Жақып Асанов: Екі миллиондай адам сот әуресімен жүр

Жақып Асанов: Екі миллиондай адам сот әуресімен жүр

Жақып Асанов:  Екі миллиондай адам  сот әуресімен жүр
ашық дереккөзі
423
  Өткен аптада Астана қаласында сот төрелігін жүзеге асырудың 2017 жылғы қорытындысына арналған кеңейтілген кеңес өтті. Келелі кеңесте ҚР Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов баяндама жасап, сот ісіндегі түйткілдерді шешу жолдарын айтты. Осы орайда, халықаралық «Түркістан» газетінің оқырмандары назарына Жоғарғы Сот төрағасының баяндамасын ықшамдап ұсынып отырмыз. ...Мемлекетті көркейтетін, ел тұрғындарын бақытты ететін не нәрсе? Әлемдік тарих дайын жолды ұсынады. Бұл – биліктің халыққа ықыласпен қарауы. Халық ертеңгі күніне сенімді болуы керек. Балалары мен немерелерінің болашағының жарқын боларын білуі тиіс. Олардың өміріне, денсаулығына, біліміне сенімді болуы қажет. Адамдар өздеріне деген қауіп пен қорқынышты сезінбеуі тиіс. Ал бизнесте экономикаға салынған инвестиция үшін қорықпағанда ғана, мемлекет көркейіп, халық бақытты ғұмыр кешеді. Конституцияның бірінші тармағында «адам, оның өмірі, құқығы мен еркіндігі – басты құндылық» екендігі айтылған. Биліктің үш тармағын біріктіретін осы жоғары құндылықтарды қорғау міндеті. Соттың миссиясы ерекше. Сот кейбіреулер үшін соңғы үміт. Судья әділ шешім шығарып, мемлекеттік және жеке қоғам институттарының қателіктерін түзетуі керек. Әділ сот – тұрақты даму мен дәулеттіліктің фундаменталды негізі. Сот билігі өзге билік түрлері секілді қоғамдық келісімдерге, саяси тұрақтылыққа, экономикалық дамуға, конституциялық принциптерге жауапты. Мұның бәрін айтуымның екі себебі бар. Біріншіден, Елбасы сенімді жоғары қояды. Біз жай ғана үкім шығармаймыз. Хирургтер секілді адам тағдырына «ота жасаймыз». Бұл постулатты Гиппократтың анты тәрізді қайталауымыз керек. Екіншіден, Президент 30 дамыған елдің қатарына қосылуды басты мақсат етіп қойды. Біз өз азаматтарымыздың туған топырақта бақытты өмір сүргенін қалаймыз. Елге инвестиция тартуды қалаймыз. Міне, Елбасы мұндай стратегиялық жоспарды бекерден бекер міндеттеп отырған жоқ. Ал бұл міндет сот билігіне тікелей қатысты. Бұл мақсатқа жету үшін бізде бәрі бар: Ұлт көшбасшысының саяси қолдауы, мықты құқықтық іргетас, қалыптасқан судьялық корпус. Бізге алға қарай қадам басу керек. Ертеңгі сотты біз қалай көреміз? Дамыған 30 елдің қатарына енуге әрбір судья қандай үлес қоса алады? Аталған стратегиялық жоспарды жүзеге асыру үшін сот билігі не істеуі керек? Елбасы мені осы қызметке бекіткенде, алдыма міндет қойды. Ол – халықтың сотқа деген сенімін қайтару. «Сот әділ шешім шығарғанда және азаматтардың құқығын толықтай қорғағанда ғана заңның үстемдігі байқалады. Ал қазір бізге бұл туралы айтуға ерте». Бұл – менің сөзім емес. 2017 жылдың жазында Президент осылай деген болатын. Біздің судьяларға, адвокаттарға, прокурорларға сауал тастағанымыз белгілі. Олардан мыңдаған жауап алдық. Қазір соның бәрін зерделеу үстіндеміз. Бір нәрсені анық айтуға болады, сот жүйесінің даму потенциалы жоғары. Біз 7 ірі жобаны топтастырып, 7 команда әзірледік. Қалыптасқан