"Тасөткел" - Отанға деген сағыныш

"Тасөткел" - Отанға деген сағыныш

"Тасөткел" - Отанға деген сағыныш
ашық дереккөзі
  Қазақ – тарихы  мен  тағдыры  ауыртпалыққа  толы  халық. Ол  қиындықтарды  жеңу  қайсарлық пен  табандылықты, өмірсүйгішікті  талап етеді. Осыған орай, «Хабар» телеарнасы көрермендеріне «Тасөткел» драмасын ұсынбақшы. Отан дейтін қасиетті ұғымды өз жанынан биік қойған тағдырлы жандардың өмірін суреттейтін картинаның режиссері Мұрат Бидосов, ал сценарийін жас жазушы Сержан Закерұлы жазған. Түсірілім жұмыстары мен телехикаяның мақсаты  «Түркістан» газетінің  оқырмандарын бейжай қалдырмайды деп  ойлаймыз. – Мұрат мырза, жаңа сериалдың түсірілім жұмыстары жүріп жатыр. Жоба не туралы? – Бұл жоба тарихи күрделі кезеңдерде қуғын-сүргінге ұшырап, қиындық көріп, туған жерінен алыстап, жат жұртқа аууға мәжбүр болған адамдардың тағдыры туралы. Нақтырақ айтсақ, Кеңес өкіметінің 30 – жылдардағы күрделі саясаты тұсында «ұлтшыл», «халық жауы» деген айыппен зардап шеккен қаншама отандастарымыз бар. Жаңа жобаның көтерген жүгінің бір саласы  сол қиын-қыстау кезеңнің ақтаңдақ беттерін ашу болды. Тарихи деректерге көз жіберсек, 30- жылдардағы зобалаңнан халқымыздың тең жартысы қырылып, көбісі жат жұртқа босып кетті. Міне, дәл осы кезеңде Ауғанстанға да біраз қандастарымыз көшіп, сол жақты паналады. Сериалдағы оқиға осы кезеңді қамтиды. Арал теңізі маңында орналасқан балықшылар ауылындағы бір отбасының тағдыры суреттеледі. 20-жылдардың соңында Ауғанстанға өтіп кеткен бір азамат Кеңес өкіметінің саясатына қарсы болып, бауыры мен қарындасын өзімен бірге алып кетуге келеді. Дегенмен бұл сапар өте қиынға соғады. Жол азабы мен қызылдардың қуғынынан бәрі қырылып, тек қана кішкентай бала ғана аман қалады. Бала Ауған жерінде жалғыз адасып, базар маңын жағалап, нан тауып жеп жүреді. Оның бақытына орай ауғанстандық еткіші шал оны тауып алып, тәрбиелейді. Бала ер жетіп, қолынан өнер тамған хас шеберге айналады. Шебер болып өскен кейіпкеріміз мылтық құрастырып, ауғандық генералдың көзіне түседі. Генералдың сенімді адамы болып жүреді. Ауғанстандағы саяси тұрақсыздықтан генералға қастандық жасалып, бас кейіпкеріміз Түркияға қашуға мәжбүр болады. Түркияға өтіп, қол өнерінің арқасында тері қиқымдарынан күртеше тігіп, еңбектеніп, цех ашады. Жылдар өтіп, ауқатты кәсіпкерге айналады. Оның тағдыр жолы тым қиын болып, өзінің кім екенін, қайдан шыққанын ұмытқан еді. Дегенмен ұзақ ізденістен кейін қазақ екенін біліп, туған жеріне оралады. Картинада басты кейіпкердің өмірінің 3 кезеңі – балалық шағы, жігіттік кезеңі, қартайған уақыты көрсетіледі. Осы оқиғалар арқылы түрлі тарихи кезеңдер бір адамның тағдыры арқылы ашылып отырады. – Бұл картина өмірде  болған оқиғаға   негізделген бе? – Оқиға өмірде болған десе де болады. Дәл осындай тағдырды бастан өткерген қаншама адамдар бар. Көркем туынды болғандықтан өмірде болған оқиғаны дәл солай етіп көрсетуге болмайды