Сәбиін тіл-көзден сақтауға тиіс

 

Өзбекстанда сәбилерді перзентханадан сән-салтанатпен шығаруға тыйым салынды. Өйткені елдің Денсаулық сақтау министрлігі нәрестенің жарық дүниеге келуін даңғазамен атап өту баланың да, оның анасының да денсаулығына кері әсерін тигізеді деп есептейді. Бала дүниеге келген кезде орын алатын жөн-жосықсыз жоралғылардың алдын алу үшін ведомство арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеген.

«Баланың жарық дүниеге келуі – әрбір отбасы үшін үлкен бақыт. Бұл оқиғаны отбасылар әрқалай атап өтіп жатады. Олардың кейбірі перзентхана үйінің алдынан да басталады. Әрине, сәбидің дүниеге келуі және оның үйіне шығуын атап өту ерекше оқиға екендігі сөзсіз. Алайда мұны сән-салтанатқа айналдырып, қоршаған ортаның назарын аудартып, олардың тыныштығын бұзып жатса не болмақ? Ең жаманы бұл шаралар ана мен жаңа туған сәбидің денсаулығына теріс әсерін тигізіп жатса не болмақ?», – деп атап өтілген Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта. Осыған орай аталмыш министрлік бала дүниеге келген кезде асыра сән-салтанатымен ерекшеленетін  дәстүрлер мен жоралғылардың алдын алу мақсатында арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеген.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, үйлену тойын немесе басқа да шараларды өткізу – бұл жеке бастың ғана ісі емес, ол әлеуметке және барлық қоғамға да қатысты. Мұндай шаралар отбасылық саналғанымен, бүкіл қоғамға, адамдардың өміріне де әсерін тигізеді. Ақпан айында сәйкесінше министрліктермен, ведомстволармен және ұйымдармен ынтымақтастықта бала дүниеге келуіне орай сән-салтанаты келіскен шаралардың алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Медицина қызметкерлері жаңа әдістер негізінде азаматтармен сұхбаттасып, ағартушылық және түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады.  Түсіндіру жұмыстарының ескі әдістері  бүгінде өзін-өзі ақтамай отыр. Сондықтан да медициналық мекемелерде акушер-гинекологтармен, отбасылық дәрігерлермен, медбикелермен тығыз ынтымақтастықтамыз. Жүкті әйелдермен, енелерімен жеке сөйлесудеміз. Біз медициналық тұрғыда бала дүниеге келген кездегі  сән-салтанатты шаралар баланың да, оның анасының да денсаулығына теріс әсер ететіндігін түсіндіруге тырысамыз», –  деді Өзбекстан Денсаулық сақтау министрі Алишер Шадманов.

Жаңа туған сәбиді перзентханадан сән-салтанатпен шығару дәстүрі біздің елімізде де бар. Қазақстандықтар отбасылық шағын мерекені ұлан-асыр тойға айналдырып, думандатып өткізеді.  Алайда бұған ақ халаттылар наразылық білдірген емес. Жаңа босанған ана мен өмір есігін ашқанына бір жеті де толмаған сәбиге ерекше күтім мен тыныштық керек екенін біле тұра, отандық дәрігерлер перзентхананың маңын той-думанға айналдырып, бар назарды өздеріне аударатын қуаныш иелеріне ескерту жасамайды. Керісінше, перзентхана қызметкерлері жұмыстарын ысырып қойып, нәрестелі болған отбасының қызығын тамашалап, олардың туған-туыс, дос-жарандарымен бірге думандатып кететін кездері де аз емес. Қуанышы қойнына сыймай, дәрігерлер мен мейірбикелерге тегіс көрімдік үлестіріп, сый-сыяпат жасайтын жомарт әкелердің қолына телміретін кейбір ақ халаттылар үшін баланы перзентханадан шығару рәсімі табыс көзіне айналғалы қашан.

Балалы болған баласы айналаны түгел шулатып, әсіре думанға, бекер малшашпаққа жол бергеніне үлкендер жағы да қарсылық білдірмейді осы күні. Келіншегі мен сәбиін үйге жеткізу үшін лимузин жалдап, оның маңдайшасына «Спасибо за сына!», «Спасибо за дочку!» деп жарқыратып жазып қоятындарды көп көреміз. Тіпті, қымбат көліктерді қаз-қатар тізіп, той кортежі секілді көше-көшені дабылдата шарлап, жаңа туған сәбимен сейіл-серуен құратын жастар да көзге таңсық болудан қалып барады. Олар мұндай шерулер нәресте мен анасының денсаулығына кері әсер етуі мүмкін екенін ескермейтіні өкінішті.