тәртіппен жұмыс істейтін мамандарды іріктеп алдық. Оларға жобалық менеджмент бойынша курстар өткіздік. Біздің айтарымыз да, талқылайтынымыз да көп. Соның ішінде басты жетеуіне назар аударған жөн. Бірінші – әділеттілік. Адамдар не көреді? Ұқсас істердің әртүрлі шешімін көреді. Бірдей қылмыс жасаған адамның біреуіне 5 жыл, екіншісіне шартты түрде 2 жыл кесіп, сот залынан босатып жібереді. Көптің көкейінде логикалық сұрақ пайда болады. Неге біреуі түрмеге қамалды, екіншісі неге босап шықты? Сот неге мұндай бассыздыққа жол береді? Анықтық жоқ жерде адамдар әділдік туралы айта ма? Қоғам соттың шешімін ғана емес, процестің өзін де бағалайды. Сотты қай кезде әділ деп таниды? Екі тараптың да жеңіске бірдей мүмкіндігі болған кезде. Судья екі тарапқа да мұқият әрі талапты бірдей қойған кезде. Сотқа қатысушылар судьяның соңғы шешіміне қатысты қанағаттанарлық түсініктеме алып, соттың өзіне деген құрметі мен сыпайылығын көрген кезде. Мұндай кезде тіпті, жеңілген тарап та сот шешімін түсіністікпен қабылдайды. Қылмыстық процесті алайық. Басты сын – айыптауға бейімділік. Дәлелдер: А) тергеуші материалдарды жинайды да, оны сотта дәлел ретінде мойындайды. Бұл дәлел ме, жоқ па, ол жағын айыптаушы тарап шешеді. Ал қорғаушы тараптың мұндай құқығы жоқ. Бұл – тең құқықтық принципіне қайшы. Сондықтан сарапшылар кез келген материалды дәлел ретінде полиция мен прокуратура емес, сот бекітуі тиіс деп санайды. Б) Сот процесіне дейін судьялар іспен танысқанда-ақ айыпталушының кінәлілігі туралы парадигма қалыптасады. Ол айыптау міндетін бойына сіңіріп алады. Оған қорғалушы тараптың дәлелін адекватты қабылдау қиын болады. Ал екінші тараптың сөзін тыңдамаған жерде әділдік бар ма? Оған қоса біздің айыптау актілеріміз үзілді-кесілді, бір мағыналы – жасады, қылмыстық ой болды, ұрлады, т.б. етістіктерден тұрады. Халықаралық соттарда басқаша стиль қалыптасқан. Айыпталушы тараптың әрекеті басқаша сөздермен сипатталады: болжау, мәлімдеу, бекіту, т.б. Мұны прайминг әсері деп атайды, яғни алғашқы нұсқа адамның (судьяның) ары қарайғы әрекетіне және санасына әсер етеді. Бұл туралы Стивен Кови «7 дағды» еңбегінде анық жазған. Екі топқа сурет береді. Алғашқысында жас қыздың суреті салынса, екіншісінде егде әйел бейнеленген. Олар 10 секундта суретті зерттеп, қайтарып береді. Содан кейін суретті көрсетіп, кімді көріп тұрғандарын сұрайды. Біріншісі қызды көріп тұрғанын айтса, екіншісі қарт адамды көргенін айтып, қарсылық білдіреді. Осы жерде пікірталас туындайды. – «Кемпір» дегенің не? Ол ары кетсе 22 жаста! – Ол 80 жастағы адам! – Сен соқырмысың? Бұл жас қыз ғой. Талас тоқтамайды, әркім өз дегенінен қайтпайды. Осыған дейін суреттен жас қызды көрген адам жаңа суретте сол адам екенін айтса, екіншісі экрандағы кәрі әйелдің бейнесі екенін дәлелдеуге барын салады. Бұл мысал біздің қабылдауымызға тапсырманың қаншалықты күшті әсер ететінін көрсетеді. Ал сот процесіне дейін қылмыс хроникасымен танысқан судьяның санасына әсер ететін күшті елестетіп көріңіз. Оның санасында тергеуші жасаған парадигма қалыптасады. Сот арқылы ақталған істің болмашы 0,2 пайыз ғана болып, айыптау үкімдерінің 99,8 пайызға жетуінің себебі осы емес пе? Сондықтан сарапшылар судьяға барлық қылмыстық істі емес, тек айыптау актісін ғана беруді ұсынып отыр. Сонда екі тарап та ашық сот процесінде өз дәлелдерін бірдей ұсына алады. Екінші – жауапкершілік және тәуелсіздік. Соттың тәуелсіз болуы үшін талай жұмыс атқарылды. Бірақ судьялар өз ұсыныстарында жүйелік мәселелер туралы жазады. