Зейнолла Қабдолов және Әуезов әлемі

Зейнолла Қабдолов және Әуезов әлемі

Зейнолла Қабдолов және Әуезов әлемі
ашық дереккөзі
1947
  Дәл осы жерде Қабдоловтың орны ерек. Неге? Негесі сол «өз басым Мұхаңнан бес жыл оқыдым, Мұхаңмен он жыл бір кафедрада бірге қызмет істедім. Шәкірті ғана емес, туған інісі, яки баласы секілді бауырында жүріп, аса ыстық ағалық яки әкелік мейірімін көре қалған жайым бар», – деп ақтарыла сыр төгетіні бар еді Зекеңнің. Онымен де қоймай: «Қазақ университетінде біз де оқыдық. Бірақ біздің бүгінгі шәкірттерден бір айырмамыз, аздап мақтаныңқырап айтсам, артықшылығымыз – Мұхтар Әуезовтің лекциясын тыңдағандығымыз дер едім», – деген тебіреніске толы жүрекжарды лебізі ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани туыстықты, ардың ісі – сөз өнері табыстырған қыл өтпестей алғаусыз қарым-қатынасты, мөп-мөлдір сезім тазалығын көзаулаңызға алып келеді. Тау-кен институтына қабылданып, инженерлік жолды таңдамақшы болған балаң студенттің Әуезов дәрісіне ынтызарлығы түптің түбінде елеусіз, ескерусіз қалмаған. Әдебиетті жанындай сүйіп, ақындық жолға түскен Зейнолланы қазақтың мемлекеттік университетіне қолынан жетектеп әкелуі ұстаздық қамқорлықтың тағдыршешті сәті дерсіз. 1917 жылы «Еңлік-Кебектен», тіпті ежіктей түссеңіз «Абай» журналында басылым көрген «Абайдың өмірі һәм қызметі», «Абайдан соңғы ақындардан» бастау алатын зерделі зерттеулері соңыра «Абай жолы» эпопеясымен тиянақталып, абайтанудың тұтас дәуірін қалыптастыруы М.О. Әуезовтің қайталанбас қажыр-қайратымен өзектес бүтін әлем. Өмірінің мақсаты мен мұратындай Абай тақырыбын көшелі шәкірті Зекеңе студенттік шақта ұсынуы таң қаларлық көрегендік еді. Басы даудан арылмаған Абай мұрасын сонау өткен ғасырдың 40-50 жылдары дипломдық жұмыс көлемінде қорғатуы тегіннен тегін емес. Зекеңнің әдебиеттанудағы тырнақалды жарияланымдарының ұлы ақын мұрасына бағытталуы да сондықтан. Ұстазының «Абай» романының жазылуы жайынан» мақаласын аударып, оқырманға ұсынуы аудармашылық қырынан таныла бастаған З.Қабдоловтың Әуезов әлеміне бойлай енуін әйгілейді. Көп ұзамай, 1955 жылы «Әдебиет және искусство» журналында жарияланды мақала. 1957 жылы наурыз айында «Абай» романы – қазақтың тұңғыш эпопеясы» тақырыбында шығармашылық конференция ұйымдастырылды. Роман-эпопея мен оның авторы хақында субъективтік сұрқия сыннан арылып, шынайы шығармашылық тұлғаның қажырлы еңбегі салиқалы талдау объектісіне айналды. Конференциядағы бітімі оқшау ізденістер қатарында Зейнолла Қабдолов баяндамасы көптің аузына ілікті. Оның «Бір-екі пікір» аталынған зерттеуі соңынан «Қазақтың тұңғыш эпопеясы» (1957) жинағынан орын алды. Соны пікірлер еленбей қалған жоқ. Қабдоловтың дәйектеуінше «ескерілмеген нәрсе, ол – Әуезов эпопеясының өмір танытушылық мәні ғана емес, орасан зор қоғамдық-өзгертушілік күші!..», яғни Әуезов эпопеясының өміршеңдігі қоршаған орта шындығын, кейіпкерлерінің қам-харекетін шынайы суреттей алуында, іс-қимыл, тіршілігін өмірдің өзінен ойып алғандай көз алдыңа алып келуінде. Ғалымның пайымдауындағы эпопеядағы табиғат суреттері – пейзаж арқалар жүк, шеберлікке бастайтын жол – шығарма тілімен жұмыс баяндаманың өне бойында жан-жақты талданып, теориялық тұжырымдармен тиянақталған. Төрт кітапты қайта-қайта қайыра оқып, шеберлік сырларына мейлінше қаныққан Зекең сұңғыла суреткердің жетістіктерін санамалап береді: «...