Наурыз - жанға шуақ жаздың алды

Наурыз - жанға шуақ жаздың алды

Наурыз - жанға шуақ жаздың алды
ашық дереккөзі

Наурыз – жыл басы, Ұлыстың ұлы күні. Көктем мен Жаңа жылды қарсы алу мейрамы. Қазіргі күнтізбе бойынша (наурыздың 22-сі) күн мен түннің теңесуі кезіне келеді.

2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес 21 наурыз – «Халықаралық Наурыз күні» болып аталып келеді. Бас ассамблеяның берген түсініктемесінде: «Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келеді» деп көрсетілген. Ал UNESCO 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізді.

Биыл ұзақ үзілістен соң (Кеңес Одағы кезінде Наурыз мерекесі соңғы рет 1926 жылы аталып өтті) Наурызды қайта тойлай бастағанымызға 30 жыл болып отыр. 2010 жылдан бастап Қазақстанда Наурыз мейрамы үш күн: 21-23 наурыз аралығында аталып өтеді. Жалпы, Наурыз парсы, кавказ және түрік халықтарының арасында көктем мейрамы және жаңа жылдың басталуы ретінде тойланады. Ол Иранда 21 наурызда, Орталық Азия елдерінде және Әзірбайжанда, мемлекеттік мереке ретінде Тәжікстанда және Қазақстанда – 22 наурызда, Өзбекстан мен Түркияда 21 наурыз күні аталып өтеді.

Редакция

 

***

«...Наурыздың жария етілу себебін айтар болсақ, оны былайша түсіндіруге болады. Аптаптың (күннің) екі айналуына орай, олардың бірі төмендегіше – Аптап әр үш жүз алпыс бес күн ішіндегі тәуліктің төрттен бірінде Амал айының бірінші минөтіне шығып кеткен кезінің өзінде тағы да орнына қайтып келеді және жыл сайын бұл кезең кеми береді. Жәмшид бұл күнді түсінгеннен кейін оны Наурыз деп атады да, мерекеге айналдырды. Жәмшидтен соң мұны өзге патшалар және жәми жұрт мейрам ретінде қабылдайтын болды. Жұрттың айтуына қарағанда, Ажамның бірінші патшасы Каюмарс таққа отырғаннан кейін жылдың әр айы мен күндеріне ат қоюға және адамдар біліп отырсын деп арнайы жылнама әзірлеуге жарлық берген. Осы мақсатпен ол таңғы мезетте Аптап Амал айының әуелгі (алғашқы) минөтіне енген күнді анықтап, Ажам мубадтарын (игі жақсыларын) жинады да, олардың алдына бұдан былай жыл есебін осы күннен бастауды бұйырды. Ал олар бұл бұйрықты жер-жерге әрі қарай таратып әкетті. ...Аңыздың айтуына қарағанда, Каюмарс жыл есебінің басталуы себепті бұл күнді жария еткенде, үш жүз алпыс бес күннен тұратын бұл жылды әрбірінде отыз күн бар он екі айға бөлді де, оларды Изид тағаланың өзі жаратқан он екі періштенің атымен атады. Кейін ол үш жүз алпыс бес күннің (күндіз-түнінің) ширегінен тұратын ұлы дәуірді «ұлы жыл» деп атады да, оны төрт бөлікке бөлді. Үлкен жылдың төрт бөлігі өткенде үлкен Наурыз болады. Бұл кезде дүние жаңаланады. Патшалардың бір рәсімі бар: жыл басында олар жақсылыққа бағыштап, әрі жыл есебін белгілеп алу үшін, тыныштық өмір үшін баршаға қатысты діни жиындар өткізулері лазым. Кімде-кім Наурыз мейрамдап құшуақ жүрсе, келесі Наурызға дейін тыныш, бейғам ғұмыр кешеді. Патшалар үшін бұл күнді ғалымдар белгілеп берген. ...Кейқысрау заманына Ажамның ақырғы патшасы – Яздижард ғасырына дейін Ажам патшаларының әдеті былай болған: Наурыз күні патша отбасына қатысы жоқ адам – мубади мубад патшаның алдына жүзім шарабы толы кесе, жүзік, дірхам мен патша динары бір құшақ арпа көшетін, қылыш, қорамсалы садақ, қалам-сауытпен келіп, парсы тілінде алғыс-құттықтаулар айтып, оған шүкіраналар білдіреді. Рухани дінбасы патшаны осылайша құттықтап болған соң жоғары мәртебелі сарай қызметкерлері келіп, өздерінің қызметке даяр екендіктерін мәлімдейді. ...Бұл сөздерді айтып болған соң ол шараптың дәмін алып, патшаға кесені ұзатар, екінші қолына арпа көшетін ұстатар, тақтың аяқ жағына динар мен дірхам шашар еді. Осы арқылы ол, егер жоғары мәртебелі сарай қызметшілері Наурыз күндері бірер нәрсеге назарларын салса, келесі жылға дейін шат-шадыман болсын және бұл нәрселер оларға бақыт сыйласын деген тілекті білдіретін еді. Мұның бәрі оларға құдайдың мархабаты, себебі патшаларға сыйға тартылған нәрселер дүниенің шаттығы мен салтанатына ұйытқы болмақ.

