Осыдан кейін сөз алған ақын Ғалым Жайлыбай: «Жазушы Смағұл Елубайдан Нұрлан Оразалинді Қазақстан Жазушылар одағының құрметті төрағасы етіп сайлау туралы ұсыныс келіп түсті. Соны қолдаймын дегендер қол көтеріп, дауыс берсе...», – деп еді, біреулер қол көтеріп, біреулер қарсы екенін білдіріп, залда қозғалыс пайда болды. Сол кезде мінберге асығыс шыққан Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Төлен Әбдік: «Құрметті төраға дегеннің статусы төрағадан жоғары болады. Ол одақтың қаржы-қаражат жағын уысында ұстайды, одақ төрағасының шешімдерін жоққа шығарады. Сондықтан оның қажеті жоқ», – деді. Т.Әбдіктің ізінше сөйлеген Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Дулат Исабековтің пікірі де осы бағытта болды.
Бұдан кейін жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров жиын тізгінін қолына алып, жүргізіп отырды. Ол ең алдымен құрылтайдың күн тәртібін белгілеп алуды ұсынып, төрт мәселені алға тартты:
1.Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшелерін сайлау;
2.Жазушылар одағының жаңа төрағасын сайлау;
2.Ағалар алқасының құрамын бекіту;
4.Тексеру комиссиясын бекіту.
Әлібек Асқаров «Жазушылар одағының жарғысы бойынша жалпы одақ мүшелерінің он пайызын басқарма мүшесі етіп сайлауымыз керек. Бірақ бұрынғы құрылтайда басқарма мүшелерінің саны 151 адам болған екен, біз де осы мөлшерді сақтағымыз келіп отыр», – деді. Бірақ бұнымен келіспегендер де болды. Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қажығали Мұқанбетқалиұлы мінберге көтеріліп: «Жарғыда қалай айтылса, соны орындауымыз керек. Егер жарғыда жалпы ұйым мүшелерінің он пайызы ғана басқарма мүшелері болуы тиіс болса, солай қалдырылғаны жөн. Өйтпеген жағдайда жарғыны өзгерту керек», – деп ескерту жасады. Мінберге шыққан жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржекеұлы сөйлей бастағанда микрофон өшіп қалып (құрылтай барысында мұндай жағдай бірнеше рет қайталанды), ол кісінің не дегенін ести алмай қалдық. Кейін белгілі болғандай, ол кісі басқарма мүшелеріне беделді қаламгерлерді ғана ұсыну керек деген екен. Осылайша улап-шулап басылған қаламгерлер жиыны, ақыры басқарма мүшелігіне тағы он шақты адамды қосып тынды. Құрамы 160-тан аса қаламгерден тұратын Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма мүшелері қазақстан Жазушылар одағының төрағасын сайлауға кірісті.
Ең алдымен мінберге көтерілген жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдік Қазақстан Жазушылар одағының жаңа кезеңге қадам басқанын, алдағы уақытта оның жұмысын жаңа деңгейге көтеру – барлық қаламгерлердің парызы екенін айтып, одақтың жаңа төрағалығына белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулеттің кандидатурасын ұсынды. Бұдан кейін кезек-кезек мінберге шығып, Т.Әбдіктің ұсынысына орай пікірлерін айтқан қаламгерлер Ақұштап Бақтыгереева, Темірхан Медетбек, Мұхтар Шаханов, Шөмішбай Сариев, Қабдеш Жұмаділов, Несіпбек Айтов, Есенғали Раушанов ұсынылып отырған кандидатты қолдайтынын білдіріп, басқарма мүшелерін де қолдауға шақырды. Осылайша Қазақстан Жазушылар одағының 160-тан аса мүшесі Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы етіп Ұлықбек Есдәулетті бір ауыздан сайлады. Оның орынбасарлары болып Мереке Құлкенов, Бауыржан Жақып, Бақыт Беделхан, Ақберен Елгезек сайланса, Есенғали Раушанов Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болып сайланды.
Мінберден сөз сөйлеген жаңа төраға Ұлықбек Есдәулет: «Жазушылар одағының міндеті – жазушыға қолдан келгенше қолдау көрсету. Жазушылар одағының жұмысы жаңа дәуірде өзгеруі керек. Жаңа заманға байланысты жобалар керек. Біздің бақытымызға орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жарыққа шықты. Осыған байланысты жаңа жобалар жасап, жоғары жаққа ұсынсақ деген ойымыз бар. Соны жүзеге асыруға Жазушылар одағы барынша атсалысуы керек. Бірден қиратып тастаймыз, әдебиетті өркендетіп жібереміз деп айта алмаймын. Үлкен-үлкен, биік уәделерді бере алмаймын. «Арық айтып, семіз шық» деген сөз бар. Жазушылар одағы батып отырған шығындардан құтылуымыз керек. Алты ай бойы Жазушылар одағының қызметкерлері айлық дегенді көрген жоқ. Салық пен жалақыны төлей алмай отырған Жазушылар одағына мені төраға етіп сайлап, үлкен жауапкершілік жүктеп қойды. Бұған қатты қуанарлықтай жағдайым жоқ. Мен иығыма түскен ауыр жүкті сезіп тұрмын. Қаланың қақ ортасында қасқайып тұрған мына ғимаратты кезінде Ғабит Мүсірепов бар беделін салып, Орталық комитеттен Жазушылар одағына алып берген. Қаламгерлер содан бері құт-мекенге айналған шығармашылық одақ ішінде береке-бірлік орнағанын қалайды. Ендігі мақсат – Жазушылар одағының жағдайын түзету. Жазушылардың жағдайын жасау секілді мәселе сонымен қоса жүреді. Қалай болғанда да, бойымыздағы барлық күш-жігерімізді, бар талантымызды, тәжірибемізді, жастарымызда бар лапылдаған отты, олардың жаңаша ойлау қабілетін Жазушылар одағын жаңа деңгейге көтеруге жұмсаймыз. Әдебиеттің игілігі, дамуы үшін жұмыс істейміз», – деді.
