Экономикалық өсім – тұрақты даму кепілі

Экономикалық өсім – тұрақты даму кепілі

Экономикалық өсім – тұрақты даму кепілі
ашық дереккөзі
ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биыл Қазақстан экономикасы 4 пайыздық өсімге қол жеткізуі мүмкін екені айтылды. Онда Үкімет мүшелері еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын шығарып, бюджеттің игерілу барысын қарады. Сондай-ақ, «Табиғи монополиялар туралы» Заң жобасы, тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жай-күйі, өсімдік шаруашылығындағы сақтандыру тетігін жетілдіру мәселелері талқыланды. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, «инвестициялық белсенділіктің жандануы және инфляциялық процестердің тұрақтануы, сондай-ақ, экономика тірегі болып табылатын барлық 6 базалық салада жағдайдың жақсаруы» арқасында биылғы қаңтар-қараша аралығында ел экономикасының өсуі 3,9 пайызды құрады. Жыл басынан бері инфляция деңгейі белгіленген 6-8 пайыз көлемінде болды және қараша қорытындысы бойынша 7,3 пайызды құрады. Экономиканы әртараптандыру, агроөнеркәсіптік кешенді, кәсіпкерлікті және инфрақұрылымды дамыту, сонымен бірге, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бойынша бағдарламаларды іске асыру нәтижесінде, экономиканың барлық салаларында оң серпін байқалуда. – Нақты секторда, 6 базалық саланың ішінде ең жоғары өсу – өнеркәсіпте 7,3 пайыз деңгейінде, көлікте – 4,8 пайыз және байланыста – 3,2 пайыз көлемінде тіркелді. Мұнай өндірудің 10,9 пайызға және табиғи газдың 10 пайызға өсуі арқасында кен өндіру өнеркәсібі 9,6 пайызға өсті. Өңдеу өнеркәсібінің өсімі 5,2 пайызды құрады. Өңдеу саласының өркендеуін қамтамасыз еткен драйверлер ретінде өндірісі бірден 42,1 пайызға артқан фармацевтикалық өнімдерді, өнімі 9,8 пайызға ұлғайған жиһаз өндіруді, 8,1 пайызға өскен жеңіл өнеркәсіпті, 6 пайыздық өсім көрсеткен металлургия өнеркәсібін атауға болады, – деді Тимур Сүлейменов. Сонымен қатар мұнайды қайта өңдеу өнімдері 5,5 пайызға, тамақ өндірісі 4,3 пайызға, сусындар шығару 4,1 пайызға, машина жасау саласы 5,9 пайызға өсті. Ауыл шаруашылығының өсімі 11 айдың қорытындылары бойынша 2,3 пайызға дейін жылдамдады. Соның ішінде мал шаруашылығының өнім шығару көлемі 3,6 пайызға, өсімдік шаруашылығында – 1,4 пайызға артты. Экономикалық өсім арынын тұрақты сақтаудың негізгі шарттарының бірі инвестициялардың экономикаға құйылу көлемін азайтпай, қайта ұлғайта түсу болса керек. Осы жылғы қаңтар-қарашада негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 5,7 пайызға өсіп, 7,5 трлн теңгеге дейін жетіпті. Инвестициялардың негізгі өсімі ауыл шаруашылығы еншісінде. Онда өсім 27 пайыз болды. Одан кейінгі орындар саудаға – 21,2 пайызы, құрылысқа – 6,6 пайызы және өнеркәсіпке – 3,9 пайызы тиесілі. Биылғы он ай қорытындысында өсім көрсеткіші бойынша экспорттың импорттан екі есе басым болуы нәтижесінде, сауда теңгерімінің сальдосы 71,7 пайызға дейін ұлғайды. Сауда теңгерімінің жақсаруына, сондай-ақ, өңделген өнім экспортының өсуі ықпал етті. Нақтырақ айтқанда, тамақ өнеркәсібінде шетелге сатылған тоң майлар және майлар, дайын тағамдық майлар экспорты 86,2 пайызға, қант және кондитерлік өнімдер экспорты 55,4 пайызға, астықтан, астық тұқымдастардан, ұннан, крахмалдан және сүттен жасалған дайын тағамдардың экспорты 19,7 пайызға артқан. Отандық жеңіл өнеркәсіптің жаһандық нарықта өткізген тоқыма маталары және тоқыма бұйымдары экспорты 66,1 пайызға, жүн – 1,2 есеге, мақта талшығы – 28,1 пайызға өсті. Жалпы алғанда, еліміздің сыртқы сауда айналымы 25,6 пайызға, 62,1 млрд долларға дейін ұлғайды. Еліміздің бас қаржыгері Бақыт Сұлтанов мырза «биылғы жылдың 11 айында бюджеттің барлық деңгейлері кірістерінің өсу қарқынының тұрақтылығы қамтамасыз етілгенін» мәлімдеді. Нәтижесінде, ел қазынасына кірістер 520 млрд теңгеге көп түсті. Мемлекеттік бюджетке барлығы 6,3 трлн теңге кіріс құйылды. Сонымен бірге, игерілмей, ел игілігіне жаратылмай қалған қаржылар да аса қомақты болып отыр. – Жалпы, мемлекеттік бюджеттің шығыстары 97,6 пайызға, соның ішінде республикалық бюджеттің шығыстары 98,6 пайызға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 97 пайызға игерілді. Республикалық бюджеттің шығыстары 10 триллион 157,6 млрд теңгеге қаржыландырылды. 