Омар ҺӘЙӘМ

(«Наурызнама». Алматы, «Жалын» баспасы, 1992 ж. Өзбекшеден аударған Исрайл Сапарбай)

––––––––––––––––––––– Түсініктер: Амал айы – күннің жылдық айналым жолындағы он екі жұлдыздың бірі. Күннің амал жұлдызына кіруі – көктемнің келгені. Жәмшид – қадым замандағы Иранның аңызға айналған патшаларының бірі. Ажам – кең мағынасында араб әлемі, тар мағынасында парсы. Каюмарс – әлемнің жаратылуы жайындағы аңыздардың айтуынша – алғашқы адам. Фирдоусидің «Шахнамасында» – бірінші падиша. Мубад – Зардоштылар тілінде жоғары мансап иесі. Изид – исламнан бұрын Ирандағы тәңірі аты. Кейқысрау – Кир, Ирандағы ахаманилер мемлекетінің негізін салушы. Яздижард – Ирандағы сасанилер әулетінің соңғы патшасы.  

***

Қазақтың қазақ болғанда, өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – наурыздама. Ол күні қожаларға оқытатұғын, наурызға арналған жалғыз кітап болады. Наурыз жайын ұқтыратұғын ол кітаптың атын «Салдама» дейді. Ол күнде тілі орамды, сөзге шешен шалдардың батасы болады. Қожа кітап оқығанда, шалдар бата қылғанда, жұрт жылап, шулап «Амин!» деп отырады. Сонан соң олардың айтқаны айтқандай келіп халық, жұрт ілгері басып, малы да өсіп, басы да өсіп берекелі болады. Мал сойып, наурыздама қылуға шамасы келмейтін кедейлер жалғыз қой сойса да, наурыз күні бір қазан көжеге салып: «Ауылға татырамыз» деп, басын сақтап қояды. Байлардың бәйбішелері ірімшік пен майдан жасап, қарын-қарын жент сақтайды. Қыстыкүні: «Бұл жентіңізді қашан бастайсыз, бізге қашан татырасыз» деушілерге: «Шырақтарым, әлі Самарқанның көк тасы жібігенде, бұл жент те өзі балқып босайды. Сонда бастаймын! Осы күнде қайыршақтай қап-қатты пышақ өте ме?», – деуші еді. Міне, мен осы жентті жасатып, дәл наурыз деген күн бастатып көрген кісімін: Айтқаны – айтқандай! Қазақта: «Тас» деген, «Тастыбай» деген кісі аттары болған. Олардың келін-кепшіктері: «Тас» деп атай алмай, «Қайыршақ» деп сөйлеп кеткен. Қазақта «Наурыз» деген де кісі аты болған. Келін-кепшіктері атай алмай: «Ұлы күн» деп, «Ұлыстың ұлы күні» деп кеткен. «Ұлыс» – Түркінің ата-бабаларынан қалған ескі тіл. Біздің қазақта: Ұлыстың ұлы күні – Наурыз. «Айт» – араб тілі: ол өзі араб мейрам қылған күн. Арабша: «Ғайеде» деген сөз. «Мәнісі не?» деп сұрасаң: «Құдайға қайтқан күн» деседі. Мұның өтірігін сонан біл: Құдайға бір-ақ күн қайтып, өзге күнде далаға лағып (ұлағып) кетпек пе екен?! «Елді, жұртты оңға бастаймын. Ілгері басуына, мал басы өсуіне тілеулес боламын!» деушілер... осы наурызды құрметтеп: «Ұлыстың ұлы күні» атандырып, той-тамаша қылдыруға тырысуы керек.

