Қара таңба басылған бағландар

Қара таңба басылған бағландар

Қара таңба  басылған  бағландар
ашық дереккөзі
  6 наурыз күні АҚШ Қаржы министрі Стивен Мнучин мәлімдеме жасады. Мнучиннің мәлімдемесі Ресейге салынатын санкцияға қатысты. АҚШ-тың Қаржы министрі өз сөзінде Ресейге жаңа шектеулер енгізілетінін айтты. Ал сейсенбі күні АҚШ Сенатында Мәскеуге қарсы санкция енгізіп, Ресейді терроризмді қолдаушы мемлекет ретінде жария ету ұсынылды. Ресейге қарсы енгізілетін жаңа санкциялар «Американың санкция көмегімен қарсыластарына қарсы әрекеті туралы» заңға сәйкес енгізілмек. Аталмыш заң жобасына АҚШ президенті Дональд Трамп 2017 жылдың 2 тамызында қол қойған болатын. Ал осы жылдың күзінде АҚШ әкімшілігі Ресейдің қорғаныс және барлау секторындағы ұйымдар мен азаматтардың тізімін әзірлеген. 2018 жылдың қаңтар айында заң күшіне еніп, ресейлік қорғаныс секторы миллиардтаған доллар шығынға ұшырағаны мәлім болды. Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров АҚШ-тың санкцияларын өздеріне қарсы арам пиғылды әрекет деп қабылдайтындығын айтты. Лавровтың пікірінше, АҚШ осындай бопсалау әрекеті арқылы Ресейді нарық жолынан ығыстырмақ. Ол Вашингтон Латын Америкасы, Азия және Африка елдерін ресейлік әскери техника сатып алудан бас тартқызуға тырысып жатқандығын да тілге тиек еткен болатын. Оның үстіне, қаңтар айында АҚШ Қаржы министрлігі Ресейдің көптеген жоғары шенді азаматтары мен ірі кәсіпкерлері енгізілген «Кремль тізімін» жариялады. Тізімге енгізілген 210 адамның 114-і – Ресей жоғары саяси басшылығының мүшелері. Ал қалған 96-сы ресейлік олигархтар. АҚШ енгізген санкциялар да Путинге жақын жеке адамдарға бағытталған. Ресей басшысының айналасында жүрген бай-бағландар әлдеқашан-ақ Батыстың санкциялық тізіміне еніп үлгерген. Аталмыш баяндамаға қатысты пікір білдірген АҚШ Қаржы министрі Стивен Мнучин: «Бұл тізімге енген азаматтарға қарсы санкция енгізілмейді деп ойлаушы болмаңыздар», – деп бірден мәлімдеме жасаған-ды. Бірақ Владимир Путин бұл тізімді Мәскеу мен Вашингтонның қарым-қатынасына сызат түсіретін тізім деп атады. Жалпы, АҚШ-тың Ресейге қарсы санкция жариялауы 2014 жылдың наурыз айында басталды. АҚШ пен Еуроодақтың бұл әрекетіне Украинадағы соғыс пен Қырым жерін Ресей құрамына қосу мәселесі себеп болды. Мәскеу де жауапсыз қалмады. Ресейге қарсы санкция жарияланғаннан кейін Мәскеу санкцияны қолдаушы елдердің азық-түлік өнімдерін кіргізуге тыйым салды. Содан бері тұп-тура 4 жыл уақыт өтті. Сол кездегі АҚШ президенті Обама әкімшілігінің «қара тізіміне» 7 ресейлік шенеунік енгізілген-ді. Олардың қатарында президент көмекшісі Владислав Сурков, президент кеңесшісі Сергей Глазьев, Федерация кеңесінің спикері Валентина Матвиенко, вице-премьер Дмитрий Рогозин, сенатор Андрей Клишас және депутаттар Елена Мизулина мен Леонид Слуцкий болған. Санкция арқылы олардың американдық активтерін бұғаттап, АҚШ визасын алуға тыйым салатындығы айтылды. Арада үш күн өткенде бұл тізімді президент көмекшісі Андрей Фурсенко, президент әкімшілігінің жетекшісі Сергей Иванов, Юрий Ковальчук, Аркадий және Борис Ротенберг, Геннадий Тимченко сынды бизнесмендер толықтырды. Бір айдан кейін Обама әкімшілігі әзірлеген тізім тағы да ұлғая түсті. Шектеу шараларының келесісі 2014 жылдың шілдесіне тұспа-тұс келіп, бұл жолы қаржы және мұнай секторында жұмыс жасайтын компаниялар құрыққа түсті. Секторлық санкцияға 5 бірдей ресейлік банк пен «Роснефть» және «НОВАТЭК» компаниялары ілікті. Ары қарай да АҚШ-тың «қара тізімі» түрлі компаниялардың және бай-бағландардың есімімен толыға берді. АҚШ-тың Ресейге қарсы әзірлеген ендігі жаңа санкциясы Мәскеудің 2016 жылғы американдық сайлауға араласқаны үшін болмақ. АҚШ ұлттық барлау қызметінің директоры, сенатор Дэниел Коутстың 6 наурыздағы мәлімдемесі осыған саяды. «Санкциялар қарастырылып жатыр. Қаржы министрі келер аптада санкциялық әрекеттердің бірқатарының тізімін жариялауы мүмкін», – деді Дэниел Коутс. Ал Қаржы министрі Стивен Мнучин санкцияның кешірек енгізілетіндігін мәлімдеді. Мнучин енгізілуі мүмкін жаңа санкцияларды Ақ үй басшысының қолдап отырғанын да атап өтті. Конгрессмендер бүгінге дейін АҚШ-тың тек «орыс олигархтарының фамилиясы жазылған күлдіргі тізімін» жариялағаннан өзге еш әрекет жасамағанын алға тартып келеді. Содан болар, осы аптада конгресс мүшелері егер Дональд Трамп екі палатаның ұсыныстарын енгізбесе, Ресейге қарсы санкцияларды күшейтеміз деп сес көрсетті. Олар 140 демократ қол қойған хатты Ақ үйге жолдады. «Біз сіздерге бұл мәселені шешетін құрал бердік. Егер бұл деректерді сөреде сақтауды жалғастыратын болсаңыздар, талаптары қатаңдатылған қосымша заңнамалық акт қабылдаймыз» делінген Ақ үйге жолданған хатта. Заң шығарушылар Трампты санкцияны енгізу мерзімін бұзды деп айыптап отыр. Сондай-ақ, олар президент Құрама Штаттарды қорғамайтын болса, Конгресс мұны өздері жасайтынын да атап өткен. Палата мүшелерінің сөзінше, Ақ үй 29 қаңтар күні ресейлік әскери және барлау қызметінің секторымен серіктесіп отырғандарға санкция жариялауы тиіс еді. Бірақ Трамп бұл әрекетті өз уақытында жасамады. Айта кетейік, 2017 жылдың 27 қазанында АҚШ Мемлекеттік департаменті 39 ресейлік компания мен үкіметтік ұйымның тізімін жариялаған болатын. Сөйтіп, АҚШ-тағы компаниялардың қайсыбірі тізімде көрсетілген ұйымдармен келісім жасайтын болса, 2018 жылдың 29 қаңтарынан бастап санкция салынатын нысандар қатарына енуі мүмкін екендігі қатаң ескертілген. Сол кезде-ақ конгрессмендер енгізілген санкцияның нәтижесі өздері күткендей болмаған жағдайда Трамптың шешімінен бас тарту немесе қайта қарау сынды өкілеттіктерін қолданатындықтарын атап өткен-ді. Ал Ресей басшысы Владимир Путин 10 наурыз күні американдық NBC телеарнасына берген сұхбатында АҚШ-тың Мәскеуге қарсы санкцияларының мәнін ашып беруге тырысты. Владимир Путиннің пікірінше, АҚШ-тың санкция енгізудегі мақсаты біреу ғана. Яғни, Вашингтон осы арқылы Ресейдің дамуын тоқтатқысы келеді. Әйтпесе, бұл санкциялар Ресейдің АҚШ сайлауына араласқандығына еш қатысты емес көрінеді. «Санкциялар Ресейдің дамуын тежеп, тоқтату мақсатында енгізілуде. Ресейді тоқтату саясаты талай жылдардан бері жүргізіліп келеді. Қазір соған қайта оралды», – деп пікір білдірді Ресей президенті. Ресей басшысы мұндай қадам екі елдің қарым-қатынасына кері әсерін ғана тигізеді деп есептейді. Соған қарамастан, Еуроодақ та 12 наурыз күні Ресейге қарсы енгізілген санкцияның мерзімі тағы 6 айға, яғни, 2018 жылдың 15 қыркүйегіне дейін ұзартылатындығын мәлімдеді. Еуроодақ Украина төңірегіндегі жағдайды бағамдап, әзірге Ресейге қатысты санкциялық режімнен бас тарта алмайтындығына көзі жетті. Санкциялық шаралар санкцияға іліккен физикалық және заңды түлғалардың активтерін тоқтатып, олардың сапарға шығуын шектейді. Ал Ақ үй басшысы Дональд Трамп 2 наурыз күні Украинадағы жағдайға байланысты Ресейге салынған санкцияны тағы бір жылға ұзартты.