«Bozar» өнер орталығы: Кассада билет қалған жоқ

«Bozar» өнер орталығы: Кассада билет қалған жоқ

«Bozar» өнер орталығы:  Кассада билет қалған жоқ
ашық дереккөзі
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Астана Балет» театры алғаш рет Брюссельде өнер көрсетті. Бельгия астанасындағы «Bozar» өнер орталығының сахнасында қазақтың ұлттық музыкасына қойылған балетті ұсынған өнер ұжымы шетелдік көрерменді тәнті етті. Бельгиялық көрерменнің қазақ өнеріне қызыққаны сондай, концертке бірнеше күн қалғанда кассада билет таусылып кеткен. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Астана Балет» театры екі күн қатарынан Бельгияның Брюссель қаласында өз өнерін көрсетті. Әрине, бұл – біз үшін үлкен жауапкершілік және зор мәртебе. Ұлттық «Ұлы дала елі» бағдарламамызға қызығушылық танытқандар көп болды. Біздің ұлттық дәстүрде, ұлттық хореографияның пластикасы негізінде қойылған билер арқылы шетелдік көрерменге өз мәдениетімізді өнер тілінде жеткізгіміз келді», ‒ дейді «Астана Балет» театрының балетмейстері Айгүл Тәти. Көрермендер Эдит Пиаф репертуарындағы әуенге қойылған «Астана Балет» орындауындағы  «Love Fear Loss» қойылымын өте жылы қабылдады. Ал қазақ халқының салт-дәстүрі, қыздарының хас сұлулығы, «Ұлы дала елі» ұлдарының жігері, Құрманғазы мен Дина Нұрпейісованың күйлеріндегі ерекше бояу шетел жұртшылығын көшпелілер мекенінен бір-ақ шығарды. Бельгия төрінде қазақ театрының өнерін тамашалағандардың бірі – Бельгияның Қазақстандағы экс-елшісі Мишель Питерманс. «Қазақстандық достарымызды Брюссельде көргеніме өте қуаныштымын! Бельгиялықтар қазақ әртістерін құшақ жайып қабылдауда. Астаналықтардың танымал «Bozar» орталығының «Анри де Бофф» залында өнер көрсетуі – зор жетістік», ‒ дейді ол. «Браво» деп шуласқан бельгиялық көрермен қазақстандық әртістерді сахнадан жібергісі келмеді. «Астана Балет» бишілерінің өнеріне тәнті болған шетелдіктер орындарынан тұрып, ұзақ қошемет көрсетті. Жас театрдың ендігі бағыты – Санкт-Петербург қаласы. Астаналық өнерпаздар ресейлік көрерменді де өнерімен тәнті етері күмәнсіз.