Мәшһүр Жүсіп КӨПЕЙҰЛЫ

(Шығармалары. 8-том. Алматы, «Ел-шежіре». 2008. 50-51 бет)

 

НАУРЫЗ ТІЛЕГІ

Біреуім екеу болып, мал қосылды, Қорама жүз-жүз лақ, қозы толды. Ызғарлы, қыс-зымыстан, суық кетіп, Аспаннан күн күлімдеп, шырай қонды.   Ұзамай қар да кетер, жаз да болар, Сай сала күрілдесіп, суға толар! Бөленіп жер жеміске, мың құлпырып, Шалғынға көкорайлы ауыл қонар.   Жаз исі бүгін келді, жан жайланды, Кешегі көрген бейнет артта қалды. Өмірге жаңа жолдар ашатұғын, Жаңа жыл – бүгінгі күн – жаздың алды.   – Қатын тұр, көжеңді ішіп, асыңды сал! Келейін түске дейін мен жайып мал! Жаңа жыл – шілде күні – өмір басы, Тойынсын бүгінгі күн жас балалар!   Бас қосқан: шалдар, жастар бөлек-бөлек, Қамдаған үй қожасы мейрамды елеп. Шараны шайқалдырып алып салды, Шалдардан енді бұған бата керек!   – Ақсақал, «илай-аумин» – батаңды бер, Көгерсін көкірегінде ең кіші ел! Бір малын келер жылға екеу қылып, Кәсіпке жұмылмаған қалмасын ер!   Береке күннен-күнге таса берсін, Кедейдің үстемдігі аса берсін! Құдайдың не бергені қайырлы боп, Ел өрлеп, ілгері аяқ баса берсін!  

Мәшһүр Жүсіп КӨПЕЙҰЛЫ

(Шығармалары. 20 томдық шығармалар жинағы. 4-том. Павлодар.105-106 бет)

