Ата бабаларымыздың ұзақ сапарға шығар алдында, бiр үлкен iстi қолға аларда тәу етiп, бас иетiн киелi тау емес пе едi, бұл Қазығұрт ? Ақ түйенiң қарны осы кешен­нiң тұсауы кесiлген күнi неге жарылмайды? Әншейiнде iшiнде адам айнала алмайтын шағын медпункттiң лента­сын әспеттеп, жалау­латып қиятын Оңтүстiктiң «озық дәстүрi» Қазығұртқа келгенде неге адыра қалды екен?Көкейде сұрақ көп, күдiк бiреу-ақ. Құдай бiледi, облыс басшылығы сыпсың сөзден сескендi. «Дабыра етсек, тағы орыстiлдi басылымдар өре түрегелер» деген жымысқы ой олардың зәре-құтын алған­дай. «Өз қолымен өзiн буын­ды­рыпты» деген осы шығар, сi­рә… Сонда сонау ықылым заманнан бүгiнге жеткен киелi Қазығұрт жайлы аңыз-әңгiме­нiң облыс шенеу­нiк­терi үшiн түкке тұрғысыз ет­кенiмiз, бұл елдiгiмiзге сын емес пе?

Қазығұртты бүйтiп қор­лағанша, пайғамбардың кемесi Қап тауында қала салғаны жақсы едi ғой.

Дидахмет Әшiмханұлы

Серіктес жаңалықтары