Жуырда желіде тараған видео арқылы Атыраудағы перзентханалардың бірінен сәбиді шығарып алу салтанатына куә болған жұрт таңданысын жасыра алмады. Нәрестелі болған әкенің ұйымдастырған «шоуына» желі қолданушыларының бірі сүйсінсе, енді бірі сынға алды. Видеодан перзентхана есігінің алдына қызыл кілем жайылып, екі жағында бірдей киім киген биші қыздардың тізіліп тұрғанын көруге болады. Келіншегінің аман-есен босанғанына қатты қуанған әке көздің жауын алатын отшашуға да тапсырыс беріпті. Сәби мен анасын қуыршақтар кейпіне енген аниматорлар қарсы алады. Көпшілікті ерекше таңғалдырғаны – перзентхана есігінің алдына келген үлкен экскаватор көлігі. Салтанатқа арнайы шақырылған әнші көліктің шөмішіне шығып, биіктен ән шырқайды. Қыс мезгілі болғанына қарамастан, қонақтар экзотикалық жемістерге толы дастарқаннан ауыз тиіп, мәз-мейрам болуда.

Көпшіліктің қызу талқысына түскен келесі бір видео да батыс өңірінде түсіріліпті. 10 көліктен құралған кортежді салт аттылар бастайды. Ал сәби мен оның анасы мінетін басты көліктің сыртына күйеуі әйеліне көптен бергі арманы –  ұл сыйлағаны үшін алғысын жазған.

Ел алдында жүрген өнер жұлдыздары да сәбилерін перзентханадан сән-салтанатпен шығарғанды құп көреді. Телеарна тілшілерін шақырып, қуаныштарын жалпақ жұртқа жариялағысы келетіндер де аз емес. Мәселен, өткен жылы төрт ұлдан кейін қызды болған белгілі продюсер Қыдырәлі Болманов жары Қарақат Әбілдина мен сәбиін перзентханадан күймемен шығарып алғаны есте. Алтынай Жорабаева, Айнұр Тұрсынбаева, Тамара Асар бастаған өнердегі құрбылары Қарақат пен бөбектің құрметіне арнайы флешмоб ұйымдастырып, көпшіліктің назарын жаулаған еді. Жұлдызды отбасының қуанышы жайлы әлеуметтік желі арқылы естіп, оларды құттықтау үшін бөбектер үйінің алдына жүзден астам адам жиналған. Жан-жақтан қаумалаған жанкүйерлер, тілшілер қауымы сәбиі мен анасын қоршап алып, ұзақ уақыт жібермей қойғанын телеарналар тегіс көрсетті.

2015 жылы егіз ұлдың әкесі атанған белгілі әнші Тоқтар Серіков те сәбилері мен жұбайы Бейбітті перзентханадан шығарып алу үшін қос лимузин жалдаған еді. Үшінші рет әке атанып, дүниеге кестетігері келгенде «Мұзарт» тобының әншісі Сәкен Майғазиевтің де жары мен қызын перзентханадан шығаруы үлкен сән-салтанатпен өткен.  Өмірге жаңа келген сәбиін әнші бөбектер үйінің алдында әппақ лимузинмен қарсы алды. Ал «Жігіттер» тобының мүшесі Ердос Қанаевтың жұбайын перзентхананың сыртында оркестрдің нақ өзі күтіп тұрды. Ән-күй әуелеп, туған-туыс, дос-жарандары биден шашу шашып, перзентхана маңын той-думанға айналдырды. Ердос та өнердегі әріптестерінен қалмай жас баласын  лимузинге отырғызып алып кетті. Белгілі әзілкеш Олжас Сыдықбек жұбайы Арай мен жаңа туған нәрестесін «Ұлым үшін рахмет!» деп жазылған Hummer-мен шығарып алғанын да көпшілік көк жәшік арқылы көрді.

Нәрестенің дүниеге келуі – әр отбасының өміріндегі ең басты қуаныштардың бірі. Жаңа туған сәбидің перзентханадан шығып, әкесімен, туған-туыстарымен қауышуы да ұмытылмас оқиға. Десе де, отбасылық мерекені қалың көпшіліктің назарына ілігетін той-думанға ұластыру, үйде тойланатын шаттықты перзентханада, көшеде даңғазалату – қазақтың әдет-ғұрпына жат дәстүр. Айрықша қамқорлық пен күтімді қажет ететін сәби мен жаңа босанған ананы тіл-көзден, ыстық-суықтың жайсыз әсерінен қорғау үшін үлкендер жағы оларды көп көзінен таса әрі жайлы жерге жеткізуге асыққан. Аман-есен өз мекеніне жеткен соң ғана ет-жақын, жора-жолдастардың басын қосып, шілдеханасын жасаған.  Алайда жаңа заманның ағымына ілескен бүгінгі жастар үшін қуанышты у-шусыз өткізу, сәби сыйлаған келіншегін перзентханадан «құрмет-қошеметсіз» шығару көш соңында қалып қоюмен бірдей.

 

 

Back to top button