323
БҰҰ Ирандағы наразылыққа қатысты жиын өткізеді
БҰҰ Ирандағы наразылыққа қатысты жиын өткізеді
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі АҚШ-тың талабымен 5 қаңтарда Ирандағы наразылық шерулеріне қатысты шұғыл жиын өткізеді. Мәскеу мұндай ұсынысқа қарсы шықты.
АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли Ирандағы билікке наразылық танытушыларды қолдап, осы аптаның басында шұғыл жиын өткізуге шақырған. «БҰҰ наразылық танытушыларды қолдайтынын білдіруі тиіс» деген Хейли. Бірақ Ресей бұған қарсы шығып, мұндай жиын «зиян тигізетінін мәлімдеген. РИА «Новости» агенттігінің хабарлауынша, Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков «Біз бұл мәселеде БҰҰ-ның ешқандай рөлін көре алмай отырмыз. Иранның ішкі ісіне БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің араласатындай жөні жоқ» деп мәлімдеген. Рябков бұған қоса Ресей АҚШ-тың наразылық шерулеріне қатысты БҰҰ-ның Иранға қарсы санкциясын күшейттіруге әрекет қылуы «заңсыз» болады деп білетінін айтқан.
Иранның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Гуламали Хошроу да БҰҰ жиынына қарсы шығып, АҚШ-ты Иранның ішкі ісіне килігіп отыр деп айыптады.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиыны Ирандағы наразылық шерулері екінші аптаға ұласқан, бірақ айтарлықтай бәсеңсіп қалған кезде өтейін деп отыр. Соңғы күндері ел астанасы Тегеран мен шерулер өткен басқа да қалаларда қауіпсіздік күштері орналастырылып, билікті қолдайтын шерулер өткізіле бастаған.
Иранда жұрттың дінбасылар бақылайтын билікке қарсы шығып жатқанына бір аптадан асты. Наразылық Иранда қалыптасқан әлеуметтік, экономикалық жағдайға қатысты талаппен басталып, ел билігіне қарсы ұрандарға ұласты. Иран билігі наразылық шерулерін сыртқы күштер ұйымдастырды деп біледі. Соңғы мәлімет бойынша, наразылық шерулеріндегі қақтығыстардан 22 демонстрант қаза тауып, 1000-нан астам адам тұтқындалған.
France Presse агенттігінің 4 қаңтар күні түнге қарай хабарлауынша, Тегеран мен басқа да қалаларда үкіметке қарсы наразылық шерулері байқалмаған. Агенттік әлеуметтік желілердегі белсенділіктің азайып қалғанына қарағанда, елдің шеткері аймақтары мен қалаларында да наразылық акциялары басылып қалғанға ұқсайтынын айтады.