Бизнесті қолдау – дамудың кепілі

Бизнесті қолдау – дамудың кепілі

Бизнесті қолдау – дамудың кепілі
ашық дереккөзі
Апта басында Үкімет отырысында 2017-2021 жылдарға арналған Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасының, сондай-ақ «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды. Еңбек өнімділігін арттыру мақсатында кәсіпкерлік білім беру,  шағын несие рәсімдеу және еңбек ресурсы мол өңірлердің халқын солтүстікке қоныстандыру жұмыстарының барысы пысықталды.

Кәсіпкерлікке қолдау көп

Ресми деректерге сүйенсек, ел азаматтарының 25 пайызында тек орта мектептік білім бар, ал өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендердің 49 пайызында орта арнаулы немесе кәсіптік білім жоқ екен. Сондықтан мемлекет осындай азаматтарды еңбек нарығына қажетті мамандықтарға оқыту арқылы жұмыссыздықты азайтуды көздеп отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша соңғы 7 айдағы жұмыс қорытындысын жариялады. Оның дерегінше, бағдарлама аясында 2017 жылы бюджеттен 85,3 миллиард теңге жұмсау қарастырылған. «Қазіргі уақытта бағдарламаға қатысуға 276,2 мың адам ниет білдіріп, оның ішінде 248,4 мың адам немесе 90 пайызы бағдарлама қатысушылары қатарына қосылды. 200 мың адам – жұмыссыз, 48,4 мың адам өзін жұмыспен қамтығандар саналады. Жеті ай ішінде жұмыспен қамтылған 213,9 мың адамның 83,4 пайызына міндетті зейнетақы жарнасы аударылып тұрады. Еңбекпен қамтылғандардың ішінде 56,1 пайызы тұрақты жұмысқа орналасты», – деді вице-министр. Өнімді жұмыспен қамту үш бағытта жүргізілуде. Бірінші бағыты – жұмыссыз жүрген азаматтарды қысқа мерзім ішінде жаппай оқытып, кәсіптік мамандыққа баулу. Б.Нұрымбетовтің айтуынша, министрлік «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, кәсіп­орындардың жанынан оқу орталықтарын құруды бастаған. Бұл бастама оқу сапасын арттырып қана қоймай, бітірген түлектердің сол кәсіпорында жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Әзірге осындай 39 орталықтың тізімі бар. Жыл соңына дейін қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 70 мыңнан астам адамды қамту жоспарланып отыр. Екінші бағыт – ел азаматтарын кәсіпкерлік негіздеріне оқыту және жеңілдетілген шағын несие беру арқылы олардың бизнес бастамаларын қолдау. Бұл «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы жүзеге асырылуда. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, 2017-2021 жылдар аралығында еңбек нарығының талаптарын ескере оты-рып, 320,5 мың адам техникалық және кәсіптік білімі бар кадрлар даярлауға тартылады. «Аймақтарда кадрлар даярлау бойынша үміткерлер тізімін құратын 1844 мобильді топ құрылды. Сервис және қызмет көрсету, техникалық, технологиялық, ауыл шаруашылығы салаларында 586 біліктілік бойынша жұмысшы кадрларын даярлау үшін 317 білім беру ұйымынан және 271 басымдықты мамандықтан тұратын тізім анықталды. Бағдарламаның қатысушылары санатына оқу орындарына түспей қалған 9-11 сыныптардың түлектері, жұмыс іздеп жүргендер, өмірдің қиындығына тап болғандар, аз қамтылған отбасылардың мүшелері және басқа да санаттағы азаматтар жатады. Бағдарлама қатысушыларына шәкіртақы төленеді, бір рет ыстық тамақ беріледі және жолақысы төленеді», – деді Е.Сағадиев. Оның ақпарынша, қазіргі кезде кадрлар даярлауға үміткерлерден 12 мың 771 өтініш келіп түсіпті. Үшінші бағыт – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру арқылы еңбек нарығын дамытуды көздейді. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар арасынан 213 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылған. Соның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына – 18 мың адам (жоспардың 109,7%-ы), қоғамдық жұмыстарға – 61 мың адам (78,5%) орналастырылған. 15 мың жас маман «жастар тәжірибесіне» қатысуда. Тағы шамамен 120 мың адам жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарына орналасты.

Солтүстікке  көш жалғасуда

Сонымен қатар ең тиімді әрі қолайлы бағыттардың бірі – еңбек ресурстары мол өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші тапшы өңірлерге көшіру. Нақтырақ айтқанда, оңтүстіктен солтүстікке көш жалғасады. Ағымдағы жылы Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Алматы облыстарында өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өтті. Соңғы мәліметтер бойынша, 442 отбасы көшірілді, олардың 172-сі – еңбекке жарамды адамдары мол аймақтардан көшірілген ішкі қоныс аударушылар. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің мәліметінше, 2017 жылға осы «еңбекке жұмылдыру» бағытына 710 миллион теңге қарастырылған. Бұл ақша 288 отбасының қоныс аударуын қамтиды, себебі қазіргі уақытта ішкі қоныс аударуға квота қарастырылған. «Көрсетілген сома көшуге берілетін материалдық көмек пен 12 ай ішінде тұрғын үйді жалдауға жұмсалған шығындарды өтеуге берілетін субсидиядан тұрады. Елді мекеннің орналасқан жері мен отбасы мүшелерінің санына байланысты әр отбасыға 34 мыңнан 68 мың теңгеге дейінгі аралықта қаражат беріледі», – деді вице-министр. Қосымша шаралар арқасында 2018 жылдан бастап, 2022 жылға дейін оңтүстік облыстардан 59 мың отбасыны еліміздің солтүстік өңірлеріне қоныстандыруға болатынын мәлім етті. Яғни, қазіргі квота өседі.

Шағын несие пайызы төмендетіледі

Ағымдағы жылы несиелерді кепілдендіруге және мемлекеттік гранттарды беруге облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті бюджеттерін қатыстыру көзделіп отыр. «Биыл бюджеттік қаражатқа қосымша қажеттіліктер жергілікті бюджеттердің есебінен қаржыландырылуда. Істің мұндай беталысы әкімдіктерді неғұрлым нақты есеп жүргізуге және кәсіпкерлердің нақты жобаларына қаржы бөлуге ынталандырады. Бұл мүмкіндіктерді қазірдің өзінде Алматы, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері пайдаланып отыр, бұларда 2,5 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы бөлінген», – деді министр Тимур Сүлейменов. Оның айтуынша, экономиканы несиелеудің ішкі нарығындағы жағдай «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына тұжырымдамалық өзгерістер енгізуді талап етеді. Мәселен, министрлік мемлекет субсидиялайтын несиенің ең жоғарғы межесін бір деңгейде ұзаққа бекітпеуді ұсынады. «Несиелер бойынша құбылмалы сый­ақы мөлшерлемесін енгізу қажет. Бүгінде субсидиялау жүзеге асырылатын несиелер сый­ақысының шекті көлемі 19 пайыздан аспауға тиіс. Бірақ еліміздегі қарыздардың өзіндік құнының бағдары болып табылатын Ұлттық банктің базалық ставкасы небары 10,5 пайызды құрайды. Іс жүзінде мемлекет несие қаржыларының құнын едәуір артық төлеп отыр!» – деді Тимур Сүлейменов. Үкімет отырысын қорытындылаған Премьер Бақытжан Сағынтаев жұмыспен қамту мен бизнесті қолдау бағдарламаларын орындау барысын саралап, бірқатар тапсырмалар берді.