Зерлі қамзол, оқалы шапан –  зор арман

Зерлі қамзол, оқалы шапан –  зор арман

Зерлі қамзол, оқалы шапан –  зор арман
ашық дереккөзі
Наурыз айы басталғалы бері еліміздің түкпір-түкпіріндегі мектептер, жоғарғы оқу орындары ұлттық киім кию науқанын қолға алуда. Ұстаздардың үстіндегі қазақы қамзол, ұлдардың басындағы ұлттық оюмен көмкерілген тақия, қыздардың көркін аша түскен ұлттық әшекейлер алыстан менмұндалайды.  Көз сүйсінтер мұндай көріністі күнде көргің-ақ келеді. Өкінішке қарай, қазақылықты насихаттайтын әдемі акцияның ғұмыры Жыл басы – Наурыз мерекесінен әрі аспайды. 

Киім – әлеуметтік  әл көрсеткіші

Өткенге көз жіберсек, бодандық қамытын кигенге дейін ата-бабаларымыз табиғатымызға туа біткен ұлттық дәстүрлі киімдерімізді киген. Қазақ келінінің басынан жаулық, кербез қызының үстінен кестелі көйлек түспеді. Тәуелсіздікке қол жетпей зарыққан тұрымтай заманның өзінде игі жақсылар шапанды киіп шіреніп, әжелеріміз кимешекпен ажарланып, тіпті жарлының өзі жадау шекпенін жамап кисе де, өзгенің киіміне көз сүзген жоқпыз. Еңсемізді көтеріп, етек-жеңімізді жиып, еңселі ел болдық дегенімізде, денемізді қалқалайтын киімнің бәрін – бас киімнен шұлыққа дейін жат жұрттан таситынымыз қынжылтады. Біздің киім, қазақтың киімі деп кеудемізді керіп айтатынымыз – ұлттық киімдеріміз. Алайда оны мерекелік кештер мен дүбірлі додаларға ғана киеміз. Тігін шеберханалары ұлттық киімдерді құдалық-тойларға немесе сахна қызметкерлеріне ғана арнап тігеді. Наурыз немесе халықтар бірлігі күні секілді мерекелер қарсаңында ғана жекелеген адамдардан тапсырыс түсуі мүмкін. Басқа уақытта қазақы киім сауда орындарында көрмеге қойылған көркем дүние секілді ілулі тұрады. Былайғы күнделікті өмірде қажетсіне қоймаймыз. «Адам көркі – шүберек» дейді қазақ. «Киіміне қарап қарсы алады, ақылына қарап шығарып салады» дейді орыс нақылы. Ендеше, үстімізге үйлестіре киген киімдерге зер салып көрейікші. Бүгінде киім киісіміз әлеуеттік әлімізді бағамдайтын көрсеткішке айналды. Еуропалық брендтерді қалтасы қалың жұртшылық кисе, Түркия мен Ресей асып келген сапалылар санатындағы тауарларды орта жағдайлы тұрғындарымыз игілігіне жаратып жүр. Ал «Made in Chinа», «Made in Kyrgyzstan» деген затбелгісі ілінген бағасы қолжетімді киімдерді тұрмысы қоңторғай отбасылар місе тұтуда. Иә, киімінің бренд таңбасына қарап қалтасының қалың-жұқалығын байқауға болады, бірақ ұлттық сыр-сипатын, болмыс-бітімін айыру қиын "Армани", "Берберри", "Версаче", "Гучи", "Диор", "Валентино", "Макс Мара", "Босс", "Роберто Кавалли" секілді Еуропаның танымал брендтерінің өнімін киіп жүрген өзіміздің қазақ па, жоқ әлде шет елдің бір байшыкеші ме, ажырата алмай жатсаңыз, таңырқауға болмас. Халықтың жағдайы жақсарып, «бренд» кигенге не жетсін?! Экономикамыз қарқындап, бүкіл әлемге барымызды жайып, көрме көрсететіндей жағдайға жеткенімізді ойлағанда, сондай «брендті» өз елімізде неге өндірмеске деген ойға қаласың. Алайда еліміздегі жеңіл өнеркәсіптің бүгінгі жағдайы еске түскенде, тілің еріксіз күрмеледі.