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – басшылыққа тәуелділік. Ұсыныс жолдағандардың бәрі бірдей судьялардың төрағаларға тәуелді екенін жазған. Кімнің өсетінін, кімді жазалап, кімді марапаттау керектігін сол төрағалар шешеді. Сот актісін жою және тексеру де солардың құзырында. Қысымның бір тетігі – төраға беретін мінездемеде. Судьяның жауапкершілігі шешілгенде немесе басқа қызметке кеткенде сол төраға беретін мінездемеге тәуелді болады. Тағы бір мәселе, «қажетті істің» «қажетті судьяның» қолына түсетіндігінде. Әлдебір қиын істі лайықсыз судьяға тапсырады да, кейін оған наразылығын білдіреді. Бұл да бір тетік. Төрағаларға қатысты шағым түсіретін тек судьялар ғана емес. Міне, тағы бір хат. Автордың 35 жылдық еңбек өтілі бар. Жартысы прокуратурада, қалғаны сотта. Төменгі сатыдан бастап республикалық деңгейдегі жетекшілік қызметке дейін жеткен. Сол азамат өзі адвокат болып жүрген ауданда облыстық сот заңсыз үкімге көз жұма қарайтындығын жазыпты. Себеп – төраға үшін рейтингтің маңызды болуында. Адвокат мұндай «әлеуметтік сайысты» тоқтату қажеттігін айтады. Бағалау жүйесіне қарап көрейік. Көрсеткіштердің жақсы болуы үшін сот әділдігінің сапасын құрдымға кетіруге болмайды. Президент 7-съезде судьяның санға байланбауы қажеттігін айтқан болатын. Әділ сотты рейтингтің құрбанына айналдыруға жол берілмеуі керек. Үшінші – әділ соттың нәтижелілігі. Азаматтық істер көбейіп, олардың саны 5 жылда 2 есе артты. 2013 жылы 560 мың азаматтық іс қаралса, былтыр 900 мыңға жетті. Алматы қаласының Әуезов ауданында бір судья күніне 12 іс пен материал қарапты. Төрт жылда жүктеме 3 есе өсті. Судьялар қағазға көмілуде. Адам тағдырын конвейерге айналдырсақ, сапа қайдан болсын? Арызданып жүргендер бала-шаға, қалшылдаған қарт емес. Көбісі бизнес жасап, жұмыс орындарын ашып, елге пайда келтіріп жүрген азаматтар. Кәсібін ысырып қойып, алтын уақыттарын соттасуға жұмсауда. Біреу меншігін даулайды, екіншісі қарызын талап етеді, үшіншісі еңбекақысын өндіргісі келеді. Үйдегі мәселесін сотта шешемін деушілер де көп. Ағасы інісімен, әкесі баласымен соттасып жатқан жағдай аз емес. Кәсіпкерден «жағдай қалай?» деп сұрай қалсаң, соттасып жатырмын деген сөзін жиі естисің. Сонда табиғатынан сабырлы, жанжалды жақтырмайтын халқымыз дауға құмар болып кеткені ме? Басымыз піспей қалса, дереу сотқа жүгіреміз. Қит етсек сол. Екі арадағы дауды сахнаға шығарып, айқай-шумен шешкіміз келеді. Бітімге келу, татуласу, келісу мәдениетіміз қайда жоғалып кетті? Сотқа арызды бермей жатып, таныс іздей бастаймыз. «Сотта ағам бар, көкем бар» деп қорқытамыз. Сондағы мақсат – әділдік емес, оппоненттен өш алу, абыройын айрандай төгу. Сондықтан Елбасымыз дамуымызға кедергі болатын осындай жағымсыз әдеттерден құтылу қажеттігін шегелеп айтқан. Рухани жаңғырудың негізгі бір шарты – осы. ...