252
Жаһандық экономиканың жаңа шарты – жасыл облигациялар
Жаһандық экономиканың жаңа шарты – жасыл облигациялар
«Жасыл» экономикаға көшуді негізгі стратегиялық мақсаттарының бірі ретінде белгілеген еліміздің бұл бағыттағы әлеуеті қандай? Қазақстандағы жасыл облигациялар, жасыл несиелер нарығының аяқ алысы қалай? Жасыл технологиялар мен жасыл жобаларға қаржы салуды көздеп отырған инвесторларға қандай қолдау қажет? Осы сауалдардың жауабын іздеу үшін «Қазақстанның «жасыл» қаржы жүйесі» жобасын әзірлеген мамандар жуырда талдау жүргізді. Талдау барысында жеке және мемлекеттік қаржы институттарына, қаржы нарығына және заңнамалық базаға зерттеу жүргізілген.
«Біріншіден, саясат пен әлеуеттің, әсіресе қалдықтарды сатуда бірқатар олқылықтардың бар екенін анықтадық. Есептерді дайындауда шектеулер бар, яғни қаржылық кедергілер, ұзақмерзімді капиталдың тапшылығы сезіліп отыр. Әдетте, барлығы ұзақмерзімді инфрақұрылымдық жобалар үшін қолжетімді болады. Ең ұзақ мерзім – 7 жыл, ал 7 жыл инфрақұрылымдық жобалар үшін жеткіліксіз. Міндеттемелер мен активтер арасында теңгерім жоқ. Сектордың өзі, ЖІӨ тұрғысынан айтар болсақ, өзге салалардан қалыс келеді. Нарықтағы кедергілер, инфрақұрылымдық қызметтерге деген төмен тариф, муниципалды қызметтерге қысқамерзімді келісімшарттар, қоршаған ортаны қорғау туралы ақпараттың болмауы – мұның барлығы біздегі жетілмеген «жасыл» экономика жүйесін айғақтайды», – деді жұмыс тобының жетекшісі Катуллус Хельмер Астанада өткен конференцияда.
Оның айтуынша, қазіргі қабылданып жатқан шаралар жеткіліксіз. Жаңартылатын энергия саласына салынған кей инвестициялар жүзеге асырылған, бірақ активтерді басқаруда инвестициялық мандат жоқ. Банктер қанша қаласа да, «жасыл» экономиканы қаржыландырмайды. Оған қоса, әзірленген дайын «жасыл» өнімдер де жоқ. Осыған байланысты жұмыс тобы Қазақстанның «жасыл» қаржылық жүйесін дамыту тұжырымдамасына 7 негізгі ұсынымды әзірледі.
Сарапшылардың айтуынша, ең алдымен, Қазақстанға үйлестіруді басты орынға шығару қажет. Жақында ғана құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығын көміртек нарығы мен «жасыл» қаржыландырулар үшін Ұлттық чемпион ретінде бекіту және «жасыл» экономикаға көшу бойынша қаржы жүйесін жол картасына біріктіру керек. Жол картасы, өз кезегінде, мемлекет тарапынан ресми қолдауға ие болуы тиіс.
Қоршаған ортаны қорғау адамзат баласының маңызды міндеттерінің бірі екенін түсінген әлемдік қауымдастық жасыл облигациялар нарығын дамытуға айрықша көңіл бөлуде. Жасыл облигациялар – жаһандық экономикадағы жылдам дамушы салалардың бірі, ол жыл сайын 40-50 пайызға өсіп отырады. Әлемдік инвесторлардың Қазақстанның жасыл экономикасына деген қызығушылығы артқанын ескеріп, «Астана» халықаралық қаржы орталығы алдағы 12 айда алғашқы «жасыл» облигацияларды шығару мәселесімен айналыспақ.
«Алғашқы қадамдар өте маңызды болмақ. Біз мұнда алғашқы «жасыл» облигацияларды қалай шығару қажеттігін түсіну үшін Астана әкімдігімен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Алдағы 12 айда дәл осы мәселемен айналысатын боламыз», – деді Орталық басшысы Қайрат Келімбетов Астанада өткен «жасыл» қаржы жүйесінің тұжырымдамасын әзірлеу туралы конференцияда. Ол жақында ғана құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) ЭКСПО-2017 көрмесі аумағында орналасатынын еске салды. Келімбетовтің айтуынша, ағылшын құқығына негізделген реттеуші база құрылды. Халықаралық тәуелсіз төрелік соттарды құру жұмыстары да аяқталып келеді. Сонымен бірге, екі ойыншысы бар жаңа биржа құрылады: америкалық NASDAQ биржасы IT-платформамен қамтамасыз етіп, АХҚО серіктестерінің біріне айналады, ал Шанхай биржасы құрылып жатқан биржаның акционері болуға дайын.