БАҚ: «Тоқмади кісі өлтіргенін мойындады»

БАҚ: «Тоқмади кісі өлтіргенін мойындады»

БАҚ: «Тоқмади кісі өлтіргенін мойындады»
ашық дереккөзі
Бизнесмен, «бопсалау» айыбымен сотталған Мұратхан Тоқмади «ТұранӘлем» банкінің бұрынғы басшысы Ержан Тәтішевті «өлтіргенін мойындады» деп хабарлады жергілікті ақпарат агенттіктері. Тоқмадидің соты Жамбыл облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатыр. Tengrinews.kz сайтының хабарлауынша, сотта прокурор айыптау актісін оқыған соң судья Азамат Тілепов Мұратхан Тоқмадиден «Кінәңізді мойындайсыз ба?» деп сұраған. Оған Тоқмади «Иә» деп жауап берген. Тоқмадиге «алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен, қорқытып алушылықпен не бандитизммен ұштасқан адам өлтіру» айыбы тағылған. БАҚ өкілдері сот барысын жеке бөлмеге орнатылған монитордан бақылап отыр. Бұған дейін сот отырысы ашық өтеді деп хабарланған. Былтыр қазан айында КТК телеарнасынан Тоқмадиге қатысты арнайы фильм көрсетілген. Фильмде Тоқмади «ТұранӘлем» банкінің басшысы Ержан Тәтішевті аңға шыққан кезінде «қасақана атып өлтіргенін», ал оған тапсырысты «банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов бергенін» мәлімдеген. БТА Банкінің бұрынғы басшысы, шетелде қуғында жүрген Мұхтар Әблязовті Қазақстан билігі 2017 жылы маусымда «қаржы жымқырды» деп айыптап, сырттай 20 жылға соттаған. «Казстройстекло» компаниясының бұрынғы иесі, жеті ай түрмеде отырған Мұратхан Тоқмадиді былтыр қазанда Алматы соты бопсалады және заңсыз қару сақтады деп айыптап, үш жылға соттаған. Мұның алдында билік бизнесменнің прокурормен «кінәсін мойындайтыны туралы» процессуалдық келісім жасасқанын мәлімдеген. 52 жастағы Тоқмади 2017 жылы 12 маусымда Алматыда арнайы құрылымдардың операциясы кезінде ұсталып, қамалған. Былтыр қыркүйектің ортасында Мұратхан Тоқмадидің екі адвокатының қылмыстық істен шеттетілгені, ал үшінші адвокаттан «Тоқмадидің өзі бас тартқаны» хабарланған. Туыстары мен жақтастары Тоқмадиге қарсы айыптардың «ойдан құрастырылғанын» айтады. Өзін Қазақстан билігіне қарсы қоятын Мұхтар Әблязов Интернеттегі мәлімдемелерінде өзіне тағылған айыптарды терістейді және олардың саяси астары барын айтады. Ол Тәтішевтің өлімі туралы іс ҰҚК-нің тапсырмасымен қайта қаралып отыр деп біледі. Ержан Тәтішев 2004 жылы желтоқсанда Жамбыл облысы аумағында оқ тиіп өлген. Былтыр күзге дейін билік 37 жастағы банкир «аңшылық кезінде жазатайым мерт болды» деп келген.