Ел ертеңі – білімді өрендер

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында белгілеп берген жаңғырудың 6 бағытының бірі – білімнің салтанат құруы. Ондағы мақсат – елдің ертеңгі іргесі берік болуы үшін бүгінгі жастар сапалы білім алып, білікті мамандар қатарын толықтыру қажет.

Мағжан Жұмабаев: «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы мектебінің қандай негізге құрылуына барып тіреледі», – деген еді. Қазіргі заманғы білім беру жүйесі, оқытудың инновациялық нысандары мен әдістерін енгізу мектептерге, ондағы педагог қызметкерлердің тұлғасына және кәсіби құзыреттілігіне жоғары талаптар қоюда.

Ұлттық мектеп туралы сөз болғанда, ең алдымен есімізге ауыл түседі, ол заңды нәрсе. Өйткені қазақ халқының ұлт болып, ел болып қалыптасуы ауылда жүзеге асты, оның генофоны да ауылда. Ауыл мен қазақ – егіз ұғым. Халқымыз іргелі ұлт ретінде ең алдымен ауылда қалыптасты, өзінің болмыс-тіршілігін, тарихын, экономикалық және әлеуметтік жағдайы мен мәдениетін дамыта отырып жетілді. Түр жағынан да, мазмұн жағынан да жаңғырды. Ауыл ұлттық мәдениетіміздің әлемдік деңгейдегі дамуын қамтамасыз етіп отырды, бұл ретте ауыл мектебінің, ауыл мұғалімінің, ауылда туып-өскен, оқып қалыптасқан азаматтардың үлесі зор екенін айтқан жөн.

Қазақ халқының ұлттық ғылымы мен мәдениетінің көрнекті қайраткерлері түгелге жуық ауылда туып, білім негізінің бастапқы сатысын ауыл мектебінде алды. Ауыл мектептерін бітіріп, академик, жазушы, ақын, өнер, қоғам қайраткері атанған азаматтар көптеп саналады. Бұл тұрғыдан ауылдағы білім ошақтары таразы басын әрдайым басып тұратынын ешкім жоққа шығара алмас.

Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Саудакент ауылындағы тоқсан жылдық тарихы бар Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектебі де ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісі болып, аймақтың гүлденуіне, елдің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан талай саңлақты түлетіп ұшырды. Ұлттық тәрбие мен білім берудің жаңа моделін шебер ұштастыруымен ерекшеленетін білім ошағының оқушылары республикалық пән олимпиадалары, ғылыми жобалар жарысында жоғарғы орындардан көрініп жүр.

Тәуелсіз еліміздің келешекте өзге елдермен терезесі тең болып, өркениетті әлем елдері арасында өзінің лайықты орнын таба білетін өскелең жас ұрпақты ешкімнен кем қылмай, мектеп қабырғасынан-ақ білімді, тәрбиелі азамат етіп шығару үшін мектеп ұжымы мына мақсаттарды басшылыққа алады. Біріншіден, халықтық тағылымды меңгерген, парасатты, яғни өз ұлтының және басқа да ұлттардың тілін, мәдениетін бойына сіңірген, ұлттық тәлім-тәрбиемен қаруланған, патриоттық сезімі оянған, өз бетінше ойлай алатын шығармашылық тұлға тәрбиелеу. Екіншіден, шәкірттердің денсаулығын нығайта отырып, білімге деген сұранысын қамтамасыз ету. Осы мақсаттар мемлекеттік білім стандартының қалыптасуын қамтамасыз етіп, әдістемелік және тәрбиелік міндеттерді, педагогикалық, психологиялық және дамыта оқыту міндеттерінің орындалуын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.

Тәжірибелі ұстаз Лаура Асанова басқаратын мектепте педагог мамандардың білім деңгейін көтеруге айрықша ден қойылған. Білім ошағы мамандарын біліктілікті арттыру және ағылшын тілі курстарына бағыттау, тәжірибе алмасу үшін облыс орталығында, еліміздің өзге қалаларында өтетін ғылыми семинарлар мен конференцияларға қатыстыру назардан тыс қалмайды.

Сондай-ақ, мектептің заманауи білім көшіне ілесуі материалдық-техникалық базаға байланысты екені белгілі. Сол себепті демеушілердің қолдауымен мектептің базасын жақсарту, оқу бөлмелерін теориялық және зертханалық жұмыстарға қажетті құрылғылармен жабдықтау қолға алынған. Бұған қоса, мектепалды даярлаудың нысаналарын ұйымдастыру нәтижесінде балалардың мектепке даярлығын қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасалды.

Республика Президентінің Қазақстан халқына биылғы Жолдауы ұстаздарды жаңа серпінмен жұмыс атқаруға бағыттап отыр. Онда «Өмір бойы білім алу әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс» делінген. Білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыты өскелең ұрпақты тәрбиелеу жүйесін дамыту болып табылады.

Сондықтан орта білім жүйесі қазақстандық қоғам дамуының қазіргі заманғы талаптарына және әлемдік білім беру кеңістігіне кірігу шарттарына сәйкес жаңғыртуды талап етеді. Осы орайда, педагогтарды қағазбастылықтан арылтып, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік берген, оқушылардың инновациялық бастамаларына қолдау көрсетіп отырған Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектебінің тәжірибесін еліміздің барлық мектептеріне үлгі етуге болады.

Жуырда мектепте «Дарындыны дамыту, кемелдікке жол ашу» тақырыбында облыстық семинар-практикум өткізілді. Абайтану, Жамбылтану, Мұқағалитану, Артығалитану болып 4 бағыт бойынша өткен семинар облыс мұғалімдері үшін таптырмас тәжірибе алаңы болды. Аудандық деңгейде өткізілген орыс тілі пәнінің мұғалімдеріне арналған «Речь учащихся как одна составляющих традиционно-педагогических технологии» тақырыбындағы семинардың да педагог мамандарға бергені мол.

Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектебінің ұжымы Елбасының латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшу туралы тапсырмасын орындауға да ерекше көңіл бөлуде. Мектеп оқушыларына әліпби ауыстырудың мемлекет үшін маңызы жайлы түсіндіріліп, осы тақырып аясында ашық сабақтар, талқылаулар өткізілуде. Еліміздің ертеңі – бүгінгі өрендер. Сондықтан олар заманауи білім нәрімен сусындап қана қоймай, мемлекеттің дамуы үшін жасалып жатқан барлық бастамалардан хабардар болуы шарт.

 

 

Back to top button