Мемлекеттік тіл: Ешбір балама болмауы тиіс

Кейбір байырғы халқының саны салыстырмалы түрде аз болып саналатын мемлекеттердің озық тәжірибесіне еріксіз тәнті боласың. Әсіресе, Балтық жағалауында орналасқан Латвия, Эстония елдері туған ана тілін сақтап қалуға келгенде ештеңеден тартынып қалған емес. Осыдан біраз жыл бұрын екі мемлекет те Кеңестер Одағының сарқыншақтарынан құтылуға асығып, нақты әрекеттерге кіріскен еді.  Ол ол ма, латыш тілінде сөйлемеген мемлекеттік қызметкерлерге айыппұл салғаны да жадымызда.

Латвияның экс-президенті Валдис Затлерс тіл заңына селқос қараған азаматтарға 400-ден 1000 долларға дейін айыппұл салатын әкімшілік кодекске өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасына қол қойғанда-ақ, елде тіл мәселесінің өткір болып тұрғанына әлемнің көзі жеткен. Латвия, Литва сынды Балтық жағалауы елдері тіл туралы заңды 1989 жылы қабылдаса да, 1995 жылы оған түзетулер енгізіп, 2014 жылы тағы да қарады. Осылайша үш рет заң қабылдады, өйткені елдегі тілдік ахуал алмасты, кезінде саяси амалмен қабылданған түйткілдер жаңартуды қажет етті. Яғни, олар заңды 4-5 жыл сайын өзгертуге мәжбүр болды.

Латвия билігіне 2015 жылы жаңа президент Раймондс Вейонис келгенде жергілікті халық шешімін тауып келе жатқан тіл мәселесі тығырыққа тіреледі деп ойлаған. Себебі президент Раймонд Вейонистің орыс ұлтына жаттығы жоқ. Қазақша айтқанда, түп нағашылары әйгілі халықтан шыққан адамдар. Анасы – орыс, әкесі – латыш. Президенттік билік тізгінін қолға алған тұста-ақ саясаттанушылар оның ресми Мәскеуге қарсы қатаң саясат ұстанбайтынын жарыса айтқан болатын. Алайда Латвия сеймі «Мемлекеттік тіл» (латыш) туралы» заңды бұзғандар үшін айыппұлды 10 мың еуроға дейін көбейту жөнінде заң жобасын мақұлдағаны есте.

Жақында Латвия мемлекеттік тілді дамыту мақсатында бұдан да батыл қадамға барды. Біраз уақыттан бері Латвия сеймінде талқыға салынып жатқан «Білім туралы» заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген еді. Оған 58 депутат дауыс берсе, 18-і қарсы болған. Латвия үкіметі мақұлдаған заң жобасы бойынша білім ошақтары біртіндеп латыш тілінде білім беруге көшеді. Жаңа ережеге сәйкес, үш жыл ішінде бастауыш сыныптарда оқытылатын пәндердің 50 пайызы, ал 7,8-сыныпта 80 пайыз, сондай-ақ, 10-12-сыныптарда білім беру тек қана мемлекеттік тілде жүзеге аспақ. Білім саласы өкілдері жастардың болашақта оқу орындарында мамандық алып, табысты жұмыс табуы үшін латыш тілін жоғары деңгейде білгені дұрыс дегенді алға тартты. Білім мазмұны мемлекеттік орталығының орынбасары Гунтарс Цатлакстың пікірінше, білім жүйесін латыш және орыс деп бөлу мемлекеттің келешегіне де, қоғамға да пайда әкелмейді. «Бізде бір ғана мемлекеттік тіл бар және оған балама тіл болмауы керек», – деп қадап айтты шенеунік.

Бүгінде Латвияның халқы 2 миллион болса, оның 34 пайызы – орыстілділер. Соған қарамастан 2011 жылдың өзінде-ақ оқу жүйесі сатылап латыш тіліне көшкен еді. Республикадағы барлық іс қағаздарын мемлекеттік тіл – латыш тілінде жүргізу міндеттелді. Адамдардың аты-жөнінен бастап, сырттан енген сөздерге дейін латыш транскрипциясына сай жазылатын болды. Ал тіл саясатының жүзеге асуын қадағалап отыру әділет министрлігіне тапсырылды. Негізі Латвияда оқу саласындағы түбегейлі өзгерістер 2014 жылдан басталды. Сол кезде билік орыс тілінде оқытудың пайыздық үлесін 40 пайыздан асырмауға тапсырма берді. Ал елдегі барлық мектептің мемлекеттік тілге көшу процесі 2021-2022 оқу жылына жоспарланған. Бұдан былай екі тілде, яғни латыш және орыс тілінде білім беру балабақша мен бастауыш сыныптарда ғана жүзеге аспақ.

