394
"Нұрлы жолдан" бастау алған жоба
"Нұрлы жолдан" бастау алған жоба
Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту – маңызды басымдықтардың бірі», − дейді. Осы салаға Елбасының баса назар аударып, өз бақылауына алғаны тектен-тек емес. Еуразиялық жоба толық іске асқан кезде еліміздің экономикалық дамуы үшін пайдасы орасан зор болмақ. Өткен жылдың соңына таман халықаралық транзит жобасы бойынша Каспий жағалауындағы Құрық паром кешенінің 1-кезеңі ашылған еді. Бұл еліміздің көлік-логистика инфрақұрылымы саласында жүзеге асқан аса маңызды жоба. Ал оның 2-кезеңі ағымдағы жылдың соңына дейін толық бітіп, іске қосылуы тиіс.
Құрық порты тұрған жердің климаттық жағдайы өте қолайлы. Жылы ағыстың әсерінен қыста айлақтың суы қатпайды. Теңіз тереңдігі де ауыр жүк таситын кемелерге тиімді. Олар осы порттан тікелей Каспий теңізінің қарсы бетіндегі Әзірбайжан портына қарай жол тартады. Құрық портының тағы бір артықшылығы – қазіргі заманауи техникалық құрылғылармен жабдықталған. Бұрын теміржолмен келген жүкті кемеге арту үшін вагондардан түсіріп жататын. Енді ауыстыру жұмыстары басқаша сипат алып, вагондар бірден кемелерге тиеледі. Бұл уақытты тиімді пайдалануға қол жеткізуде. Құрық порты Транскаспий халықаралық дәлізінің қақпасына көлік-логистикалық жүйенің маңызды бөлігіне айналды. Оған дәлел Құрық порты пайдалануға берілісімен-ақ, Әзірбайжанның «Шахдаг» жүк тасушы кемесіне Маңғыстау локомотив пайдалану депосының вакуумдық газ майы тиеліп, Бакуге экспортталды. Сондай-ақ, осы портта 2733 тонна көмірсутек тиеліп, Әзірбайжанның Алят портына жеткізіліп, теміржол арқылы Батумиге, одан әрі Еуропадағы тиісті жеріне жол тартты.
Қыркүйек айында Республика Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин іссапармен Құрық паромына келіп, мұндағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан. Ол порттың ұжымымен кездесу барысында Маңғыстау еліміздің көлік-логистика саласында үлкен орын алатынын, сондықтан мұнда жаңа жобалар жүзеге асырылып жатқанын, жаңа нысандар салынып, жаңа жұмыс орындары ашылғанын, Елбасының Маңғыстау облысының дамуына әрдайым көңіл бөліп отыратынын айта келіп: «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша іске асып жатқан стратегиялық жобалардың бірі – Құрық паром кешені. Бұл кешеннің еліміздің экономикалық әлеуетін арттырудағы маңызы зор. Құрық паромы кешені арқылы аймақтық жоба бойынша Азия мен Еуропаға жол ашылып отыр. Карс-Ахалкалаки транспорттық дәлізінің құрылысы да аяқталуға жақын. Сол дәліз бітісімен Ақтау порты мен Құрық паромынан жүк жіберу көлемі күрт арта түседі», − деді.
Құрық порты бірнеше халықаралық көлік дәлізінің жұмысын үйлестіретін орталыққа айналысымен бұл жерден астық және мұнай өнімдері, тағы басқа да халық тұтынатын тауарлар Еуропа елдеріне жіберіледі. Әсіресе, бұл еліміздің транспорттық және экспорттық қуатын әлденешеге арттыратыны анық. Жуырда ғана Құрық паром кешенінен алғашқы миллион тонна жүк салтанатты жағдайда жөнелтілді. Паром кешені ұжымы жыл соңына дейін 1 миллион 300 мың тонна жүкті Каспий теңізінің арғы бетіне жеткізуді жоспарлауда.
Құрық порты ЖШС директорының орынбасары Талғат Оспанов: «Таяуда ғана порттағы паром кешеніне Республика Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев іссапармен келіп, мұндағы қарқынды атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, көңілі толғанын білдірді. Үстіміздегі жылдың басында құрылысы қолға алынған автокөлік кешені аясында жатақхана, асхана, қонақүй, кедендік бақылау қызметінің ғимараты, көлік өткізу пункті, өрт сөндіру депосымен қатар құрылысы жүріп жатқан ірілі-ұсақты 120 нысанды дер кезінде пайдалануға беру үшін жұмыстар үздіксіз жүргізілуде. Құрық порты мен паром кешені толық қуатында іске қосылған кезде жылына 2 миллион тонна жүкті кемелерге тиеу көзделініп отырғанын тілге тиек ете келіп: «Қазіргі таңда паром кешені аумағында 700-ден аса адам жұмыс істейді. Оның 600-і маңғыстаулықтар. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов қажетті мамандықтар бойынша жұмыссыздарды қайта даярлап, кадр жетімсіздігін болдырмау үшін игі шараларды ұйымдастыру жұмыстарын қолға алған», − дейді.