біріншіден, Әуезов құрғақ, сылдыр сөйлем құрмайды, ең әуелі өзі тебірене толқып алады да, сол тілсіз сезім тілімен сөйлейді; екіншіден, Абай емес-ау, алдымен Мұхтар Әуезовтің өзі анық ақын, тұтанбай, ұшқындамай, лапылдамай, өртенбей жаза алмайтын нәзік діріл, сыршыл ақын; үшіншіден, Әуезов – суретші, нағыз художник – қағазды, кітап парақтарын аспанға, жерге, құбылысқа, дүние-тіршілікке айналдырып жіберетін шебер; төртіншіден, Әуезов – терең психолог. Оқушының жан дүниесін сілкіп-сілкіп жіберетін күш!». Ғалым бағамдаған нағыз шеберге тиесілі өрнектер алғаш рет әдеби ортаның сынына түсті. Әлемдік мәдениетке қосылған сүбелі сыбаға, әдеби дамуды соны көркемдік сапаға жетелеген, өмір құбылыстарын жан-жақты бейнелеген қастерлі қазына десті дуалы ауыздар. Зейнолла Қабдоловтың әдебиет ғылымындағы іргелі зерттеулерінің басы – «Жанр сыры» (1964). Еңбек тұтастай қазақ әңгімесінің болмысына, пішініне, көркемдік әлеміне, образдар жүйесіне арналған. Барынша жинақылықты, шұрайлы тілді, қалам иесінің жауапкершілігі мен шеберлігін молынан талап ететін әңгіме жанрының ортаңқол дүниелерге жаны қас. Әңгімеге жүрдім бардым көзқарас әдебиетті өсірмейді, қайта өшіреді. Әңгіме поэтикасы кесекөлденең тартатын талаптар биігі жазушының ой өрісі мен дүниеге танымын белгілейді. Табысқа қол созбақ, оқырман үдесінен шықпақ қаламгер үшін шешуші сәт. Кәнігі ісмердің қолтаңбасын танытатын әңгімелерді талдау барысында М.Әуезов шығармашылығына соқпай өту мүмкін емес. Жиырмадан енді асқан жас қаламгердің «Қорғансыздың күні» әңгімесі шеберлікте шек жоқтығына меңзейді. Қазақ әңгімесін «шын мағынасындағы европалық прозаның дәрежесіне көтерген» (С.Мұқанов), әңгіме поэтикасының қыр-сырларын мейлінше игерген Әуезов туындысының қадір-қасиетін жарқыратып ашады. «Қорғансыздың күнін» талдау үстінде көркем шығарма табиғатын тамыршыдай дөп басады. «Дәл осы тұста автордың екі түрлі қасиетін анық тануға болады, – деп ойын өрбітеді Зекең, – біріншіден, шындықты берудегі шыншылдық; екіншіден, ортаны танытудағы ұлттық ерекшелік. Осы екі қасиет әңгімеге нақтылық, нұсқалылық және заттық сипат береді». Бұл – ұлы жазушының сұңғыла ойларының тереңіне бойлағанына сенімді дерек. Әңгіменің композициялық құрылымы мен сюжеттік желісі, тіл шұрайлылығы, дараланған көркем бейнелер – үлгілі прозаның, нәрлі, сәнді, мазмұнды шағын прозаның қазақ әдебиетіне толымды табыс ретінде түбегейлі қосылғандығын З.Қабдолов зерттеуі тиянақтап берді. Жазушы шығармашылығын жүйелі зерттеудің нәтижесінде «М.Әуезов және оның әсемдік әлемі» қолымызға тиді. Дәл осы тектес шымыр туындының дүниеге келуі З.Қабдоловтың кемеңгер суреткер Әуезов шығармашылығымен ұзақ жылдар шұқшия айналысуының жемісі. Зекеңнің өзінше толғасақ, «Әуезовтің жарық дүниеге көзін ашқалы көргені, сезгені, білгені, түйгені революцияға дейінгі көне ауылдың көне тіршілігі, тағдыры, ақиқаты болса, мұның өзі жазушы творчествосындағы өзекті тақырып боп, 1917 жылы басталған «Еңлік-Кебек» трагедиясынан 1957 жылы аяқталған «Абай жолы» эпопеясына дейін қырық жыл бойы желісін үзбей созылып келуі – Әуезовтің әсемдік әлеміндегі заңдылық, творчестволық