Оғыздың бір қаласы Қарнақ болған

Оғыздың бір қаласы Қарнақ болған

Оғыздың бір қаласы Қарнақ болған
ашық дереккөзі
Түркістан қаласынан 25 шақырым солтүстікте, Кентау қаласынан оңтүстікке қарай 14 шақырым жерде орын тепкен Қарнақ медресесі Орталық Азияның ғылым және білім ордаларының бірі болуымен қатар, қолөнер кәсіпшілігінің орталығы деп есептелген. Сонымен қатар имандылықтың орталығы болып саналған. ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда бұл өңір 10-11 мың тұрғыны бар кент (яғни қала) саналып, сол кезде ашылған 4 медреседе жергілікті халық  сауат ашқан. Әмір Темірдің бұйрығымен Қожа Ахмет Яссауи кесенесі үшін әлемге әйгілі «Тайқазанды» 1399 жылы тебриздік шебер Абдул-Әзіз осында арнайы құйған. Қарнақ медресесі қолөнер кәсіпшілігінің орталығы деудің мәнісі осында. Ғасырлардың куәсі болған киелі Қарнақтың тарихына көз жүгіртсек, қазіргі таңда табылып жатқан археологиялық мұралар қала тарихы біздің заманымыздан бұрынғы 1-мыңжылдыққа тән екендігін айқындайды. Мұны темір дәуіріне жататын қорымдар дәлелдеп отыр. Қарнақ қаласының орнын 1947 жылы А.Н. Бернштам, ал 1986 жылы К.Байпақов басқарған Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының тарих, археология және этнология институтының экспедициясы зерттеген. Экспедицияның ғылыми зерттеу нәтижелеріне жүгінсек, Қарнақ қаласының орны «Ишкент» (қарнақ диалектісінде – «Ишкат» яғни «Ішкі кент» дегені) деп аталған. Қала орны қазіргі Қарнақ ауылының ортасында орналасқан және «Базар төбе» деген атпен қалған. Ол көлемі 8-9 гектар, биіктігі 10-11 метр болатын табиғи төбешік үстіне салынған. ХІ ғасырда  Махмуд Қашғари «Қарнақ – оғыздардың бір қаласы» деп жазады. Осы кезде ол әкімшілік басқару жағынан Ұлы жібек жолы бойындағы Яссы (қазіргі Түркістан) қаласына қараған. Қала ХІІІ ғасырда моңғол шапқыншылығынан күйреп, ХҮ ғасырдың басында қайта қалпына келтіріліпті. ХҮІІІ ғасырдағы орыс деректерінде Қарнақта кен өндіріліп, қорғасын ерітеді делінген. Қаланың «Базар төбе» аталуы 1865 жылдардан басталған, оңтүстік өңір Ресейдің қол астына өткен соң тұрғындар қаланы тастап шығады. Қала орны базар алаңына айналған және қазір «Базар төбе» деп  аталады. ХІХ ғасырдың соңында Қарнақ 13 үлкен көше, 13 мешіт бар және 2 мыңнан  астам тұрғыны бар елді мекен болған. ХХ ғасырдың басында халық саны 4000-ға дейін өсіп, 27 көше мен 27 мешіт және медресе болғандығы айтылады. Қарнақ тарихқа өте бай өлке, бұл қасиетті мекенді тарихпен сусындатып отырған қазіргі таңда мұражайға айналған «Шаммат-Ишан» мешіт-медресесі. Қарнақ медресесі ХҮІІІ ғасырдың соңында, яғни, 1789 жылы жергілікті халықтың сауатын ашу мақсатында салына  бастады. Халықтың айтуы бойынша Шаммат-Ишан (Шаммухаммад-Ишан) діни білімді жастайынан әкесінен үйреніп, жетілдірген. Алғаш бұл орында мазар, мешіт болған, ал кейіннен медресе болып құрылған. 1789 жылы кіші ақсарай, 1876 жылы үлкен ақсарай салынады. Кіші ақсарайдың астында – хілует бар. Ал үлкен ақсарай мешіт рөлін атқарумен қатар, шәкірттер алғаш сол жерде сауат ашып, білім алған. Үлкен ақсарай мен кіші ақсарайдың ортасын дәліз бөліп тұр. Үлкен ақсарайдың ішін шығыстық сәулет өнерінің тамаша өрнектерін пайдалана отырып, безендірген. 1890 жылы бастырма мен қосымша оқу, сауат ашу бөлмелері салынып, 1896 жылы жалпы ғимарат құрылысы аяқталады. Медреседе білім  беру 1917 жылға дейін жалғасады. Сол жылдан бастап ғимарат жетім балалар үйіне айналдырылып, 1928 жылға дейін пансионат ретінде пайдаланылған. 1928 жылы жабылып, 1982 жылға дейін бұл ғимарат қараусыз қалады. Осы кездері Қарнақ ауылының тұрғыны, тарих пәнінің мұғалімі Бекташ Мирзаев өңірдің тарихқа бай екенін паш ететін жәдігерлерді жинаумен айналысты. Ол бар өмірін туған ауылында халықтық мұражай ашып, ұрпақты тарихи біліммен сусындатуға арнады. Қазіргі мұражайдың жалпы алаңы 320 шаршы метрді құрайды. Мұражай 29 бөлмеден тұрады: жәдігерлер тұратын бөлмелер, үлкен ақсарай және кіші ақсарай. Мұражайда жәдігерлер саны 1000-нан асады. Жер астында сандаған жылдар бойы жатып, бүгінге жеткен құнды дүниелердің көбі орта ғасырлар және жаңа кезең тарихынан сыр шертеді. Әсіресе, ата-бабаларымыз қолданған тұрмыстық бұйымдар мен  ат әбзелдері, қару-жарақтардың сан түрі, қыш және мыстан жасалған құмыралар, майшамдар, күмістен жасалған әртүрлі әшекей бұйымдар, самаурындар, таразылар, тас диірмен, қол диірмен, мақта тазалайтын және май шығаратын құрылғылар, әртүрлі кезеңге жататын қағаз және тиын теңгелер және де т.б. жәдігерлер сананы сан ойға жетелейді. Бұлардың бәрі Қарнақтың халқы ғасырлар бойы егін шаруашылығымен шұғылданып, қолөнершілікті кәсіп еткендігінің айқын белгісі. Мұражайдағы осындай жәдігерлердің 80 пайызына жуығы қол өнер туындылары болып табылады. Медреседен 500 метрдей жерде, биік төбенің басында Қарнақ мешіті бар. Мешіт 1838-1917 ж.ж. өмір сүрген Бойжок Масжидидің иелігінде болып, ол кісі имам қызметін атқарған екен. Мешіт ғимараты өте әдемі. Үлкен бөлменің ортасында 4 халифа (колонна) – ұстын бар. Қалған шағын 2 бөлмесінде де 4 ұстын бар. Төбесіндегі бөрененің әрқайсысы 9 торкөзден бөлінген. Ал бөренелердің жалпы  саны  жетеу. 9-ды 7-ге көбейтсеңіз Пайғамбар жасы – 63 саны шығады. Кеңес  үкіметінің  кезінде  мешіт те, Қарнақ медресесі  де құлатылып, кейін қалпына  келтірілген. Осындай  киелі  орындарымыз бұдан  былай  халыққа, жас ұрпаққа мәңгі  қызмет етсін деп тілейік.  

Башар Сүлейменқызы,

Білім беру ісінің үздігі.

 Астана қаласы.