ғой. Оған қосымша сюжеттік желі қосылды. Болған оқиғаны әрлеп, тарихи кезеңдегі оқиғалармен ұштастыра берілді. – Басты кейіпкер өмірде бар адам ба? – Басты кейіпкердің басынан өткерген оқиға ел арасында көп айтыла қоймаған екен. 90-жылдардың басында, қартайған шағында елге оралып, туған жерінде қайтыс болған деген деректер ғана бар. Бұл оқиға тек қана сол адамның басынан өткен деп айтуға да болмас. Мұны осындай қилы тағдыр кешкен адамдардың жинақталған образы деп білгеніміз жөн. – Фильмді неліктен «Тасөткел» деп алдыңыздар? – «Тасөткел» деген атаудың өзі, қарап отырсаңыз, бұралаң жол басып, қиын-қиын өткелдерді бағындырған адамның тағдырын дәлме-дәл ашатын атау. Шын мәнінде кейіпкеріміздің басып өткен жолдары тасөткелмен пара-пар. Оқиғаның шытырмандығы, кейіпкердің бастан кешкен қиындықтары осы атауға әбден лайық болғандықтан «Тасөткел» деп атадық. Образды түрде алсақ бүкіл қазақ халқының басынан кешкен қиын өткелдерін де білдіреді. – Актерлер құрамы туралы айта кетсеңіз. Басты рөлді кім сомдайды, ол адам қалай таңдалды? – Актерлар құрамы туралы айтар болсақ бас кейіпкер Қасымның образын 3 кезеңде үш актер ойнады. Балалық шағы, бозбала, жігіттік кезеңі, қартайған шағы. Қартайған шағын елімізге танымал актер Бауыржан Қаптағай ойнаса, жігіттік шағын Арнұр Құдиярбек есімді жас актер сомдады. Марат Абай-Ділдә, Дархан Сүлейменов, Ғазиз Сұрапбаев, Ергенбай Әбуов сияқты актерлар, Наргиз Алтайбай есімді жас актрисалар өз кейіпкерлерін жақсы алып шықты. – Түсірілім жұмыстары шет мемлекеттерде жүріпті. Қиындықтар туған жоқ па? – Ия, оқиға желісі бойынша Түркия жерінде кейіпкеріміздің адал еңбекпен биік дәрежеге көтерілуі және оның махаббат хикаясы сынды біраз эпизодтар Ыстамбұл қаласында түсірілді. Ескі Ыстамбұл шаһары, Мәрмар теңізінің жағалауында түсірілім жұмыстары өтті. Ешқандай қиындықтар болған жоқ. Керісінше Түркия елі құптап, тиісті мекемелер жақсы көмек берді. Оларға көптен көп рахмет айтамыз.  – Фильмнің мақсаты мен маңызына тоқтала кетсек  деймін... – Фильмнің негізгі мақсаты тағдырдың жазуымен атажұрттан алыстап, қилы тағдыр кешкен ағайындарымыздың отанға деген ыстық ықыласын көрсету болса, енді бір жағынан халқымыздың басынан кешкен тағдырын көрсету арқылы бүгінгі тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін ұғындыру. Елбасының «Болашаққа  бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған туған жер, отансүйгіштік қасиет туралы ізгі ойларына фильмнің идеясы  да ұштасатыны айтпасақ та түсінікті. Бейнелеп  айтсақ, Мысырды билеген бабамыз Сұлтан Бейбарыс өзінің Ұлы даласын сағынып, кіндік қаны тамған даласына оралмай ма? Міне, біздің кейіпкер де дәл сондай еліміз егемендік алғанда атажұртына сағынып жетеді. Ұрпағына отаннан артық жәннат жоқ екенін ұғындырады. Сондықтан  қалың көрерменге Отаннан артық жұмақ жоқ екенін еске салсақ деген ізгі ниетте болдық. – Әңгімеңізге  рахмет!  

Әңгімелескен

Жадыра  Жақсытай