***

Ықылым заманда қытайлар бiздiң бабаларымыз – ғұндарды «Хүн-шүн» деп атаған. Мұнда сөздiң төркiнi «хүн» де емес, «шүн» де емес – күн болып отыр. Күннен тудық демейтiн бе едi. Күн астындағы Күнiкейiмiз тағы бар. Қытайлардың жазғанына қарағанда, ғұндардың хандары – тәңiрқұтылар наурыз басталатын күнi тау басына шығып, ұясынан жаңа көтерiлген күнге қол жайып, тiлек сұрап, дұға қылады. Ол дұға қайырғанда, тәңiрқұтының арт жағын ала қолында қобызы бар абызы отырады. Тәңiрқұты дұғасын оқып болғанда, абыз 9 қоңыр күй тартады екен. Ол күй тартып болғанда, оның соңын ала отырған 365 күйшi бiр-бiрден күй тартады. Содан кейiн наурыз тойы басталатын болған. Бұндағы 9 және 365 сандарының астарында өзiндiк мән жатыр. Соған қарағанда, арғы ата-бабаларымыз наурызды аса ардақтап, аса бiр салтанат-даңқпен тойлаған ба деп ойлаймын. Осы тойды тәңiрқұтының өзi бастап тойлайтын болса, наурыздың мемлекеттiк дәрежедегi мереке болғаны ғой. Ал өзiмiз бала күнi көрген наурыз да ерекше болатын. Ондайда көпшiлiк ұлыстың ұлы күнi басталмай тұрып-ақ бiр-бiрiн құттықтай бастайтын. Сондайда айтылған тiлек-батада есеп болмайды. Бұл – өзiнше бiр ғажап дәстүр! Одан да кереметi – бiр-бiрiн ренжiткендер болса, осы күнi кешу айтысып, қауышып жатады. Сонымен қатар жыл бойында бiр-бiрiнен қарыз алғандар осы күнi берешегiн өтеуге тырысады. Қалай болған да, шамасы келгендер ескi жылдың өкпе-назын, базына-қарызын жаңа жылға қалдырмайды. Соның бәрi наурыз көже қойылған ақ дастарқан басында бiр демде ұмытылып, қалың халық мәре-сәре болады да жатады. Ал наурыз көженiң қалай жасалатыны көпшiлiкке онсыз да мәлiм. Оған салынған дәм неғұрлым көбiрек болса, келiседi. Бiрақ жетiден кем болмау керек. Наурыз мейрамында арқа-жарқа айтшылаған көпшiлiк түрлi ұлттық ойындарды тамашалап, ән шырқап, күй тартып әбден құмардан шығады. Ел тарихында жекелеген билер, байлар арнайы жұртқа жар салып, наурыз тойын өткiзетiн кездерi болған. Сондайда ат шауып, балуан белдесiп жатады. Жастар таған, қайтыпкел, қамшыгерлiк тәрiздi ұлттық ойындарға қатысатын едi. Осының өзi ұлағатты өнеге. Сондықтан наурыз – өрелi өркениеттiң үлгiсi болып табылады. Тағы бiр айта кетерлiк жай – қазақ үшiн және басқа да шығыс халықтар үшiн жыл қайыру, яғни күнтiзбе Наурыздан басталады. Милади жыл санағының ғылыми негiзi кемшiн. ХІХ ғасырда Рим папасы есептете келгенде, бұрынғы Юлиан күнтiзбесiнiң 13 күнi артық шығып, сол кемшiлiктi реттеу үшiн жаңа күнтiзбе қабылданатыны бар. Содан барып қазiргi атап өтiлiп жүрген Ғайса пайғамбардың туған күнi мен ресми жаңа жылдың арасы ажырап кеткен. Бұл – не табиғат құбылысына негiзделген, болмаса, аспан денелерi үйлесiмiне келетiн күнтiзбе емес. Осы орайда, табиғатпен жарасымдылыққа жетелеп, үйлесiмге үндейтiн Ұлыстың ұлы күнi – Наурыздың жөнi тiптен ерек.  

Жағда БАБАЛЫҚҰЛЫ

(«Жер шарының қоңыр үйегiнде орналасқан халықпыз». Сағын Серікпен сұхбатынан)

 

ҚОШ КЕЛДІҢ, НАУРЫЗ!