тұлғасындағы тұтастық». Мұхтар Әуезов мұрасы – академик-жазушы Зейнолла Қабдолов ғылыми ізденістері мен көркемдік әлемінің ең бір шұрайлы, аса маңызды әрі құйқалы тұсы. Зекеңнің зерделеуіндегі ұлы жазушы қаламынан шыққан алғашқы әңгімелері, повестері, шеберлік шыңына шығарған «Қараш-Қараш оқиғасы», кемел суреткердің қолтаңбасын анықтай түскен «Қилы заман» шығармасы «ар ісінің» қадір-қасиетін тәжірибелі тамыршыдай бұлжытпай тануға жол сілтеумен шектелмей, тұнып тұрған шеберлік әлемінің сиқырлы жұмбақ кілтін іздеуге бағыт-бағдар көрсетті. Әуезовтің алуан бояулы қаламының іздерінен нәр алатын азық, сахарада күн қақтап, аңызақ жел кенезесін кептірген шөліркеген жолаушыға сусын боларлық қасиет жіпке тізгендей көңіл таразысына салынады. Көңіл таразысына салынғаны өз алдына, жазушы зертханасының нелер құпиясын ұсақ бір деталь, болмаса табиғаттағы әдемі өрнек, кейіпкердің жан құбылысындағы толғаныс, тебіреніс нақты мысалдармен өрнектеліп өріледі. Көркемдік компоненттердің орнымен, ретімен шығарма әлемінен орын тебуін зерттеушінің қиядан шалатын таным-түйсігі қапысыз ажыратып, оқырман зердесіне ұялатады. 1917 жылғы классикалық «Еңлік-Кебектен» бастау алатын драма поэтикасының бедерлі айшықтары өмір сапарының соңғы жылдарына дейін жалғасқан қаламгерлік кемелдік Әуезов – драматургтің жанр табиғатын бойлай ұғынып, ондағы характерлер қақтығысы, сезімдер шайқасы, көркемдік құралдарының даралануы, тілдік сипаттардың ашылуы жан жақты шешімін табады. Бір сөзбен түйгенде, «Абай жолы» эпопеясына бастайтын сенімді баспалдақтардың жазушы шеберханасындағы сапалық өзгерістерін – шығарманың пісіп-жетілуі, шыңдалуы сияқты бір-бірінен ажырамас ұғымдардың сыр-сипатын тәптіштей тарқатады. «Абай жолы» эпопеясы – Әуезов шығармашылығының шыңы ғана емес, тұтастай қазақ әдебиетінің көтерілген биігі. Шығармашылық сапарының бастауы әрі қорытындысы. Кейбір сыншылар 1936 жылы баспа көрген «Татьянаның қырдағы әнімен» роман тарихын байланыстырмақ сыңайлы. Алайда біздің ойымызша, жазушы ұлы ақын өмірінен күрделі шығарма жазуға ертеден қамданған. Жүсіпбек Аймауытовпен бірге Семейде 1918 жылы «Абай» журналын шығаруы, онда Абай өлеңдерін, қарасөздерін, аудармаларын, ақын жайлы естеліктерді жариялауы, «Абайдың өмірі мен қызметі», «Абайдан соңғы ақындар» теориялық мақалаларына орын беруі елеп-ескерерлік жағдай. Қазақстан халық ағарту комиссариатының тапсыруымен ақынның 1933 жылы толық шығармалар жинағын басып шығаруы да кездейсоқ емес. Ұлы жазушының өзі роман-эпопеясын «күллі творчестволық тіршілігіндегі түбегейлі әрекетіне» балаған. З.Қабдолов ұстазының өрелі ойын тіпті ширата түседі. «Абай жолы» – Әуезовтің бас кітабы, – дейді Зекең. – Ол өзінің осынау ұлы шығармасын жазып үлгеріп кетті. Оның суреткер ретіндегі бақыты да осында еді». Эпопеяның алғашқы екі кітабы баспа көрген шақта етектен тартып, аяқтан шалғысы келгендер табылғанымен, жазушы қаламына жармасуды көксегендер бой көрсеткенімен ақыр аяғында айқайшыл сыншылар айдалада қалды. Сырттан пыш-пыштаушылар да тыйыла бастады, бақытымызға қарай. 