Небір сыни пікірлерге, мұғалімдер мен еңбек мигранттарының жетіспеушілігіне қарамастан, Латвия жаңа қоғам қалыптастыруға мүдделі. Тіпті, басқа мемлекеттер үлгі алатын тұсы көп. Бір ғажабы, кейбір украиналық саясаткерлер: «Украина Латвиядан көп нәрсе үйренуге болады. Соның бірі – мемлекеттік тілде сөйлемегендерге айыппұл салу. Неге біз де шенеуніктерге қомақты айыппұл салмасқа?», – деп ойлана бастаған көрінеді.

Осылайша, Латвия мемлекеті тілдік норманы сақтауға мықтап кірісіп кетті. Қазір «Тілдің досы» атты мобильдік аппликация да қызу жұмысқа кіріскен. Яғни, кез келген адам орыс тілінде сөйлеген шенеуніктің үстінен шағым түсіре алады. «Бізге келіп түскен шағым бойынша сол шенеунікті зерттейміз. Шын мәнінде, ол мемлекеттік тілді тиісті дәрежеде қолдана ма? Егер жағдай керісінше болса, 270 еуро көлемінде айыппұл саламыз. Бір айта кетерлігі, айыппұл салынған шенеунікке тілді меңгеруге төрт ай уақыт беріледі. Ал осы уақыт ішінде ешбір нәтижелі көрсеткішке қол жеткізбесе, сотқа жүгінеміз», – деп мәлімдеді Латвия мемлекеттік тіл орталығының өкілі Виестурс Разумовкис.

Шағын Эстонияның да бұл бағыттағы қадамы үлгі тұтарлық. Халқының 30 пайыздан астамы орыс ұлтының өкілдері болып табылатын бұл елдің қоғамдық өмірінің барлық салаларында эстон тілі үстемдік етеді. Тіпті, 5-ақ пайыз жергілікті тұрғындар тұратын Нарва қаласында да мемлекеттік тіл туралы заңға сүйене отырып, іс қағаздары, оқу орындары түгелдей эстон тіліне көшірілген. Халқының саны 1,5 миллионға жуық Эстонияның тәуелсіздік туын көтеріп, жеке мемлекет болып отыруының құпиясы, оған қол жеткізген негізгі қозғаушы күш – азат өмір сүруге деген ұмтылыс. Ал ұлтты сақтаудың жалғыз жолы – ана тілін сақтау.

  Бүйректен сирақ шығарғандар

Латвия сеймі мақұлдаған құжатқа президент әлі қол қойған жоқ. Соған қарамастан, қазірдің өзінде білім беру саласында орыс тілінің қолданыс аясын тарылтуға қатысты заң жобасына қарсылық танытқан топтар пайда болды. Мәселен, Латвия сеймінің оппозициялық фракциясындағы «Согласие» социал-демократиялық партиясы қол жинап, ел президенті Раймондс Вейонисті аталмыш заңға қол қоймауға шақырды. Олардың пікірінше, білім мекемелері жаппай мемлекеттік тілге көшсе, басқа ұлттардың құқығы шектелуі мүмкін.

Фракция өкілі Екатерина Ильинская: «Сеймде қабылданған бұл құжат Латвия конституциясына қарсы және республикада 2015 жылы ратификацияланған Еуропа кеңесінің аз ұлттарды қорғау жөніндегі конвенциясына да томпақ келеді. Әңгіме мемлекеттегі білім беру мекемелеріндегі орыс тілін біржола жою туралы болып тұр. Халқының 30 пайызы – орыстар, тіпті, тұтас орыс ұлты өкілдері тұратын аймақтар жетерлік. Сонда конвенцияның орыс ұлты өкілдерінің құқығын қорғағаны осы ма?», – деді өктем үнмен. Партия жақтастары да депутаттың бұл сөзін құптап әуре. «Заң жобасына енгізілген өзгерістер білім саласының мазмұнына қатысты емес. Тіпті, білім және ғылым министрі Карлис Шадурксистің өзі көптің алдында елдегі аз ұлттардың құқығы шектелмейді деген еді. Ол ол ма, министр мырза Ресей Қырымды Украинаға қайтармайынша, Ресеймен арада аз ұлттарды қорғау жөнінде келісім болмайды деп мәлімдеді. Сондықтан заңға енгізілген өзгерістердің саяси әдіс екенін дәлелдеп отыр», – деді мемлекеттік тілге қарсы тоңмойын топ.