Жер жүзіндегі жұрттардың бәрінің де түрлі-түрлі мейрамдары болады. Мәселен, дін мейрамы, ұлт мейрамы, мемлекет мейрамы секілді. Өзгелерді былай қоя тұрып, өзіміздің сыбайласымыз – орыс жұртын алсақ, бұл туралы қазақтың мақалы да бар: «Орыста мейрам көп, қазақта айран көп». Біздің қазақ айранға бай болғанымен, мейрамға жарлы екендігі осыдан көрінеді. Жалпы мұсылман жұрттарына ортақ, жылына екі рет келетін ораза, құрбан айттарын есепке алмағанда, біздің қазақ-қырғызда жалғыз-ақ мейрам бар, ол – Наурыз. Наурыз – қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Наурызды қазақтан басқа Күншығыс жұрттарының көбі, мәселен, Үндістан, Иран, Ауған, Бұхар, Кавказ, Түркістандықтар да мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда, Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Неге десеңіз, марттың ескіше 9-нда, жаңаша 22-інде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп, жаз жетіп, шаруа кенеледі. Қыс бойы ақ кебінін жамылып, өлім төсегінде жатқан табиғаттың, жанды-жансыздың тірілуі кімнің де болса көңіліне шаттық беретіні анық болса, тіршілік жағынан қыстың өтуіне, жаздың жетуіне қазақтан артық тілектес, қазақтан артық қуанатын ел жоқ деуге сыяды. Тіршіліктің арқауы, алдымен, тамақ. Дүние жаратқаннан бері жанды-жансыздың бәрінің талас-тартысы, шынын айтқанда, тамақ үшін, күн көруі – алдындағы айдап, өсіріп жүрген малының амандық, жамандығымен байлаулы. Өнері, кәсібі, зауыты, фабрикасы бар, табиғатты қолданған мәдениетті елдер қыстың қысымын қазақтай көрмейді. Болмашы боранға, жауын-шашынға, топтанған бұлтқа, ауысқан желге, керек десе, жаңа айдың қалай туғанына шейін, қазақтың зор мағына беруі – әшейін еріккеннен тапқан ермегі емес, қыстың ауыр ия жеңіл өтуінен тіршілігі өзгеретін, жеңіл болса құт, ауыр болса жұт болатындығын байқаған тәжірибеден шыққан нәрсе. Дұрысында, қазақтың тамағы да, киімі де, үйі де, күйі де, көлігі де, отарбасы да, телеграфы да, телефоны да мал емес пе? Малсыз қазақтың күні бар ма? Сол малын аман сақтау үшін қысқы аязда, ызғырық боранда бейнет шегіп, еңбек сіңіріп, малымен бірге жатып, бірге тұрып, бірге жүріп, бірге ығып, қыс қандай қысылса, жаз сондай жазылатын, жадырайтын шаруашыл, еңбекшіл қазақ қыстың өткеніне, жаздың жеткеніне қалайша өзгелерден артық қуанбасын, жаздың басы жаңа күн – Наурызды қалайша мейрам етпесін! Соңғы жылдар қазақтың шаруасын күйзелтіп, байтақ елі ашаршылыққа ұшырап, ойын ойнап, тойын тойламақ түгіл, барар жер, басар тау таба алмай дағдарған еді. Енді шүкір, аздап заман түзеліп, шаруасы оңалуға айналғаннан кейін, оның үстіне биылғы қыс әр жерде жеңіл болып, жұрт алдырмай-шалдырмай аман-есен жазға жетіп отыр. Сондықтан бұл Наурыз ел-елде қуанышпен қарсы алынып, шаруаның бір малы екеу болып, көңілі өсіп, жасы үлкендер құшақтасып көрісіп, жаңа өспірім жас буын қуанысып-күлісіп, жанның бәрі дүниеге жаңа келгендей мәз-мейрам болса керек. Мұнан былай да, бүгінгі күнді жыл сайын осындай қуанышпен қарсы алып, ойнап-күліп өткізу үшін қазақ елі ерінбей еңбек сіңіріп, мезгілін өткізбей егін егіп, пішен шауып, күнілгері қамыңды же. Сонда ғана былтырғы, бұрнағы жылдардай қан жыламай, алдағы Наурыздарды да шын мейрам, шын шаттықпен өткізесің. Қуанышты күнің – жаңа Жылың құтты болсын, қазақ! Дүниеге көрік берген, шы­райы­ жылы жыл басы – Наурыз, қош келдің!  