Отандық өндірістің дамуы неге тежелді?

Жеңіл өнеркәсіп – ел экономикасының күретамырына айналар маңызды салалардың бірі. Халықтың сұранысы жөнінен тұтыну тауарларының ішінде азық-түлік өнімдеріне ғана жол беретін жеңіл өнеркәсіп саласы өндірісін жолға қоюдың елдің импорт қауіпсіздігін қалыптастырып, халықтың басым бөлігін жұмыспен қамтуда үлесі зор. Алайда қазақ бұл саланы әлі күнге дейін жатырқап келеді. Finprom.kz сараптама орталығының мәліметінше, өткен жылы Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіп­орындардың 27 пайызы жабылып қалған. Елімізге киімнің 97 пайызы, аяқкиімнің 96 пайызы, мақта-мата өнімдерінің 60 пайызы шетелден импортталады. Қазақстан Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауым­дастығының президенті Любовь Худованың ұсынған ақпаратына сәйкес, 2000 жылдары жеңіл өнеркәсіптің өңдеу саласындағы үлесі 2 пайыз болса, 2016 жылдың соңында бұл көрсеткіш 0,5 пайызды құраған. Кеңес Одағы тұсында жеңіл өнеркәсіп саласы Қазақ КСР бюджетінің төрттен бір бөлігін қамтамасыз етіп, Алматы мақта-мата комбинаты, Жамбыл аяқкиім комбинаты, Семей жүнбылғары комбинаты сияқты ірі кәсіп­орындардың саны мыңнан асып жығылатын. Тәуелсіздік алатын 90-жылдардың өзінде жеңіл өнеркәсіптің жалпы өндіріс саласындағы көлемі 15,8 пайыз болған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары экономиканы аяққа тұрғызу үшін шақырылған шетелдік инвесторларға одақтас елдермен байланысын үзіп алған тоқыма, тігін зауыттары тартымсыз көрінген шығар, бәлкім. Алайда одан кейінгі 26 жылда қабылданған мемлекеттік бағдарламалар жеңіл өнеркәсіптің еңсесін көтеруге неге көмектесе алмағаны белгісіз. Саланың дамуына тежеу болып отырған не? Қазақстан Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Любовь Худованың пікірінше, жеңіл өнеркәсіптің кенже қалуына ішкі нарықтағы жағдайлардың теңсіздігі себеп. – Біріншіден, Қытайдан, Қырғызстаннан елімізге тауар алып келетін физикалық тұлғалардың арнайы салық төлеместен, еш қиындықсыз жүзеге асыратын карго-тасымалдары базарлардағы арзан тауарларды көбейтеді. Салыстырмалы түрде, отандық қымбат аяқ киім мен қытайлық арзан балама тұрғанда, бір жалақыға бар баласын бастан-аяқ киіндіруге шамасы жоқ ата-ана қолжетімді нұсқаға жүгіреді. Шекара асып келетін көрші мемлекеттің тауары сапасыз екенін білсе де, адамдар сатып алуға мәжбүр. Кедендік тексеріс кезінде сапасы есепке алынбайтын, тек жүгінің көлемі мен салмағы үшін ақша төлейтін саудагерлер отандық кәсіпорындарға үлкен бәсекелес болып отыр, – дейді маман. Сарапшының айтуынша, теңсіздікті тудыратын екінші фактор – шикізат экспорты. Елімізде тері, мақта, былғары сияқты шикізат қоры мол. Бұл өнімдер біздің жеңіл өнеркәсіпті әлемдік нарықта әлдеқайда әлеуеті жоғары ел етуге қауқарлы. Өйткені шикізаты өзінен шығатын елдің өзгеге тәуелділігі жоқ, тауары да арзан болады. Әйтсе де, біздегі шикізаттың 80-90 пайызы сыртқа жөнелтіледі. Оны өңдейтін зауыттар елімізде аз да болса бар, бірақ өндірушілерге өнімін шетелге сатқан тиімдірек. Экспортқа шығарылатын шикізат үшін қосымша құн салығынан босатылады. Мәселен, өндіруші мақтаны ішкі нарықта сатса, ешқандай салықтық жеңілдікті пайдалана алмайды. Ал Өзбекстанда ішкі нарыққа шикізат өткізген азаматтарға 15 пайызға дейін салықтық жеңілдік қарастырылған. Жеңіл өнеркәсіптің артықшылығын түсінген бұл елде жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындар корпоративті салықтан босатылады. Бірақ оларға аталмыш қаржыны өндірісті алға ілгерілету үшін өз кәсіп­орнына инвестициялау талабы қойылады. «Біз 2007 жылдан бері Қазақстанда да осы әдісті енгізуді ұсынып келеміз. Дегенмен бұл ойымыз мемлекеттен қолдау таппады. Біздің кәсіпкерлер үшін сауда орындарына тауарларын сатылымға қою – қиын мәселе. Ресейде халық көп жүретін сауда орталықтарындағы орындардың 30 пайызы ресейлік тауар өндірушілерге берілуі керек деген талап бар. Бізде мұндай жерлердегі сауда орындары қымбат бағада жалға беріледі. Ішіне кірсең, шетелдік тауар белгілерінен көз сүрінеді», – дейді Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Любовь Худова.

