Еуразиялық банктің филиал басшысы 10 жылға сотталды. Астананың Есіл аудандық №2 соты «Еуразиялық банк» АҚ-нің елордалық филиалының бұрынғы директоры Мұрат Мұқановқа және осы филиалдың бұрынғы касса жетекшісі Ақмарал Меңдалиеваға қатысты сот үкімін шығарды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі сот залынан.
Мұрат Мұқанов 10 жылға сотталды. Мұның алдында соттағылар Мұқановтың ҚР Қылмыстық кодексінің 202-бабының 2-бөлігінің 2-пункті («Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру»), 189-бабының 4-бөлігінің 4-пункті («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу») бойынша айыпталып отырғанын хабарлаған еді. Ал Ақмарал Меңдалиеваға ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабының 5-бөлігі, 189-бабының 4-бөлігінің 2-пункті («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу») бойынша айып тағылған. Еске сала кетейік, осыған дейін Еуразиялық банктің Астанадағы филиалында ақша өртенгені жайлы хабарланған болатын. Бұл оқиға көктемде болған.