Міржақып ДУЛАТОВ

«Еңбекші қазақ», 1923 ж., №75

 

НАУРЫЗ АЙЫНДАҒЫ НАХЫС КҮНДЕР

Қазак халқы аспан есебінде «Сары жұлдыз есебі» (Марс) деген есебі бар. Қазақ халқы бұл есепке ерекше көңіл бөліп келген. Тіптен, мұқият назар аударған. Мәселен, жол жүру, сапар шегу, түн қату, көшіп-қону, жұмыс бастау, саят кұру, келін түсіру, қыз ұзату, неке қидыру, ұлықтың алдына бару, өкімет жұмысын бітіру – барлық әлеуметтік тіршілікті бастауда осы аспандағы Сары жұлдыздың бағыт-бағдарына бағып іс істейді. Егер Сары жұлдыз қарсы алдында тұрса, онда үлкен жұмыска кіріспейді. Ол жұлдызды оңынан не солынан, не артын келтіріп бір-ақ қимылдайды. Біз соны білуіміз керек. Сары жұлдызға қарсы жүруден, қарсы жұмыс бастаудан сақ болғанымыз жөн. Ал бармаса болмайтын, істемесе келмейтін тіпті ерекше зәуріт болған жағдайда ол Сары жұлдызды не оңынан, не солынан келтіруі керек. Ал артта болса, онда ешқандай қауіп-қатер жоқ. Жолға шығып, жұмыс бастарда сәтті күнді дұрыс таңдаған жөн. Қазақ есебінде наурыз айы дөңгеленіп толғандағы 1, 11,21 күндері Сары жұлдыз шығыс жақтан туады. Бұл күндері шығыс жаққа жол жүруге бол- майды. Жол жүрсе, ойламаған жерден қауіп-қатерге ұшырайды, ауыр зиян тартады. Бұл күні үй маңында болып, ұсақ-түйек істермен айналысса зияны жоқ. Дөңгелек айдың 15, 20 күндері Сары жұлдыз шығыс оңтүстіктен шықса, бұл күндері сол бағытта жолаушы жүруге болмайды. Тоғыз жолдың торабында қауіп күтіп жатады деген болжам бар. Ай қараңғылығындағы 3, 23 күндері сары жұлдыз оңтүстік жақтан көрінеді. 27 күні солтүстікке өтеді. Бұл күндері де сол бағыттарға жол алуға болмайды. Бірақ осы күндер жұма күнге тура келсе, нахыс (сәтсіз) күн болмайды. Өйткені Алла тағала жұма күнді ерекше ұлық күн етіп жаратқан, азат күн деп белгілеген. Жұма күнге тура келген әр алуан сәтсіздік бақыт күнге айналады делінген. Жұма күні қайтыс болып, жамбасы жерге тиген адамнан қабір сұрағы сұралмайды делінген. Шейіттің сауабымен бірдей сауап беріледі делінген. Сондықтан бұл дүниеден өткен 124000 пайғамбарымыз түгелдей жұма күні неке қидырып, өз жұптарына қосылған екен. Жұма күні қиылған неке баянды болады деген уәж бар. Сондықтан жұма күнді әр мұсылман баласы есінен шығармағаны жөн. Қазақ наурыз айының 10-15 күндері «от амалы», 20-25 аралығында «сәуір амалы» кіреді, ауа райында өзгеріс болады деп болжайды.

