Дональд Трамптың бір жылы

Дональд Трамптың бір жылы

Дональд Трамптың бір жылы
ашық дереккөзі
380
Миллиардер, бизнесмен, бұрын ешқандай мемлекеттік не саяси қызметте болмаған Дональд Трамп Айды аспанға бір-ақ шығарып, Америка Құрама Штаттарының 45-ші президенті болып сайланғанына бір жыл толды. Бір ғажабы, осы лауазымды қызметке келу жолы дау-дамайлы болса, оның президенттік өкілеттігінің алғашқы жылы да сондай жанжалға толы. Тіпті, оның алғашқы жүз күндігі өтпей жатып, оған импичмент жариялау туралы бастама көтерілді. Алайда тасборанша қаптаған сын-ескертпелерге құлақ түретін Трамп көрінбейді, «Твиттерде» өзінің сөйлеу мәнерін сақтап, ойын ашық айтып-жазып, жаһандық саясатты емін-еркін игеріп, Ақ үйден пәрмен беріп тұрып жатыр. Әлемдік саясаттағы ең ықпалды тұлғаның бір жылдық басшылығына талдау жасалық. Әзірге Дональд Трамптың алғашқы президенттік жылы сәтті не сәтсіз болды деп кесіп айтуға ерте. Мұны оның өзі де айта алмас. Оның үстіне, бірінші жылында өзінің жеке бастамашылдығымен қолға алған жобалармен айналысудың орнына өзіне дейінгі президенттің «мұрасын» жоюға қажырын көбірек жұмсады. Мысалы, Барак Обама қол қойған маңызды халықаралық құжаттардың бірі Транс Тынық мұхиты серіктестігінен шығу, денсаулық сақтау реформасының күшін жою, т.с.с. Әсіресе, Обама президенттігі кезінде ең жемісті саналған жоба – Иранмен ядролық келісімге келіп, оған салынған санкциялардың күшін жойған бастаманы жоққа шығарды. Трамптың ұстанған бағытына сәйкес, Иран әлі де «ядролық қару жасауға ұмтылатын» қауіпті елдер тізімінде қарастырылып, оған қайтадан біржақты санкциялар жарияланды. Соңғы сегіз-тоғыз жылғы дипломатиялық келіссөздердің нәтижесі су аяғы құрдымға кетті. Ол Транс Тынық мұхиты серіктестігі аясындағы сауда келісімдерінен шығып, Парижде қол қойылған климаттық өзгерістерге қатысты келіссөздерді орындаудан тағы бас тартты. Бұл аз болғандай, Иерусалимді Израильдің астанасы деп танитынын және Американың елшілігін Тель-Авивтен сол қалаға көшіретінін мәлімдеді. Обаманың кезінде АҚШ пен Израильдің ара қатынасына біраз салқындық туғандай еді, Трамп екі елді одан әрі жақындата түсті. Есесіне, оның барша мұсылман елдерінің наразылығын тудырған тағы бір «жаңалығы» – жыл басында алты бірдей мемлекеттің азаматтарына АҚШ аумағына кіруге тыйым салуы еді. Бірақ Дональд Трамп сайлау алдында берген уәделерін әлі толық жүзеге асырған жоқ, ал АҚШ президенттері үшін сайлаушыларға берілген сертті орындамаудан асқан абыройсыздық жоқ. Трамптың ең «әйгілі» әрі даулы уәделері: АҚШ пен Мексика шекарасына дуал салу; Обама денсаулық сақтау реформасының толықтай күшін жою; Америкалық тауар өндірушілерді қорғау мақсатында Қытайдан және басқа елдерден келетін тауарларға 50 пайыз баж  салығын тағайындау сияқты уәделері сөз жүзінде қалып отыр. Апта басында, яғни 18 желтоқсанда Ақ үй әкімшілігі жаңа Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын жариялады. Бұл құжатқа қол қойып, оны өзі таныстырған Дональд Трамп артынша ауызша мәлімдемелерінде ұлттық стратегияға қайшы нәрселер айтты. Мысалы, Ұлттық стратегияда Қытай мен Ресей АҚШ-тың басты бәсекелестері ретінде қарастырылса, Трамп өз сөзінде Ресей президентімен ара қатынасты жөндеу керек деген ой айтқан. Жалпы, америкалық президенттің сөзі мен ісі, жабық кабинетте қабылдаған саяси шешімі мен жалпақ жұртқа жария еткен мәлімдемесі бір-біріне кереғар болып жататыны әдеттегі жағдай. Мысалы, бұл құжатта «Қытай мен Ресей аймақтық және әлемдік аренада өзінің ықпалын тарата бастады... Олар біздің геосаяси басымдығымызға көлеңке түсіріп, әлемдік жүйені өз ыңғайларына орай өзгерткісі келеді» делінген. Сонда Мәскеу мен Пекиннің басты