Иә, Құрық порты көлік-логистика инфрақұрылымы саласын дамытуда үлкен рөл атқаратыны анық. Жоба толық іске асқан соң бас-аяғы үш-төрт жылдың ішінде еліміздің теңіз порттарының жүк тасымалдау қуаттылығы 26 миллион тоннаға дейін жетеді деген болжам бар. Бұл олардың ел әлеуетін арттырудың ерекше мүмкіндігі болмақ.
Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылғы «Нұрлы жол» халыққа арнаған Жолдауында: «...Еліміздің көлік және транзиттік әлеуетін толық ашу үшін көрші елдермен үйлесімді іс-қимыл қажет. Жүктердің еркін транзитін, көлік дәліздерін құру мен оларды жаңғырту ісін қамтамасыз ету керек», − деген еді. Қазір Батыс Қытай және Батыс Еуропа автокөлік жолдарының біздің елге қараған бөлігінің құрылысы аяқталуға таяу. Алдағы жылдарда осы даңғыл жолмен Қытайдан − Еуропаға, Еуропадан − Қытайға қарай ағылған жүк көліктерін көретін боламыз. Сондай-ақ, елімізден Түркіменстанға дейін тартылған теміржолы Иранмен өзара тиімді экономикалық қарым-қатынасымызды жақсартып қана қоймай, екі елді мәдени жағынан жақындата түсері анық. Енді міне, осы бағытта Азияны Еуропамен тікелей байланыстыратын Баку-Тбилиси-Карс теміржолының іске қосылуы Қазақстанның да құлашын кеңге сілтеуіне мүмкіндік беріп отыр. Ұзындығы 826 шақырымға созылған «БТК» теміржолының құрылысы осыдан он жыл бұрын Түркия, Грузия және Әзірбайжанның келісімдерімен басталған болатын. Теміржолдың құрылысына жұмсалатын қаржы әуелгіде 422 миллион доллар деп белгіленген еді. Алайда таулы жерлердің қиындықтары жол салуға бөлінетін қаржының одан да көп мөлшерде жұмсалуын қажет еткен. Кейбір ақпарат құралдарының хабарларына қарағанда, тек Әзірбайжанның өзі оның құрылысына 640 миллион доллар құйған көрінеді. Ал бұл теміржолдың Қазақстанға қандай қатысы бар? Каспийдің шығысындағы Ақтау мен Құрық порттарынан Әзірбайжанға жөнелтілген жүк осы «БТК» арқылы Еуропа елдеріне жеткізілетін болады. Демек, бұл теміржолға біздің тікелей қатысымыз бар екені кәміл. Сондықтан да теміржолдың ашылу салтанатына Республика Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев үш ел басшыларының қатарында тұрып, жолдың екі жақтан түйісетін жерін жалғау мәртебесіне ие болды. «БТК» теміржолы арқылы әзірге жыл сайын 6,5 миллион тонна жүк, бір миллионға жуық жолаушы тасымалдау жоспарланған. Ал жол бойы инфрақұрылымы толық іске қосылғанда жүк тасымалын жылына 17 миллион тонна, жолаушылар санын 3 миллионға дейін арттыру басты мақсатқа айналуда.
Бұрын Қытайдан жеткен жүк Грузияның Поти портынан Қара теңіз арқылы Стамбұлға қарай жіберілетін. Ал «БТК» теміржолы іске қосылған кезде Поти-Стамбұл теңіз жолының бұрынғыдай маңызы болмай қалады. Өйткені сол бағытпен бұрын жүк тасымалдау қырық тәулікке созылған болса, Баку-Тбилиси-Карс теміржолы оны бірнеше тәулікке қысқартып, ары десе 12-15 тәулікте жеткізетін болады. Мамандар бұл теміржол бағытындағы Азия мен Еуропа арасын жалғастыратын ең қысқа жол деп отыр. Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев «БТК»-ні «Стратегиялық маңызы бар тарихи нысан» деп бағаласа, Грузия премьер-министрі Георгий Квирикашвили «Еларалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін жоба» деген еді.
Расында да, бұл теміржолдың Азия мен Еуропаның халықарлық көлік және сауда-мәдени қарым-қатынасына өзгеше сипат беретіні анық. Ел басшыларының сол басқосуында Георгий Квирикашвили: «Бүгінгі жөнелтілетін жүк Қытайдан ақырғы нүктеге дейін небәрі 8 тәулікте барады. Осы жобаны жүзеге асыруда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі айтарлықтай зор», − деді. Иә, «Нұрлы жолдан» бастау алған жоба халықаралық деңгейге көтеріліп отыр. «БТК» теміржолы тек Еуропа мен Қытай арасындағы жүк тасымалы қарым-қатынасымен ғана шектеліп қалмайды, туризм саласын да дамытып, елдердің ынтымақтастығының күшеюіне себепші болатыны анық. Бұл теміржол біздің еліміздің басқалармен бейбіт тұрғыдағы қатынасын жолға қоюмен бірге коммуникациялық әлеуетіміздің арта түсуіне де ықпал ететін болады. Бұрын өз өнімдерімізді Еуропа нарығына шығару үшін Ресейдің көлік инфрақұрылымын пайдаланып келдік. Алайда жолдың ұзақтығы біраз қолбайлау келтіріп жүрген. Ал Баку-Тибилиси-Карс теміржол бағыты уақыт шығынын едәуір қысқартып отырғандықтан әлдеқайда тиімді. Тариф те арзанға түседі.