Ал мыңдаған адам қолдарына «Орыс мектептерінен қолыңды тарт!» деген үнпарақтар ұстап, Рига көшелеріне шықты. Олар Рига қаласының мэрі Нил Ушаковқа арқа сүйеді. Еске сала кетсек, 2016 жылы Мемлекеттік тіл орталығы «Мемлекеттік тіл туралы» заңды бұзған 493 істі қараған. Ең көп кездесетін заңбұзушылық мемлекеттік тілдің өз деңгейінде қолданбайтындығымен байланысты. Сол жауапкершілікке тартылғандардың ішінде Рига қаласының мэрі Нил Ушаков та болған. Оған орыстілді оқушылармен латыш тілінде емес, орыс тілінде пікір алмасқаны үшін 50 еуро айыппұл салынды. Бұған дейін, яғни 2016 жылы Мемлекеттік тіл орталығы Ушаковқа әлеуметтік желіде орысша пікір алмасқаны үшін 140 еуро айыппұл салған. Айтқандай-ақ, Рига қаласының мэрі осы жолы тағы да орыс тіліне жанашырлығын танытқандай болды. Ол Латвия үкіметінің бүкіл мектептерді латыш тіліне көшіру әрекетін үлкен қателікке балады.

 

Латын әліпбиіне көшу –

қазақ тілінің болашағы

 

Елбасы Н.Назарбаев өзінің халыққа арнаған жолдаулары мен үндеулерінде латын қарпіне көшу мәселесін ұмыт қалдырған емес. Түптің түбінде латын әліпбиіне көшу керектігін алға тартқан ол тіл ғалымдарына жоба ұсынуға тапсырма берді. Ал 20 ақпанда жаңа әліпби жобасын мақұлдаған билік оң шешім қабылдағанын айтты. Алайда Қазақстанның латын әліпбиіне көшу қадамына алакөздік танытқандар да аз болмады. Әсіресе, кейбір ресейлік саясаттанушылар «орыс тілінен бас тарту қымбатқа түседі» деп кері пікір айтып жатты. Мәселен, ТМД мемлекеттері институты директорының орынбасары Владимир Евсеев: «Латын әліпбиіне көшу 2025 жылға есептеліпті. Педагогтарды кәсіби тұрғыда дайындауға 2 млрд АҚШ доллары қажет. Кезінде Кеңестер Одағының құрамында болған Түркіменстан, Өзбекстан, Әзірбайжан да латын әліпбиіне көшті. Сол әрекеті арқылы Мәскеуден біржола тәуелсіздік алдық деп білді. Қазіргі ресми Астананың да шешімін соған балап жатқандар көп. Меніңше, латын қарпіне ауысуға ешқандай қажеттілік байқамадым. Бір білетінім, Қазақстан президентінің латын әліпбиіне көшу – орыстілді тұрғындардың құқығын шектемейді» дегенін ұмытқам жоқ», – дейді.

Ресейлік сарапшылардың Қазақстанның латын қарпіне көшуге қатысты білдірген пікірлеріне баға берген саясаттанушы Бақытжан Бұқарбай Ресейде бізді әлі күнге дейін бодан ел ретінде қабылдау басым екенін айтады. «Себебі басқа жағдайда мұндай риторика болмайды. Яғни, Ресейдің кейбір сарапшылары тарапынан тәуелсіздігімізді сыйламау секілді көзқарас бар. Ал өзіміздегі кереағар ойлайтындарға келсек, парадокс. Кириллицада таңбаланып жүргенде қазақ тілін меңгермегендер енді неге қазақ тілінің латын қарпіне көшуіне алаңдаулы? Латын қарпіне көшеміз дегенде неге мазасы қашады? Қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілін дамытып жүргендер үшін бұл үлкен басымдық. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтудің, негізгі екі факторы бар: біріншісі – демографиялық фактор, екіншісі, ол – саяси шешім», – дейді саясаттанушы.

 P.S. Латыш тілінің ендігі тағдыры – президенттің қолында. Латвияның орыстілді қоғамы қанша жерден шыр-пыр болса да, елдің орынды шешіміне қарсы шыға алмайды. Мысалы, Латвиядағы орыс тілі мен оның мәртебесіне байланысты жағдай шындап келгенде, сол елдің ішкі мәселесі болып табылады. Алайда Ресей билігі мұндай жағдайларда тек біржақты көзқарас ұстанатыны бесенеден белгілі. Бұл жолы да сол әдетімен: «Латвиядағы ұлттық азшылыққа ұшыраған орыстардың үні естілуі, есепке алынуы керек. Қажет болса, бұл халықаралық адам құқықтары туралы құжаттарда да айтылған» деп кіжінді. Десе де, латыштардың әрекеті Қазақстандағы ұлттық ұйымдардың жұмысына жігер, түпкі мақсатқа жету үшін табандылық керек екенін көрсетеді. 

Back to top button