Мата – Италиянікі, түйме – Түркиянікі

Еліміздегі бұрыннан жұмыс жасап келе жатқан немесе жаңадан іске қосылған бірқатар жеңіл өнеркәсіп ошақтары өз өнімдерінің импорттық өнімдерден біршама қымбат болуын тауар өндіруге қажетті материалдың шетелден тасымалдануымен түсіндіреді. Яғни, жатжұрттықтар өзіміз жөнелткен шикізатты өңдеп, бағасын еселеп, өзімізге қайта сатуда. Мәселен, жуырда Семейде ашылған қолғап зауыты директорының айтуынша, кәсіпорын өндіріске қажетті материалдарды Ресей мен Белоруссиядан, қала берді Өзбекстаннан алдырады екен. Импорттық өнімдер қымбатқа түскендіктен, одан жасалған өнімнің арзан болмасы анық. Ал отандық және шетелдік сән апталықтарында тал шыбықтай иілген аруларға сап түзетіп, киім топтамаларын жұрт назарына ұсынатын отандық танымал дизайнерлердің өнімдерін қарапайым халық сатып алмақ түгілі, ұстап көруге жүрексінеді. Өйткені затбелгідегі бағасына қарап, киім бағалы тастан тігілген бе деген ойға қаласың. Ал дизайнерлердің өзінен өнім құнының неліктен қымбат екенін сұрасаң, матасын – Италиядан, жібін – Біріккен Араб Әмірліктерінен, түймелерін Түркиядан жеткізгенін алға тартады. «Imani» атты брендпен мұсылман әйелдеріне арналған киім тігетін жас дизайнер Ұлжан Тұрабаеваның айтар уәжі де – осы. «Бізде киім тігуге қажетті маталар өте қымбат. Сондықтан отандық киімдер де қымбат болады. Мен Италияның матасына тапсырыс беремін. Оның 1 метрі 18 мың теңге тұрады. Ал бір көйлекті тігу үшін 3 метр мата кетеді. Бұдан бөлек жалға алынатын орын, тігіншілердің еңбекақысы бар. Қарапайым бір көйлектің өзіндік құны 60 мың теңгеге шығады. Көпшілік ойлайтындай, киім тігу арзан іс емес. Алайда сұраныс болу үшін өнімдерімізді аса қымбатқа сатпаймыз», – деді ол. Киімдерін ұлттық нақышта тігетін дизайнерлердің өнімдерін де көптің қалтасы көтере бермейді. Мәселен, қазақы нақышта әрі заманауи киінгенді ұнататын келіншектер, сахнада жүрген арулар жиі бас сұғатын "Нұр шах" сән үйіндегі көйлектердің ең арзаны – 45 мың теңге. Сән үйінің негізін қалаған дизайнер Нұржамал Нұрпейісова қолынан шыққан сәнді көйлектер мен орамалдар көбіне қалталы әйелдер арасында сұранысқа ие екенін мойындайды. Ою-өрнектермен безендірілген көйлектерді қымбат болуының басты себебін дизайнер матасының қымбаттығымен әрі қол еңбегін көп қажет ететіндігімен түсіндірді. «Қолдан кестелеу қажырлы еңбекті әрі көп уақытты талап етеді. Шетел аралап, мата таңдаудың машақаты өз алдына. Сондықтан көйлектеріміздің бағасы арзан емес. Бірақ сән мен стильді жақсы түсінетін қыз-келіншектер сапалы әрі ерекше киімнен ақша аямайды», – дейді Нұржамал Нұрпейісова. 14 жасынан бастап, киім тигуді қолға алған Нұржамал Нұрпейісова күнделікті киюге арналған ыңғайлы киімдермен қатар кешкі отырыстарға арналған сәнді көйлектер де тігеді. «Біз киімге қазақтың оюларын үйлестіріп тігуге баса мән береміз. Негізінен қошқар мүйізді пайдаланамыз. Заманауи киім үлгісін жасарда геометриялық кескіндерді қазақша оюлармен араластыра отырып қолданамыз. Әр киімде қазақ ұлтының болмысы жаңғырып тұрса деймін. Тіккен көйлектерімнің басқа дизайнерлерден ерекше болып тұратыны сондықтан. "Нұр шах" сән үйінің киімдеріне Қазақстаннан ғана емес, АҚШ, БАӘ, Ресей, Қытай, Франкфурт, Италия сияқты елдерден тапсырыс көп түседі. Тіпті кейбір келіншектердің гардеробтағы киімдерінің 70 пайызы тек біздің сән үйінің киімдерінен құралған», – дейді дизайнер.

«Дизайнерлердің қазақы  талғамы қалыптасуы тиіс»

Ұлттық киім кию мәселесін көтеріп жүрген ардагер журналист Гүлмәрия Барманбекованың айтуынша, қазақтың киіміне қарап ұлттық болмысын танитын күнге жету үшін отандық дизайнерлердің жан дүниесі қазақылануы керек. – Тұтынушының биік талғамын қалыптастыру – қаны тамшылап тұрған мәселе. Ол үшін алдымен, бар ынта-шынтасымен Еуропаға есі кете елеңдеп тұратын дизайнерлердің жан дүниесі жаңғырып, қазақы талғамы қалыптасуы тиіс деп ойлаймын. Дизайнердің жан дүниесінен қазақтың "жұпары" бұрқырап тұрса ғана күнделікті киюге ыңғайлы, ұлттық нақыштағы заманауи сән үлгілері өмірге көптеп енеді. Ол үлгілер сапасы мен сәнділігі жағынан еуропалық брендтермен үзеңгі қағыстыра алатындай дәрежеде болса ғой, шіркін! Бағасы да қолжетімді болса. Мұны армандамайтын Қазақстанда қыз-келіншек бар ма екен? – дейді Гүлмәрия Барманбекова. Үстіндегі киімді үйлестіріп киюге ерекше мән беретін талғампаз келіншек Айым Жарқынбекқызы да нарықта ұлттық нақышта тігілген ыңғайлы әрі қолжетімді киім табу мұң екенін айтады. Әсіресе, қазақы үлгідегі сырт киім жоққа тән. – Қайсыбір мемлекет болмасын, əйелдердің киген киімінен əлеуметтік деңгейін бағамдап отыратыны белгілі. Сондықтан сапалы әрі сәнді киінгіміз келеді. Өз басым басқа киімдерге аса шығындалмасам да, сырт киім мен аяқ киімнен ақша аямау керек деп есептеймін. Өйткені сапалысын сатып алсаң, бірнеше жыл киіс береді. Шыны керек, шеттен келетін денеге қонымсыз сырт киімнен шаршадық. Оның үстіне, ең бірінші көзге түсетін киім болғандықтан сыртқы киіміңде ұлттық белгі-бедер болса екен дейсің. Өзің іздеген қыстық күртені, тонды шеттен келгендердің арасынан тауып киерсің. Алайда күзде, көктемде желбегей киетін, ұлттық нақыштағы сырт киімді таппайсың. Біздегі ұлттық бешпенттер мен қамзолдар масаты матаның екі өңіріне оқа төгілген бір ғана үлгіде тігіледі. Апыр-ау, не көп – мата көп емес пе? Тіптен, үндестіктегі екі түсті матадан оюын келтіре отырып, қиыстырып, əсем киім