Нәсіп – адал кәсіптен

«Нұр Отан» партиясының Қызылорда облысы, Сырдария аудандық филиалына қарасты «Ақжарма» бастауыш партия ұйымында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасын» түсіндіру бойынша ақпараттық топ шаруа қожалықтарының өкілдерімен кездесті.

Жиынға Сырдария ауданы әкімінің орынбасары, «Нұр Отан» партиясы Сырдария аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Е.Ахетов, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Л.Қозыбаева, аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы А.Бейімбетова, кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Ф.Әбжаппаров, бастауыш партия ұйымының төр­ағасы Қ.Нұрсейіт және ауыл кәсіпкерлері және ауыл тұрғындары қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары, «Нұр Отан» партиясы Сырдария аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Е.Ахетов жиналысты ашып, ауданнан құрылған арнайы жұмысшы топтың бағыт-бағдарын түсіндіріп, мүшелерімен таныстырды. Ары қарай сөз кезегі жұмысшы тобының мүшелеріне беріліп, олар күн тәртібіндегі мәселелерді түсіндірді.

Кездесу барысында Ақжарма ауылының тұрғыны О.Асқаров бағдарлама аясында өз кәсібін қалай ашқанын әңгімелеп берді.

– Былтыр Халықты жұмыспен қамту орталығына келіп, өтініш білдірдім. Орталық мамандары маған кеңес берді. Содан жеке мал шаруашылығын дамыту мақсатында несие алуды шештім. Қажетті құжаттарды жылдам жинақтап, бір ай ішінде шағын несие алдым. Бүгінгі күні сол несиеге ірі қара мал алып, бордақылау жұмысымен айналысудамын. Ауылдастарыма мұның тиімділігін айтып жүрмін. Болашақта кәсібімді кеңейтіп, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға жұмыс істейтін боламыз. Әзірге екі азаматты жұмыспен қамтып отырмын, – дейді қожалық иесі.

Жиын барысында шаруамен айналысуды көздеп жүрген азаматтар мамандарға сұрақ қойып, өздерін мазалаған мәселелер жөнінде кеңес алды.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button