Қазақстанның төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов Астана ТЖД қызметкері Саят Пішембаевты марапаттады.
Ол қызды құтқарғаны үшін Құрмет грамотасы мен құнды сыйлық алды.
30 қазанда болған оқыс оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. 26 жастағы қыз көпқабатты тұрғын үйдің 14-қабатында қасбетке шығып алған.
"Бұл жағдай туралы бір тұрғын ТЖД қызметінің "112" пультіне хабарлады. Қыз Байқоңыр ауданында көпқабатты тұрғын үйдің 14-қабатының қасбетіне шығып алған. Оқиға орнына дереу жеткен ТЖД бөлімшелері батыл әрекет еткен. Көрші пәтер арқылы қауіпті биіктікке шығып, қызбен келіссөздер жүргізген", - деді ТЖМ.
Құтқарушы қызды аман алып қалады. 1 қарашада Саят Пішембаевты марапаттаған министр құтқарушының іс-әрекеті батылдық пен кәсібиліктің үлгісі екенін айтты.
"Мұндай әрекеттер құтқарушының ең қиын сәтте адам үшін тәуекелге баратындығының жарқын белгісі. Біз адамдарды құтқаруды өмірінің маңызы деп санайтын қызметкерлерімізді мақтан тұтамыз", - деді Шыңғыс Арынов.