148,5 млрд теңге шығындары атқарылмай қалды, оның ішінде бюджеттік қаражаттың үнемдеген қаржысы – 12,8 млрд теңгені құрайды. 135,7 млрд теңге – игерілмеген қаражат. Игермеудің негізгі себептері, «өнім берушілердің шарт міндеттемелерін орындамауы», «өтпей қалған конкурстар», «төлемнің негізділігін растайтын құжаттардың болмауы», «төлем бойынша құжаттарды ұзақ келісімнен өткізу», «жұмыстардың жүргізу кестесінен қалып қоюы» аталады, – деді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов. Оның айтуынша, «қаржы жылы» аяқтал­ғанша 614 млрд теңге сомасында­ төлемдер жүргізіліп үлгеру керек. – Біздің болжамымыз бойынша республикалық­ бюджет шығыстарының орындалуы жыл қорытындысы бойынша 99,8 пайыз шегінде күтіледі. Бірақ жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша игерілмеу сомасы 10,3 млрд теңгені құрайды. Бюджет заңнамасына сәйкес, осы соманың 0,8 млрд теңгесі келесі жылы қаржыландыруға көшіріледі. Жақында ғана республикалық бюджет нақтыланды. Сол кезде барлық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінде «жыл соңында игерілмей қалу қаупі бар» деген шығыстарды оңтайландыру мүмкіндігі болды. Қаржы министрлігі мемлекеттік органдардың барлық өтінімдерін барынша ескерді. Сондықтан Бақытжан Әбдірұлы, мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының жауапкершілігін қарауды ұсынамын, – деп мәселені төтесінен қойды Қаржы министрі. Ол 11 ай ішінде 4 065 аудиторлық тексеру шаралары жүргізілгенін жеткізді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есеге көп. Бюджет қаражатының аудиттен өткен сомасы да 4 есеге көбейіп, 1,8 трлн теңгені құрады (2016 жылдың 11 айында 470 млрд теңге болған). «256 млрд теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтар анықталды. Дегенмен жұмысты атқару, қызметті көрсету, тауарды жеткізіп беру, бюджетке қайтару, есепте көрсету және оны сәйкестендіру жолымен 246 млрд теңгенің бұзушылықтары жойылды. Аудит объектілеріне 2 586 ұсыныс жіберілді. Оның 2 255-сі орындалды. Камералды бақылаумен 8 трлн теңге сомасында 483 мың мемлекеттік сатып алу рәсімдері қамтылды. Мұнда жалпы көлемі 654 млрд теңгенің бұзушылықтарына жол берілмеді», – деді бас қаржыгер. Бұл мәселелерді талқылауды қорытқан Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев он бір айдың нәтижелерін жоғары бағалады. Сонымен бірге, қарқынды жоғалтып алмай, жылды жоғары нәтижемен – 4 пайыздық өсіммен қорытындылау үшін бар күш-жігерді бағыттау қажеттігін нықтады. – Қаржы жылының аяқталуына да он күндей уақыт қалды. 20 желтоқсанда, келесі сәрсенбіде қаржы жылы аяқталады. Алда бірнеше күн демалыс бар. Демек, қалған екі-үш жұмыс күнін лайықты пайдаланып қалу керек. Әйтпесе, қаржының игерілмеуі жөнінде өңірлерден және министрліктерден сөйлеген әріптестеріміз төлемнің 20 желтоқсаннан кейін жасалатынын айтып жатты. Оған үлгермейсіздер. 20 желтоқсанда «қақпа» жабылады. Қаржы министрлігімен тиісті жұмыс жүргізіңіздер, – деген Премьер-министр Б.Сағынтаев орынбасары Е.Досаевқа қаражаттардың игерілуіне қатысты жағдайды жеке бақылауға алуын жүктеді. Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-министр Ұлттық экономика министрлігіне тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнаманың сақталуын бақылау тетігін қайта қарауды тапсырды.