Билер сотының түпкі мақсаты – екі жақты татуластыру, табыстыру болған. Дауды тек сот шешеді деген көзқарас бізде қатып қалған. Кейде басында ашуға беріліп, сотқа жүгініп, кейін басылып, «қатты кеткен жоқпын ба, алдыма келсе шешу жолын іздер едім ғой» деп жатамыз. Соттар осындай бейбіт жолды көрсететін, ұрыс-керіссіз, бір-бірін тыңдап, бір мәмілеге келуіне жағдай жасайтын алтын көпір болуы тиіс. Сот, әкімдер, Ассамблея, партиялар болып осыны қолға алсақ. Қай кезде де сөзге тоқтаған халықпыз ғой. Бітімнің, татуласудың бар пайдасын жылы, сүйегіне өтетіндей, жүрегіне жететіндей сөздермен айтып үйренсек, онда қоғамда шағым да азаяды, жалпы ахуал да жақсарады. Соттасып, тартысып, араздасып жүрген адамдарда қандай көңіл болсын? Осының барлығын не үшін айтып отырмын? Отырысқа облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысып отыр. Сіздерге өтініш – айтысып жүрген ағайындарымызды компромисске келтіретін, бітімге шақыратын, оның артықшылығын, ұтымды жағын ашып көрсететін, сотқа жеткізбей татуластыратын бір тиімді құрылым жасасақ. Оған мықты мамандарды дайындасақ – медиатор, психолог, конфликтолог, отставкадағы судьяларды және сөзге шешен, ойы жүйрік, халықпен тікелей сөйлесе білетін, тілін табатын, көндіре алатын тұлғаларды тартсақ. Төртінші – әкімшілік әділет. Азамат арызданады. Оның оппоненті кім? Заңгерлер мен мықты әкімшілік ресурсы бар мемлекеттік орган. Бұл әсіресе, қарт, кембағал жандарға қатысты іс болғанда анық байқалады. Олар өздерін үнемі қорғай алмайды. Ал сот ше? Сот тараптардың айтқанына баға береді. Судья талаптың шеңберінен шығып, белсенділік таныта алмайды. 70 жастағы қария мен мемлекеттік органның мүмкіндігін қалай салыстырмақпыз? Еуропа елдері 200 жылдан бері мемлекеттік органдармен болатын дауға әкімшілік сотты қолданып келеді. Біз бен олардың әкімшілік соттары арасындағы айырмашылық қандай? Біріншіден, онда дауды шешудің ережелері бөлек. Судья белсенді түрде шындыққа көз жеткізеді және мемлекеттік органдардың алаяқтығына қарсы тұрады. Екіншіден, олардың әкімшілік соты өз шешімінің орындалуын қатаң қадағалап отырады. Егер шешім орындалмаған жағдайда шенеунікке немесе мемлекеттік органға санкция жарияланады. Үшіншіден, әлемдік тәжірибе әкімшілік соттардың тиімділігін көрсетіп отыр. Барлық посткеңестік елдер осы ізбен жүріп келеді. Бесінші – тергеуші судья. Осы жылдан бастап барлық санкцияларды тек судьялар береді. Негізгі ұсыныс екі санкцияға қатысты. Қамауға алу мазмұны. Бұрын бұл санкцияны бергенде судья күдіктіні тексеруге құқығы болмаған еді. Енді тергеу ісінде күдік жеткіліксіз болса, тексеріп, бас тартуға міндетті. Мүлікті тұтқындау бойынша. Айыпты тұтқынға алынса болды, оның ата-анасы, балалары, тіпті достарының да мүлкіне қол сұғылады. Жақында қаулы қабылданды. Енді тек қана қылмыстық құрамы бар мүліктер ғана тұтқындалады. Тергеуші судьялар сотқа дейінгі кезеңде міндетті сот бақылауын қамтамасыз етуі қажет. Біз тергеушілердің санкциясына мөр басып беретін нотариус болмауымыз керек. 