тігуге болады ғой, – деп қынжылады Айым. Оның айтуынша, қазақтың киімінен көрмейтін қошқармүйізді осы күні еуропалық сәнқой арулардың үстінен жиі кезіктіруге болады. «Соңғы сəннен Еуропаның сəнқой əйелдерінің сырт киімдерінде көбіне кəдімгі қошқармүйіздің қолданылатынын байқадым. Əсіресе, француз əйелдерінен көп көресің. Ықшам. Сәнді. Күнделікті кигенде әйелге көрік беріп тұр. Демек, солай тігуге болады ғой? Ал бізде арнайы дизайнын жасағаны үшін киіммен бірге "терісі" қоса сыпырылып қалардай удай қымбат баға қояды. Қанша қызықсаң да, қалтаң көтермейді», – дейді талғампаз келіншек. Сорақысы сол, той-томалақта қолдан-қолға өтіп жүретін қазақы ою-өрнек салынған желбегей бешпет пен қапсырма шапан, қабадай қалпақты да қырғыздан сатып аламыз. Оларды киіп жатқандар аз, бірақ пакет ішінде ел-жер аралап жүріп-ақ кірлейді, тозады. Кестеленген шапан мен қалпақты, сүйретілген қосетек көйлекті бүгінгі заман адамдарына мылтық кезеп тұрып кигізе алмайсың. Кейбір өңірлерде жекелеген ақсақал мен кейуананың үстінен көрмесеңіз, күнделікті тұрмыста ұлттық киім киген адамы кезіктірмейсіз. Жұрт қазақы нақышта киінгісі-ақ келеді. Бірақ бүгінгі тұрмысқа бейімделген, бояуы айшықты ұлттық киімдер жоқтың қасы. Өйткені мұндай киім тігу оңай емес. Ол шығармашылық ізденісті, бас қатырып ойлануды, талмай еңбектенуді, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға деген жанкешті ұмтылысты талап етеді. Осыншама еңбекпен өндірілген өнімнің құны арзан болмасы бесенеден белгілі. Халық бар тапқанын киімге жұмсай алмайды. Сондықтан кәсіпкерге тез тігіліп, тез сатылатын өнім тиімді. Бұл тұрғыдан қырғыздардың аты озып тұр. Киімге ою-өрнек кестелеп әуреге түспей-ақ кәдімгі шыт, бөз, кендір, атлас секілді маталардың қиығынан түсін үндестіре этнодизайнмен құрап, заманауи үлгідегі сырма бешпеттер, кеудеше, белдемшелер тігіп жүр. Сәнді, ыңғайлы, қолжетімді. Біз әзірге соларға қарап көз тойдырудан әрі аса алмай келеміз.