Кәсіп – игергендікі, нәсіп – еңбектенгендікі

Кәсіп – игергендікі, нәсіп – еңбектенгендікі

Кәсіп – игергендікі,  нәсіп – еңбектенгендікі
ашық дереккөзі
370
Бәсекеге қабілетті елдің ең басты белгілерінің бірі – жұмыссыздардың болмауы. Еліміздегі жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін мемлекет азаматтардың өзін-өзі жұмыспен қамтуына жол ашатын, кәсіпкерліктің дамуына серпін беретін бағдарламаларды жүзеге асыруға басымдық беруде. Солардың бірі – халыққа өз кәсібін бастауды үйрететін «Bastau Бизнес» жобасы. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйытқы болуымен, өткен жылы басталған «Bastau Бизнес» жобасы – кешенді оқыту бағдарламасы. Ол азаматтарға кәсіпкерліктің негіздерінен бастап маркетинг пен менеджментке дейін үйретеді. «Атамекен» ҰКП Аппарат басшысы Эльдар Жұмағазиев: – Осыдан екі жыл бұрын халықтың мұң-мұқтажын білу үшін еліміздің оңтүстік, батысынан бастап, 7 өңірді араладық. Сонда байқағанымыз – ауыл жастары бизнес ашуға ынталы. Ауыл жігіттерінің қазіргі болмысы қандай? Мектеп бітіріп, оқуын жалғастыруға қаражаты болмай, амалсыз ауылда қалып кеткен. Қазіргі жағдайда ауыл жастарын оқытып-тоқытатын жүйелі оқыту бағдарламалары жоқтың қасы. «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлікке 2-3 күн оқыту қарастырылған. «Алған сертификаттарымыз бар, бірақ бизнес бастауға жүрегіміз дауаламайды. Кәсіпкерлік негіздеріне өңірлерге келіп, талдап-түсіндіретін, мерзімі ұзақтау оқыту ашылғанын қалаймыз» деп ауыл халқы ұсыныс айтты. Ал кәсіпкерлікке бір ай коммерциялық оқыту құны шамамен 150-200 мың теңге екен. Мұндай қаржыны ауылдағы ағайынның қалтасы көтере бермейді. Осыларды зерделей келе, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аясында тегін оқытатын «Bastau Бизнес» жобасы құрылды, – дейді Эльдар Жұмағазиев. Бағдарлама жобасы 2017-2021 жылдарға арналған. Жоспар бойынша 2017 жылы 15 мың, одан кейін жылдан жылға осы көрсеткішті өсіріп, 2021 жылы өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған және жұмыссыз жүрген 30 мың азаматты кәсіпкерлікке баулу көзделген. Жобаға қатысушылардың кемінде 12 пайызы жеке кәсібін ашады деп болжануда. Мәселен, Қызылорда облысында «Bastau Бизнес» жобасы бойынша білім алған азаматтардың жобаларын қаржыландыру басталып кетті. Жоба аясында аймақта 367 азамат кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп шыққан болатын. Олар – ауылдық жерлерде бизнеспен айналысуға әлеуеті бар, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар мен жұмыссыздар. «Қазіргі таңда «Bastau Бизнес» жобасы шеңберінде пилоттық негізде Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандарының тұрғындары оқытылуда. Жыл соңына дейін алты кезеңмен 937 адамды оқыту жоспарланған. Үшінші кезеңге 168 азамат өтінім беріп, оның 157-сі тестілеуден сәтті өтті», – дейді облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов. Оқу процесі барысында қатысушылар бизнес-тренермен бірге бизнес-жоспарларын әзірлеп, оны Кәсіпкерлер палатасы жанындағы облыстық комиссия алдында қорғап шығады. Комиссия құрамына «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «ҚазАгроГарант» АҚ, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы Микро қаржылық ұйымы» ЖШС өкілдері мен жергілікті атқарушы орган өкілдері енген. Жобасын сәтті қорғап шыққан азаматтарды Кәсіпкерлер палатасы жоғарыда аталған қаржы ұйымдарына қаржыландыру үшін ұсынады. Бизнес-жобасы қаржылай қолдау тауып, жеке кәсібін дөңгелетіп отырғандардың бірі – өскемендік Анар Сержанқызы. Екі көзінің көру қабілеті нашар Анар жобасын сәтті қорғап шығып, 3 млн теңге грант ұтып алған. Оған ұзындығы 60 метрлік екі жылыжай салды. Бүгінде ол жерлестерін қолжетімді бағада таза табиғи өніммен қамтамасыз етіп отыр. Жанары көрмесе де жігері мұқалмаған жанның мемлекет пен отбасы қолдауына алғысы шексіз. «Көзім көрмейді деп отыра берсем, маған ешкім ештеңе әкеліп бермейді. Отбасым үлкен қолдау көрсетіп, «Bastau Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгердім. Мемлекет қамқорлығының арқасында аяқтан тік тұрып, жылыжай ашуға мүмкіндік алдым», – дейді Анар Сержанқызы. Зағип жанның кәсібіне қолғабыс жасап жүрген әлеуметтік көмекші Надежда Зенкованың айтуынша, жуырда жылыжай жұмысы жандана түспек. «Жылыжай жұмысын жетілдіруді көздеп отырмыз. Осылайша Анардың табысын еселегіміз келеді. Отбасы қажеттіліктерінен артылған қаржыға қосымша тағы бір жобаны жүзеге асыруға болады. Оған да мен көмектесемін. Құжат жинау, жүріп-тұруына жәрдемдесу – менің міндетім», – дейді Надежда Зенкова.    

Серіктес жаңалықтары