НАУРЫЗДАҒЫ ҚАЗАҚЫ ЫРЫМ-ТЫЙЫМДАР

1.Қазақ наурыз күні жаңа шықкан күннің жүзіне қарап, бетін сипайды. Онысы жаңа күннен басыма бақыт дарысын дегені. 2.Қазақ наурыз күні алғаш жауған жаңбырға басын тосады. Аспаннан нұр жауады деп біледі. Осылай істесе, жылдар бойы басым ауырмайды, жолым жеңіл болады деп сенеді. 3.Қазақ наурыз күні үйіне қарлығаш ұшып кірсе, ерекше қуанады. Жыл құсы кірді, шаңырағыма құт кірді деп ырымдайды. 4.Қазақ наурыз күні тырнақ алмайды, шаш қиғызбайды. Олай етсе, бас кесіледі, жол тосылады деп ырым етеді. 5.Қазақ наурыз күні көңілді жүреді. Біреумен ренжісіп қалудан қорқады. Себебі жыл басында ренжісе, жыл соңына дейін ісім оңбайды деп ырым етеді. 6.Қазақ наурыз күнгі жауған қардың реңіне қарай ырым етеді. Ол ерекше аппақ болады. Наурыз күнгі жауған қарды күремейді, сыпырмайды. Сыпырса, құрғақшылык болады деп ырымдайды. 7.Қазақ наурыз күні баласын ұрмайды, оған зекімейді, тек қана еркелетіп жүреді. Ұрса, зекісе бала меселі қайтады. Бала меселі қайтса, бақ байланады деп ырым етеді. 8.Қазақ наурыз күні ыдыс-аяғын сылдырлатпайды, құт қазанда тұрады деп ырым етеді. Ыдыс-аяқ сылдырласа, құт үркеді. 9.Қазақ наурыз күні отқа сүйек тастап, күйдірмейді. Олай етсе, ата-баба әруағы шамырқанады. 10.Қазақ наурыз күні үйіне қыдырып келген баланы құр қол қайтармайды. Бала – бақыт, бала – бал, баламен бірге үйге бақыт кіреді, бала үйден өкплелеп шықса, бақыт баламен ілесіп кетіп қалады деп ырым етеді. 11.Қазақ наурыз күні алыс сапарға кеткен жолаушыға сыбаға сақтайды. Онысы жолаушы аман келсін, мереке дәмі – береке, осы берекелі астан ауыз тисін дегені. 12.Қазақ наурыз күні үйіне қыдырып келген күйеу жігіт пен қызға ерекше құрмет көрсетеді. Күйеу баласына шапан жауып қайтарады. Онысы қызымызға жақсы қарасын, қызымыз бақытты болсын дегені. 13.Қазақ наурыз күні мал төлдесе, оның төлін басқа біреуге сыйламайды. Себебі жыл басындағы құтымыз басқаға ауып кетпесін дегені. 14.Қазақ наурыз күнгі босанған әйелді құт деп ырымдайды. Оны Қызыр босандырды деп сенеді. Ол туылған бала елге құт болып қонады деп сенеді. Сондықтан ол баланың атын ұл болса Ұлысбек, Наурызбек, қыз болса Наурызгүл, Ұлысжан деп қояды. 15.Қазақ наурыз күні сауысқан үй төбесіне қонып шықылықтаса, жаксы ырымға балайды. Олжадан, жақсылықтан сүйінші келеді деп сенеді. 16.Қазақ наурыз күні ошағының астында от қаулап, лапылдап жанса, биыл бақ жұлдызымыз көтеріледі, байимыз деп ырымдайды. 17.Қазақ наурыз күні төріне қос шырақ жағып кояды. Онысы – отағасы мен отанасы аман болсын, ошақтағы отымыз сөнбесін деген ырым. 18.Қазақ наурыз күні кетік ыдыстарды пайдаланбайды, одан ас ішпейді. Олай етсе, өмірдегі барлық ісіміз шала болады, жұмысымыз бітпейді деп сенеді. 19.Қазақ наурыз күні үйіне дуалы ауызды адамды шақыртып, батасын алады. Барлық іс батадан басталса, баянды болады деп сенеді. 20.Қазақ наурыз күні босағасына, не төріне сарыала сапты қамшы, не садақ сынды құралдарды іледі. Сөйтсе, бұл үйге жын-жыбыр жуымайды деп сенеді.  

Болат БОПАЙҰЛЫ,

Қазақ Ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр

академиясының академигі

(«Қазақ наурызнамасы» кітабынан)