Әлібек Асқаров, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
– Нұрлан Оразалин басқарған 22 жылда еліміздің өмірінде де үлкен белесті өзгерістер болды. Нарыққа енген Жазушылар одағының, жазушылардың өмірінде де небір қиын жағдайлар, жетістікке толы табыстар орын алды. Алмағайып кезеңде кейбір елдердегі Жазушылар одағының басына қара бұлт төнді. Мәселен, Мәскеудегі Жазушылар одағы беске бөлінсе, Қырғызстанда жабылып қалды. Сол қиын-қыстау уақытта өзінің парасаттылығы, сабырлылығымен Нұрлан Оразалин Жазушылар одағын таратып алмай, бір ұйым ретінде ұстап келгеніне бәріміз куәміз. Мұны көзі соқыр, құлағы керең адам ғана білмейтін шығар. Бұл тұрғыда Оразалиннің еңбегі зор. Сондай-ақ, Ұлықбек Есдәулет те басшылыққа өте қиын кезеңде келіп отыр. Қазір одақтың қаржылық жағдайы мүшкіл халде. Бірнеше айлап жалақы алмай отырғаны тағы бар. Енді Ұлықбек Есдәулет өзінің күш-қуатын, беделін пайдаланып, одақтың ахуалын көтеруге білек сыбанып кіріседі. Оған мүмкіндігінше біз де көмектесуге дайынбыз. Әсіресе, Жазушылар одағы кейінгі буын – жастарға керек.
Смағұл Елубай, жазушы:
– Жазушылардың ХV құрылтайы дәстүрлі болмысымен, дәстүрлі мінезімен, дәстүрлі айқай-шуымен өтті деп бағалау керек. Құрылтайдың негізі оқиғасы – 22 жыл бойы дауы көп одақтың ыстығына күйіп, суығына тоңған Оразалиннің демалысқа шығып, оның орнына талантты ақын Ұлықбек Есдәулеттің келуі болды. «Өлгенде көрген бір төбелес» депті ғой төбелескендерді ажыратып жүрген адамның қолын қаққан бір тентек. Сол сияқты өкпе-наз болмаса, бір-біріне тиіспесе, құрылтай бола ма? Кетіп бара жатқан төрағаға тиісу бұл құрылтайда да орын алды. Әрине, өмір болған соң, әдебиет майданында бақталастық, көреалмаушылық, жауластық болады. Бұл – табиғи заңдылық. Бұрын да болған, қазір де бар. Бірақ жеке бастың есебін әдебиеттің мүддесі айтылатын мінберге шығару – орынсыз. Жазушылардың баспасөз, телеарнаға шығып, бір-біріне тас лақтыруы өте келеңсіз, қажетсіз нәрсе. Өкінішке қарай, бұл пендешілік құрылтайда да орын алды. Оны аты дардай ағаларымыз жасады. Осындай жағдайлар болмаса, құрылтай өз мақсатына жеткен сияқты.
P.S: Осыдан бірнеше жыл бұрын Жазушылар одағының кезекті құрылтайына қатысқан едік. Зиялы қауым өкілдері деп сыйлап, құрмет тұтқан кейбір қаламгерлердің ардың ісі деп саналған әдебиеттен гөрі, жеке басының қамын күйттеген әрекеттерін көріп, бас шайқағанымыз да рас. Араға жылдар салып әдебиетші қауымның құрылтайына тағы да бардық. Сол баяғы тартыс, баяғы айтыс. Бәлкім, бұл бәзбіреулер үшін демократияның айқын көрінісі шығар, кім білсін?! Бірақ бұл былайғы жұртқа жазушылар «бірін-бірі мойындағысы келмейтін, бір-бірінің пікірін сыйламайтын тобыр екен» деген түсінік қалыптастыратынын жасырып қайтеміз.
Құрылтай бітті. Жаңа төраға сайланды. Есік жаққа қарай ағылған нөпірдің арасында қабырғалы жазушының бірі «Екі жұлдыз» әнін ыңылдап айтып келеді.
Екі жұлдыз – екі бақыт көктегі,
Төбемізде тұрып алды, кетпеді.
Бар аспаннан екі жұлдыз көрдік біз,
Біздер де екеу едік, жаным, өйткені, – деп ақырын күбірлегенін көргенде неге бұл әнді айтып келе жатқанын сұрағымыз келген. Бірақ көктегі екі жұлдыздың бірі – «Жазушылар одағының төрағасы, екіншісі «Құрметті төраға шығар» деген ой келді. Бәлкім, жазушының меңзегені де осы шығар... Ал Алматыда тағы да жаңбыр жауып тұрды.
Динара Мыңжасарқызы,
Ахмет Өмірзақ