2015 жылы Санкт-Петербургте өткен құқықтық форумда соттардың 2 «ауыр дерті» аталды. Оның біріншісі – судьялардың төрағаларға тәуелділігі. Бұл мәселе оларда да өзекте болып тұр. Екіншісі – соттың тергеуді бақылауының әлсіздігі. Сот тұтқындауға, тінтуге, тыңдауға санкция береді. Судьялардың 96 пайызы сотқа дейінгі кезеңді басқаратын тергеушілермен келіседі. Алтыншы – соттың біліктілігі. 7-съезде Президент сотта ешқандай «кездейсоқ» адамның болмауы қажеттігі туралы нақты тапсырма жүктеді. Бұл тақырыпты судьялар да көтеріп отыр. Сұрақ төтесінен қойылды. Сотқа біз кімді және қалай іріктеп аламыз? Кез келген өзіне құрметпен қарайтын фирма үміткерді түгелдей зерттеп алады. Себеп – біліксіз маманның оларға қымбатқа түсетіндігінде. Сондықтан бірнеше бөлімнен тұратын қатаң байқау өткізіледі. Әркім өз бағасын қояды. Осыдан кейін тек лайықтылар ғана қалады. Біз мұны прокуратурада қолданып көрдік. Әуелде сауалнама жүргіздік. «Бізге таныс-тамырсыз жұмысқа орналасуға бола ма?». Қорытындысы таң қалдырды. Қатысушылардың 93 пайызы «жоқ, мүмкін емес» деп жауап берген. Осыдан кейін екінші қадамға көштік. Қабылдауды тоқтаттық. Республика бойынша мораторий жарияладық. Үшінші қадам. Қатаң ережелермен ашық іріктеу жүргіздік. Корпоративтік сектордан алып, өзімізге бейімдедік. Үміткерлерді өзіміз емес, Делойт, Прайс Уотер Хауз компаниялары және Назарбаев университетінің сарапшылары бағалады. Үміткерлер өздерін кімнің бағалайтынын білген жоқ, ал сарапшылар кімге баға беріп жатқанынан хабарсыз болды. Құжаттар фамилиясыз, штрих-код арқылы берілді. 2300 үміткердің арасынан іріктеуден 126 адам өтті. Әрқайсысына қарап, лайықты жас мамандардың өткеніне көзім жетті. Енді қалай судья болуға болады? Екі кезеңнен өтсең болғаны: – Заңды білуін анықтайтын тест; – Әңгімелесушімен өтетін ауызша емтихан. Осы кезеңдерден өтсеңіз, сіз тағылымдамадан өтуші болып саналасыз. Бұл дегеніңіз бір жылға кепілдендірілген жұмыс пен судья еңбекақысының 70 пайызын құрайтын жалақы. Одан кейін тағылымдамадан өтушіден бас тартуымыз екіталай. Өйткені оған талай уақытымыз бен миллиондаған қаржымызды жұмсадық. 2017 жылы 73 тағылымдамадан өтушінің 72-сі судья атаныпты. Демек, тест пен ауызша емтихан сапалы үміткерді іріктеп алуға мүмкіндік бермейді. Біз оның қалай өскенін, не оқығанын, неге қызыққанын білмейміз. Мектепте, жоғары оқу орнында қандай пайдалы іспен шұғылданғанынан да хабарсызбыз. Қандай әлеуметтік жұмыспен айналысты? Өмірде өзін қалай ұстайды? Түйіндемесіне жазбай қалған дүниесі көп екені анық. Бұл мұзтау секілді, 90 пайызы судың астында. Бас қала – Астанаға ұмтылатындар көп. Соған сай, бәсекелестік те тым жоғары. 