460
Ақтау портының транзиттік әлеуеті арта түсті
Ақтау портының транзиттік әлеуеті арта түсті
Ақтауда халықаралық көлік-логистикалық форумы өтті. Басты мақсат – теңіз порты жүк айналымын арттыру, Маңғыстау облысының инвестициялық тартымдылығын көрсету.
Форумда күн тәртібіне қойылған келелі мәселелер –көлік-логистикалық әлеуетті арттыру, Каспий транзиттік дәлізіндегі бірыңғай тариф және өзара тиімді ынтымақтастық. Қазіргі таңда Каспий жағалауы елдерімен одан әрі белсенді ынтымақтасуға Маңғыстауда барлық жағдай жасалған.
Аталмыш форумға халықаралық теңіз жобаларының ірі инвесторлары – теңіз логистикасы белсенді дамыған елдер – Ресей, Әзірбайжан, Түркия, Қытай, Грузия, АҚШ, Ұлыбритания және Италия порттарының өкілдері, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың, жергілікті ірі мұнай компаниясының жетекшілері қатысты. «Маңғыстау облысының инвестициялық және көлік-логистикалық әлеуетін одан әрі дамытуға арналған халықаралық форумға қош келдіңіздер. Өздеріңізге белгілі, облысымыз Қазақстанның Каспий жағалауындағы бірден-бір аймағы ретінде Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту бағдарламасында шешуші маңызға ие. Мұның дәлелін өздеріңіз Қазақстанның теңіз қақпасы – Ақтау, Құрық порттарында болғанда көрдіңіздер», – деді Маңғыстау облысының басшысы Ералы Тоғжанов.
Мәселен, еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту үшін биыл Құрық порты құрылысының екінші кезеңі – автокөлік өткелін салу басталды. Жоба баламалы маршруттар бойынша көлік тасымалын дамытуда бәскелестік ахуал қалыптастырады. «Мультимодальды логистикалық тізбекті дамыту мақсатында заман талабына сай құрғақ жүк және паром флоты жасақталуда. 2020 жылға дейін флоттағы кемелер саны 20-ға жетеді деп жоспарлануда. Маңғыстаудағы көзделген логистика саласында жобаларды іске асыру Қазақстанның Каспийдегі логистикалық торабының қуатын 2018 жылдың аяғына дейін 25 миллион тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді», – дейді «ҚТЖ» ҰК» АҚ вице-президенті Арман Сұлтанов.
Форум аясында аймақтың транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Сондай-ақ, Ақтау мен Анаклия порттары арасында екіжақты меморандумға қол қойылды.