1949 жылы «Абай» романына бірінші дәрежелі Мемлекеттік сыйлық берілгенде халқымыздың тағы бір ұлы тұлғасы академик Қаныш Сәтбаев: «Қазақ елінің өмір тіршілігі мен болмыс-тұрмысын бар қырынан жан-жақты суреттейтін шын мәніндегі энциклопедия» деп асқан білгірлікпен лайықты бағалады. Бас кітапқа берілген әділ баға. Тілдің стихиясын жанымен сезінген шебер қаламгер, әдеби процестің ұңғыл-шұңғылын жетік меңгеріп, шығармашылық психологиясын қанына сіңірген сыншы ғалым, әдебиет теориясының екінің бірі аңғара бермейтін тылсым сырларын студенттерінің зердесіне құйған теоретик ұстаз Зейнолла Қабдоловтың «Абай жолы» эпопеясын талдауы өзгеше. Өзгеше болмай қайтсін, бір басына соншама қасиеттерді дарытқан парасатты қалам иесінің толғанысы мен тебіренісі елден ерек болмысы шүбә туғызбас, сірә. Зекеңді тыңдайық: «Төрт кітаптың өнебойына адам образдарын жасауға қызмет етпейтін бір де бір деталь, штрих, керек десеңіз, бір де бір сызық жоқ. Бәрі де мінездеу мен мүсіндеу, жинақтау мен даралау міндеттерін атқарып тұр. Әр характердің жасалу тарихы бар. Әр образ тип дәрежесіне дейін көтерілген. Басты кейіпкерлер ылғи өрбу, өсу үстінде көрінеді». Талдаудың классикалық үлгісі. Таңдай қағып, тамсанудан ада. Суреткерлік мол олжалар ғалымның көңіл таразысымен рет-ретімен, лек-легімен ақтарылған. Жазушы шеберханасының заман құбылысын танудан басталатын ешкімге ұқсамас құпияларын суыртпақтай келе әлеуметтік әуезділік пен өрнекті нақыштарды оқырман зердесіне ұялатады. Эпопеяға материал жинақтау, шығарманың жоспарын құру, процесіне кірісу барысына жете мән беріп, жан-жақты ойластырғандығы қаламгердің қойын кітапшаларында, жол жазбаларында, эскиздік қалыптағы дүниелерде сақталған. Оларды мұхтартанушылар үнемі жариялап, оқушының қаперіне кезегімен ұсынып жүр. Оқырманымен кездесу сәттерінде болашақ жоспарларынан хабардар етіп қоятыны тағы бар. М.Әуезов «Абай» романының жазылу жайынан», «Как я работал над романом?», «Как я работал над романами «Абай» и «Путь Абая» мақалаларын оқырманына ұсынып, ой бөлісіп отырғаны белгілі. «Материал жинай жүріп мен Абайдың достарымен, ақын талантын қадірлеушілермен де, тіпті оның бұрынғы жауларымен де, күндеушілерімен де, немесе жалпы замандастарымен, балаларымен, немерелерімен де әңгімелестім. Осы ізденудің нәтижесінде мен болашақ геройым туралы орасан көп деректер жинадым», – деп ескерткен-ді жазушы. Сол тыңғылықты ізденістер қаламгердің бас кейіпкері – «сүйікті Абайдың» қайталанбас бейнесін сомдауға мүмкіндік туғызады. З.Қабдолов бұл жағдайдан мейлінше мол хабардар еді. Сондықтан да: «Абай – кең құлашты, мол тынысты эпикалық образ. Абай образы – эпопеяның жаны мен жүрегі. Бұл бейнені Әуезов өзінің кемел көкірегінде қолына қалам ұстаған күннен бастап аялап, ойында тербетіп, ғұмыр бойы қиялында өрбітіп келген», – деуі заңдылық. Ақын Абай, ойшыл Абай, қайраткер Абай, хәкім Абай бейнелері бір-бірін толықтырып төрт кітаптың өнебойында қимыл-қозғалыс, іс-әрекетімен көрінеді. Әрине, романдағы Абай образы басқа да зерттеулерде тиянақты түйінге тірек болғандығын ескеріп ұзақ сонар әңгімеден бойымызды аулақ ұстадық. Соңғы жылдары баспасөзде Құнанбай тұлғасы төңірегінде әрегідік негізі жоқ көбік сөздер естіліп қалып жүр. Бас кейіпкері Абай бейнесі асқақ көрсетіліп, Құнанбай бейнесі бәсеңдеу суреттелген, шындықтан алшақтайтын сәттер де бар. Кеңестік цензура мен социалистік реализмнің тұқыртуынан құтылған бүгінгі таңда М.