бақталас, тіпті бәсекелес ретінде қарастырылатынына күмән жоқ,  бұл – Трамп командасының ұстанымы. Сөйте тұра Владимир Путиннің жеке басына мақтау айтып, онымен «тіл табысу» керектігін айтып жүрген де Дональд Трамп. Бұған дейін екі жыл бұрын, Барак Обаманың тұсында қабылданған стратегияда бұл екі елге дәл осындай маңыз берілмеп еді. Әлбетте, Обаманың геосаяси стратегиясын солқылдақтыққа балап, оның өзіне «тым жұмсақ, осал басшы» деп айдар таққандар да болған. Бірақ Обаманы сынағандар енді Трамптың аяқ алысынан адамзаттық мүдде мен ғаламдық қауіпсіздікті көздеген пиғыл көре алуы да екіталай. Керісінше, Трамптың президенттігі әлемдік қауымдастыққа да, АҚШ-тың өзіне де оң ықпал етуі дүдәмал. Есесіне, Дональд Трамп америкалық лоббистер мен ірі корпорациялардың қолайына жаққан президент болып тұр. Біріншіден, оның келуімен Ақ үйдің іші миллионерлерге ғана емес, миллиардерлерге толды. Мұнда аттай 14 миллиардер бар! Трамптың өзі де миллиардер, оның жеке байлығы 3,7 миллиард долларға бағаланады. Сондықтан ол президент ретінде мемлекет қазынасынан жылына бір ғана доллар алып, жұмыс істейді. Сонда оның өзі филантроптық жасады дегенмен, оны қаумалаған миллиардерлер мен миллионерлер командасы өз иеліктеріндегі бизнестерінің мүддесін ойламайды дегенге кім сенеді? Бұған қоса, Дональд Трамп кабинетінде тек 55 адамның бұған дейін мемлекеттік қызметте тәжірибесі болған, ал Барак Обаманың кабинетінде мемлекеттік қызметте болған адамдардың саны 87 еді. Ол тұста  Ақ үйде миллиардерлер жоқтың қасы болатын. Екіншіден, Трамптың бір жылда қабылдаған саяси шешімдері көбіне америкалық ірі корпорацияларға тиімді шарттар ұсынғанын біреу байқар, біреу байқамас. Былтырғы сайлаулардан кейін Республикалық партия Ақ үйге өз өкілін сайлап, бұған қоса Конгресте басымдыққа ие болған еді. Соған қарамастан, бір жыл ішінде бұл партия ауыз толтырып айтарлықтай заң жобасын қабылдата алмады. Сондықтан Трамптың жаңа салық жобасы көпшілік дауыспен жеңіп шығар болса, Трамп пен республикалықтардың бір жылдан бергі ең ірі жеңісі сол ғана болады. Бірақ жаңа салық заң жобасы қабылданар болса, онда байлар байып, кедейлер одан сайын кедейлене түсетін жағдай заңдастырылады. Әсіресе, бұл заң мұраға салынатын салықтан құтылған бай әулеттер үшін өте тиімді болмақ. Сондай-ақ жалпақ тілде «Obamacare» деп аталып кеткен, 2010 жылы қабылданған «Қолжетімді медицина туралы» заңның күшін жоюға тырысқан Дональд Трамп қарапайым америкалықтардың мүддесін ойлай ма? Себебі бұл заң жойылса, онда ел ішінде 24 миллион адам медициналық көмектен құр қалады екен. Олардың дені кедей-кепшік пен орта тап өкілдері. Дональд Трампқа негізінен ақ нәсілді жұмысшы тап өкілдері дауыс бергені белгілі, бірақ олардың тұрмысы мен денсаулығы президентті онша алаңдатпайтын сияқты. Үшіншіден, сайлау алды науқанында «Ең әуелі Америка!» деп ұрандатқан президент Трамп сыртқы сауда-саттықта америкалық экономика мүддесін  қорғау ісінде тиянақтық таныта алмай жүр. Мысалы, ол Қытай мен Мексика елдерінен тасымалданатын тауарларға 50 пайыз баж салығын тағайындауға берген уәдесін әлі орындаған жоқ. Ақ үй әкімшілігінің ресми ұстанымы бойынша, Трамп командасының жетістіктері ретінде ДАИШ ұйымына ойсырата соққы беру мен Солтүстік Кореяға қатысты ұстанған саясаты аталады. Бірақ ДАИШ-пен күрес саясатының Барак Обама кезіндегі іс-шаралардан айырмасы шамалы екені, ал Пхеньянмен теке-тірестің қаншалықты жемісті болатыны әлі күмәнді екені әмбеге аян. Сондықтан мемлекеттік хатшы Рекс Тиллерсонның сөзінде шындық бар: «Тақтаға іліп қоятындай жеңісіміз бар ма? Жоқ. Мәселені бұлай қоюға болмайды. Дипломатия оңай шағылатын жаңғақ емес».    

Серіктес жаңалықтары