Қазгидромет қараша айына ауа райы болжамын ұсынды

/
Қазгидромет қараша айына ауа райы болжамын ұсынды
Фото: ОКҚ

Қараша айының бірінші аптасында Қазақстан аумағының басым бөлігінде құбылмалы ауа райы солтүстік циклонмен байланысты болады. Жауындатып басталған ауа райы қарға ұласады. Солтүстікте, орталықта және шығыста қарлы бұрқасын болады. Батыста жауын-шашын айдың басында түседі. Дәл осындай ауа райы екінші және үшінші онкүндікте аракідік қайталанады.

"Қарашада жел, көктайғақ және тұман жиі түседі. Ал бұрқасын көбінесе елдің солтүстік, орталық және шығыс аймақтарында болжанады", - дейді синоптиктер.

Қарашаның бірінші онкүндігінде республиканың батыс аумағында ауа температурасы түнде +2+7°С-тан -2-7°С-қа дейін, күндіз +3+10°С-тан +10+18°С болады. Онкүндіктің соңында күндіз +15+25°С-қа дейін жылынады.

Солтүстік, орталық және шығыста алғашқы онкүндіктің ортасында температура түнде -7-15°С-қа дейін, күндіз -2-10°С-қа дейін төмендейді. Онкүндіктің соңында шығыс өңірлерді қоспағанда температура сәл көтеріледі.

Елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында сынап бағанасы түнде 0,-5°С-қа дейін, таулы аймақтарда -13°С-қа дейін, күндіз 0,+8°С-қа дейін төмендейді. Алайда 7 қарашадан кейін +5+15°С-қа дейін айтарлықтай жылынады.

Қарашаның екінші онкүндігінде ауа температурасы түнде 0,-5°С-тан -10-18°С-қа дейін, күндіз 0,+5°С-тан 0,-8°С болады.

Қарашаның соңында, яғни үшінші онкүндікте ауа температурасы түнде -15-20°С дейін, күндіз -3-10°С дейін төмендейді.

"Батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыста екінші және үшінші онкүндікте түнгі уақытта ауа температурасы -3-12°С-тан 0,+7°-қа дейін, күндіз +1+6°С-тан +8+18°С-қа дейін болады. Елдің оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда жекелеген күндері түнде -5-15 градус,күндіз -1-6°С аяз болады", - дейді ауа райын болжаушылар.

Жалпы қараша айында ауа температурасы бүкіл ел бойынша нормадан 1°С жоғары болады.

Қараша айында Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын болады. Әсіресе Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан мен Павлодар облыстарының басым бөлігінде жауын-шашын көп болады. Дәл осындай ауа райы Атырау мен Маңғыстау облыстарының батысында, Қостанай облысының солтүстік-шығысында және Абай облысында да болжанып отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары