Алматы прокурорлары кауіпті сайтты жапты
Алматы прокурорлары кауіпті сайтты жапты
Ғаламторда жасөспірімдердің өміріне қауіп туғызатын сайт жабылды. Бұл туралы Алматы қалалық прокуратурасында өткен жиында белгілі болды.
«Собачий кайф» деп аталатын сайтта тіркелген 108 бейнеролик адам өміріне аса үлкен қауіп төндіруі мүмкіндігін анықтаған Алмалы аудандық прокуратурасы аталмыш интернет ресурсын жабу туралы қорытынды жасапты. Бүгінгі күні Алматы қалалық прокуратурасы азаматтардың экономикалық және әлеуметтік құқықтарының сақталуын қадағалап отыр. Сондықтан да, адам өміріне қауіпті сайттармен де күрес жүргізуде. «Роликтерде жасөспірімдер бір-бірін қылқындырып, қысқа мерзімге естен танып, аяқ-қолдары дірілдей бастайды. Олар ұйқы артериясын жаншып, естен танудан рахат алады. Олардың кейбірі өзін дер кезінде тоқтата алмай өліп кетіп жатады. Біздің жүргізген мониторинг бойынша бұған ұқсас 108 сілтемені 200 мыңға жуық адам тамашалаған. Оны көріп қызықтаушы жастардың саны артып келеді. Сөйтіп, бірнеше жеке тұлғалардың заңды құқықтары мен мүддесін қорғау мақсатында сайттың жұмысын тоқтату үшін аудан прокуратурасы сотқа арыз берген. Алмалы аудандық соты прокурордың талап-арызын толығымен қанағаттандырып, сайт бүгінде Қазақстан территориясында жұмыс жасамайды», – деді Алмалы аудандық прокуратурасының бөлім басшысы Ерлан Қасымбаев.