3,5 жылда өзге өңірлерден аудандық соттарға 39 судья алыныпты. Олардың ішінде: – Жетеуі жұмыстағы сәтсіздіктер үшін қызметінен босатылған; – Бесеуі аттестациядан өте алмаған; – Үшеуіне Қазылар соты тәртіптік жаза қолданған; – Төртеуі жауапқа тарту қаупінен қорқып, жұмыстан кеткен; – Екеуі жұмыстан кетуге арыз берген. Қо­рытындылай келгенде, 39 судьяның 21-і,­ яғни, 54 пайызы Астананың аудандық сотында жұмыс істей алмаған. Ал олар біздің байқаулардан өтті емес пе? 2017 жылы жаңа талаптар бойынша іріктелген 4 судья босатылды. Олар бұл қызметте бір жыл да тұрақтамады. Біреуі заңды өрескел бұзғаны үшін, енді бірі кәсіби біліксіздігі үшін қызметтен кетті. Бірақ олар да біз бекіткен байқаулардан өтті. Бізге ережелерді қатаңдату керек. Біздің іріктеу құралымыз – мемлекеттік қызметке қабылданудың стандарты. Бірақ кез келген мемлекеттік қызметкер судьяның міндетін атқара алмайды. Сондықтан судья болуға үмітті кандидаттарға қойылатын талап өзге мемлекеттік қызметкерлерден де қатаң болуы тиіс. Елбасы 7-съезде қажетті мамандарды әзірлеп, тағайындамасақ, мемлекеттік маңызды міндеттер орындалмайтындығын айтты емес пе?! Жетінші – цифрландыру. Бұл ретте біз үшін үш маңызды мәселе бар. Бірінші. ІТ-сервис арқылы сотқа ыңғайлы және кедергісіз жол ашылуы керек. Екінші. Сот өндірісін автоматтандыру және үнемді ету. Үшінші. Әлемдік сот тәжірибесінің барлық мүмкіндіктерін қолданып, үлкен қормен жұмыс істеуді бастау. Яғни, жасанды интеллектке басымдық беру. Компьютер аз уақытта барлық сот тәжірибесі мен заңдарды реттеп, қажетті сипаттама беретін болса, бұл да бір жетістік. Бұл әзірге қиялдағы дүние болып көрінгенімен, жақын болашақта іске асады. Алдағы 2-3 жылда сот залында процестің барлық қатысушыларын жинауды қажет етпейтін «виртуалды» соттар құру жоспарын бекітпекпіз. Процеске қатысы бар азаматтар үйінде, жұмысында отырып-ақ, процеске қатыса алатын мүмкіндік тудыру қажет. ІТ-инфрақұрылым бізде бар болғанымен, қағазбастылықтан арыла алмай жатқанымыздың сыры неде? Мұның себебі көп. Бәрі азаматтар мен соттарға қатысты: Компьютермен жұмыс істеуге ниеттің жоқтығы; – Компьютерлік сауатсыздық; – ІТ-сервистің мүмкіндіктерін аз насихаттаймыз; – Азаматтардың техникалық құрылғылары жоқ; – Жылдамдықтың төмендігі және ғаламтордың жоқтығы. Басты мәселе – біздерде, яғни судьяларда. Бәрін қағазға басып шығаруды талап етеміз. Қағазбен де, электронды түрде де жұмыс істейміз. Жұмысымызды жеңілдетудің орнына, екі есе көбейтіп алдық. Көпшілігінің компьютер тілін жақсы білмейтіндігі түсінікті. Олар қағазға әбден үйреніп қалған. Мен өзім де солардың қатарындамын. Бірақ бүкіл әлем сандық жүйеге көшті. Бұл жұмысты жылдамдатады, шығынды азайтады. Шағымдар ғана емес, қылмыстық істер де электронды түрде түсе бастады. Әріптестер, цифрландыру жүйесіне көшуді Елбасы өзі қадағалап отыр. Жолдауда да осы мәселеге баса назар аударды. Сот билігі уақыт талабынан артта қала алмайды. Сондықтан сандық әлемде өзімізге де, азаматтарға да жайлы жағдай жасауға тырысайық. Адамдар біздің әділдіктің кепілі екенімізге сенеді. Ал әділдіктің шынайы бейнесі – қоғам мен мемлекет адам тағдырына қатысты шешім шығаруды сеніп тапсырған су­дья­­­ның ар-ұяты. Судья қорқыныштан, стереотиптен ада болуы қажет. Оны білімі, даналығы, адалдығы мен тәртіптілігі, сенімі жетелеуі тиіс. Жалпы, біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі. Сот жүйесін жаңғырту үшін бізде жақсы мүмкіндік бар. Бар күш-жігерімізді, білімімізді, тәжірибемізді ел игілігіне жұмсайық.

Серіктес жаңалықтары