Мәскеудегі Төлеген тойы

Мәскеудегі Төлеген тойы

Мәскеудегі Төлеген тойы
ашық дереккөзі
1017
Қазақ поэзиясының өрен жүйрігі, жыр аспанында құйрықты жұлдыздай ағып өткен біртуар талант – ақын Төлеген Айбергенов тірі болса биыл 80 жасқа толар еді. Алайда өмірден жас кетсе де, дауылды жырлары екінші өмірін жалғастырып жатқан Төлеген ақынды халқы ұмытпақ емес. Кезінде қарақалпақ халқының ХХ ғасырдағы ең ірі ақыны Ыбырайым Юсупов «Түркі халықтары арасында дүниеге өте сирек келетін ақындардың бірі» деп бағалаған Төлеген Айбергенов бүгінде қазақ қана емес, туысқан түркі халықтарына да ортақ ақын ретінде мойындалған тұлға. Сондықтан болар, ақын мерейтойын осы жылдың сәуір айында Қарақалпақстанның астанасы Нөкіс қаласында түбі бір өзбек, қарақалпақ, түркімен, қазақ ұлты өкілдері бірігіп тойлап, бауырластықтың үлгісін көрсеткен-ді. Енді, міне, өткен аптада Төлеген Айбергеновтің 80 жылдығы Мәскеу қаласында да аталып өтіп, қазақ жырының дауысы Ресей астанасында саңқылдады. Ұлттық мәдениет пен халықтар достығын бірлесіп дамытуға арналған «Астана» қоры және «Байтақ мекенім» қоғамдық қоры бірігіп ұйымдастыруымен Мәскеу ұлттар үйінде өткен Төлеген Айбергеновті еске алуға әдеби-сазды кешті ақын Бауыржан Бабажанұлы мен мәскеулік журналист Жанна Нұрсапарова екі тілде жүргізді. Кеш барысында Мәскеу мектептерінің оқушылары ақын өлеңдерін орыс, қазақ тілдерінде оқыса, «Астана» қорының басшысы Рақымбай Мыңжасаров, «Байтақ мекенім» қорының президенті Сәбит Тоқымбетов, осы қордың үйлестірушісі Қоңыратбай Испанов, ақынның қыздары Салтанат, Махаббат, Хұсни, Айнар Айбергеновалар ақын шығармашылығы туралы ойлары мен естелік әңгімелерін айтты. Әнші-композиторлар Сәуле Жанпейісова мен Роза Әлқожа Т.Айбергенов өлеңдеріне жазылған әндерді әуелетіп, кешке жиналғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Салтанат Айбергенова, ақынның қызы: – Әкеміздің шығармашылығына арналған кештің Мәскеу қаласында өткеніне қуаныштан қатты толқығанымды жасыра алмаймын. Ақынның табаны тимеген жерге өлеңдері жетіп, тыңдаған жұртты риза қылуы керемет қой. Жасөспірімдердің ақын өлеңдерін екі тілде оқығаны қандай әсерлі!.. Мұндағы қандастардың жиылып кеп, ақын кешіне қатысуы көңілге жылылық сыйлады. Олар ақын өлеңдері оқылғанда, өлеңдеріне жазылған әндер шырқалғанда ризашылықтарын білдіріп, қошеметтеп отырғанынан қазақ сөзін, әнін сағынғанын, құрметтегенін сездім. Мәскеу кешіне елімізден барған қонақтарға демеушілік жасаған Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мырзаға алғыс айтқым келеді. Ақынын әкімі құрметтеген ел бақытты ғой. Бауыржан Бабажанұлы: – Өзге елдің топырағын басып тұрып өз ақыныңды насихаттау мақтаныш етерлік іс. Мәскеуге келгенімде соның кереметін сездім. Бізге сол көңіл-күйді сыйлаған Айбергенов шығармашылығы – шын мәнінде қазақ жырының бақыты дер едім. Тамаша әсерлер болды... Әдеби кештен соң дастарқан басына жиналғанымызда бізбен бірге болған түбі түркі, орыс тілінде жазатын ақын Вильям Садыков «Мен қазақ поэзиясын бір кісідей білемін деуші едім, бірақ Төлеген Айбергеновтің сұрапыл өлеңдерін оқығанда таң қалдым. Бұндай ақынды осы кезге дейін қалайша білмей келгем деп өзімнен өзім ұялдым. Осы кеш маған қазақтың ғажайып ақынын таныстырды» деп, өзінің орыс тілінде Төлегенге арнаған өлеңін оқып берді. Жарқын Өтешова, Мәскеудегі «Астана» қорының президенті: – Төлеген Айбергеновтей қазақтың біртуар ақынының кеші Мәскеуде өтуіне аз да болса үлес қосқанымды мақтаныш етемін. Кешіміз ақынның бір деммен құйылып түсетін өлеңдері сияқты бас-аяғы жинақы, әдемі кеш болды деп ойлаймын. Осындай ақындарымызды өзге елдерде лайықты насихаттай білу – елдігіміздің белгісі. Төлеген ағамыздың Ресейдің жүрегінде тойланған бір тойы – ол армандап кеткен жыр тойларының бірі, ақын арманының орындалуы. Ол болашақта да сөзсіз жалғасын таба беретін болады.

Серіктес жаңалықтары