314
«Томирис» рөлін сомдайтын актриса таңдалды
«Томирис» рөлін сомдайтын актриса таңдалды
Қазақстанда түсіріліп жатқан «Томирис» тарихи фильмінде бас кейіпкерді сомдайтын актрисаның есімі анықталды. Бұл туралы түсіріліп жатқан туындының режиссері Ақан Сатаев өзінің Инстаграмдағы парақшасында жазды.
«Достар, сіздердің назарларыңызға біздің «Томирис» тарихи фильмінің бас кейіпкерін зор қуанышпен таныстыра кеткіміз келеді. Әлмира Тұрсын. 1990 жылғы. Психолог Коуч», - деп жазады режиссер. Режиссердің жазуынша, 27 наурыз күні кастинг-директор оның Инстаграм парақшасына хабарлама қалдырған. «12 мамыр күні Астанада өткен жалпықазақстандық кастингте ол іріктеуге - кастингтің бірінші турына келді. Қыркүйек айында режиссерлік видеосынақ өтті - ол 2-ші тур еді. Нәтижесінде, үміткерлер салт атпен жүру мен сахналық шайқасты меңгеру курсы үшін жаттығу лагеріне жіберілді. Қазан-қараша айларында жаттығу лагерінде болды. Ол үшінші тур болатын», - дейді ол. Хабарламада жазылғанындай, желтоқсан айында бас продюссер Әлия Назарбаева мен режиссер Ақан Сатаев рөлді бекіткен. «Қазіргі уақытта түсірілім тобы департаментінің басшылары мен трюктарды орындаушылармен, актерлік шеберлік бойынша мамандармен жұмыс жалғасын табуда. Бұл Әлмираның үлкен кинодағы дебюті болмақ», - деп жазады Ақан Сатаев. Еске сала кетсек, өткен жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Сатайфильм» кинокомпаниясымен бірлесіп, «Томирис» ауқымды тарихи жобасы бойынша жұмысқа кіріскен болатын. Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен түсіріліп жатыр. Бас продюсері - Әлия Назарбаева («Анаға апарар жол»). Фильмнің қоюшы режиссері - Ақан Сатаев («Рэкетир», «Адасқан», «Ликвидатор», «Жаужүрек Мың Бала», «Анаға апарар жол»).