Әуезов Құнанбайды басқаша бейнелер еді деп сәуегейшілік жасаушылар да кездесіп қалады, өкінішке қарай. Дәл осындай күлбілте сауалдардың жауабын З.Қабдолов зерттеулерінен табасыз. «Құнанбай образының жасалу шеберлігі бүкіл дүниежүзілік әдебиет тарихында сирек ұшырасады», – дей келіп романның өнебойында Құнанбай бейнесінің көрініс табуын бірнеше мысалдармен айшықтайды. ...Құнанбай – азулы ғана емес, ақылды; шоқпар мен сойылдың ғана емес, әріден толғайтын ойдың адамы. Көзі дара болғанмен көкірегі сара – көреген; ашуы мен қайратын қатар ұстайтын, қаталдығының арғы жағында қайсарлығы жатқан қасарма, сұғын қадағанды сілейтпей тынбайтын қазымыр, қырыс кісі... ...Құнанбай алыс-жұлысқа, арпалысқа ғана емес, сөзге де жүйрік шешен; тілі өткір, тиген жерін тіліп түседі. Осылардың бәрі Құнанбайдың өз ортасынан биік, оқшау тұрған жоталы тұлға екенін көрсетеді және оның осындай өзгеше бөлек бітімін өз ортасы да әбден мойындап болған... ...Құнанбай – тек өзі билеп отырған қазақ сахарасын ғана емес, осылардың бәрін бақылайтын патша әкімдерін де мысын құртып, уысына алып алған жұмулы жұдырық... Қазақты бұқтырып, орысты ықтырып, бәрін өз алдында құрдай жорғалатқан Құнанбайдың философиясы да, дипломатиясы да бір басына жетерлік... Эпопеяның өнебойынан сүзіп алған Құнанбайдың қоршаған ортадағы орны, қосқыртысты саясаты, айла-тәсілі, ел билеудегі ерекшеліктері, мұсылмандық жоралғыға жүйріктігі, тағысын тағыларды даралап көрсетуі – З.Қабдолов ғылыми еңбектерінің басты нысанасы. Әуезовтің образ жасаудағы суреткерлік табыстарын Зекең жүйелей жіктегенде еріксіз бас шұлғисыз. Иә, Мұхтар Әуезовтің әсемдік әлемі хақында, оның бас кітабы – «Абай жолы» жайында әңгіме өрбіту ұзын сонарға жетелей жөнелетіндігі сөзсіз. Жазушылық әлемі тұтастай ерлікке бергісіз қаламгер мұрасын көркемдік бітімінен аңғарамыз. Алда да эпопея табиғатын саралауды міндет еткен толайым зерттеулердің өмірге келері хақ. Бірақ кім жазса да Зекеңнің зерттеулерін айналып өте алмас, қайта өнердің ұйтқысы, мәйегіндей жазушының көркемдік әлемінің бұрынғы буын байқамаған сырларын өсер өскіннің тануында адастырмас Темірқазық қызметін міндетіне алары анық.   * * *   Біз қозғаған әңгіме желісі З.Қабдолов шығармашылығына жетелері хақ. Ал Қабдолов мұрасының мәнді, маңызды саласы – Әуезов. Тек қана – Әуезов! Өмірлік ұстанымы да, ұстаздық өнегесі де, шәкірттік махаббаты да – Әуезов! «Бір күні Шыңғыс [Айтматов – А.Е.] маған: – Мұхаңды өлердей жақсы көресің-ау, осы сен... – деп қалды. – Өлердей! – дедім мен ойланбастан. – Мұхаң да сені жақсы көрген... – деп Шыңғыс ойланып тұрды. – Мен соны білдім ғой. Мен үндемедім... Шыңғыс бір күні маған: – Сенің Мұхаң жөнінде бір нәрсе жазу ойыңда бар ма, сірә? – деді. – Бар, – дедім. – Бәсе, – деді Шыңғыс, – бәсе, бір адам жазса, сенің жазуың шарт. Не жазасың, қалай жазасың, ол өз еркің. Бірақ Мұхаң туралы сенің сөзің керек. Керек-ақ». Бұл – бүгін арамыздан алыстап кеткен, рухтары пейіштің төрінде шалқыған екі арыстың сұхбатынан. Керек сөз – ғылым кеңістігінен нәрленіп, нұрға бөленіп, көркемдік әлеміне жол алған Қабдолов сөзі – «Менің Әуезовім» роман – эссесі! Ол – өз алдына бөлек әңгіме.  

Арап Еспенбетов,

Қазақстанның еңбек сіңірген

қайраткері, профессор 

Семей қаласы

Серіктес жаңалықтары