261
«Almaty invest – 2017»: Инвестиция тартуда шетелдік тәжірибеге сүйенген жөн
«Almaty invest – 2017»: Инвестиция тартуда шетелдік тәжірибеге сүйенген жөн
Алматы – қаржы орталығы. Бүгінде алып шаһар бизнес пен кәсіпкерліктің көрігін қыздырған үлкен алаңға айналған. Алайда қаланың экономикалық әлеуетін бұдан әрі жақсарту үшін шетелден инвестиция тарту мәселесі әлі де өзекті.
Дүниежүзінің 28 елінен келген 500-ден аса делегат Алатау баурайындағы шаһарда өткен «Almaty invest – 2017» форумында бас қосты. Беделді саясаткерлер мен бизнес көшбасшылар, инвестициялық менеджерлер және қаржы саласының сарапшылары жиналған шарада инвестиция тарту мәселесінің қыры жан-жақты талқыланды. Ал жобасы дайын һәм бекітілген кәсіпкерлер инвестор іздеп келсе, енді бірі форум барысында инвестиция тартудан үмітті.
Іс-шараны жүргізген белгілі журналист Арманжан Байтасов биылғы басқосудың маңыздылығына тоқтала келіп, форумның басты ерекшелігі оның бизнес міндеттерге толық бейімделуінде екенін айтты. Яғни форумның басты міндеті – шетелдік инвесторларды тарту, сондай-ақ, іске асырылған жобалармен қатар, инвестициялар салуды қажет ететін келешек жобалардың тұсауын кесу. Бұдан бұрын өткен форумның қорытындысы бойынша қазіргі кезде 7,7 млрд теңгенің 5 жобасы іске асырылып, 1230 жұмыс орындары ашылған. Биылғы бағдарламада логистика, білім, тамақ өнеркәсібі және кино өндірісі тақырыбына арналған 4 бағыт бойынша өзекті мәселелер легі ортаға салынды. Тіпті, кино продюсерлерін инвестициялау үшін Алматы қаласының тартымдылығына арналған теңдесі жоқ сессия өткізу туралы шешім қабылданды. Қатысушылар жобаларды продюсерлеу бойынша өзара тәжірибе алмасып, кино мектептерін құру жайлы жоспарларын ортаға салды. Форум аясында кино және ТВ үдерістерін ұйымдастыруды жеңілдететін құралдардың тұсауын кесу де назардан тыс қалмады. Мамандардың айтуынша, бұл өз кезегінде салаға салынатын инвестициялардың ағымын көбейтуге септігін тигізбек.
Ал форумның шымылдығын түрген Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мырза елімізде инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын айта кетті. Соның нәтижесінде соңғы екі жылда жеке инвестиция 25 пайызға, шетелдік инвестиция көлемі 20 пайызға артқан. Мемлекеттік инвестициялардың әрбір теңгесі үшін 3 теңге жеке меншікке тиесілі.
«Соңғы бес жылда қала халқының саны екі есеге ұлғайған. Үш миллионға жуық халық шоғырланған мегаполистің экономикалық әлеуеті артып, инвестициялық тартымдылығы да дами түскен. Алматы бизнес пен жеке капиталдың қаласы. 2016 жылдың Worldwide Cost of Living рейтингісінде Алматы әлемдегі өмір сүруге қолайлы, қымбат емес қалалардың қатарынан табылған. Алматы өмір үшін арзан және тартымды мегаполистердің бірі деп танылды. Біз өмір сүру сапасын жақсарту мен қолайлы инвестициялық климатқа басым назар аударамыз. Бұл – «Алматы-2020» бағдарламасының негізгі басымдықтары. Мұның бір ғана мысалы, Алматыға 2-3 күнге жай ғана гольф ойнап қайту үшін Оңтүстік Корея сияқты дамыған елдердің азаматтары арнайы келеді екен. Алматы еліміздің қаржы орталығы ғана емес, руханият пен мәдениеттің көркем көрініс тапқан мекені. «Almaty Invest 2017» форумы көптеген игі бастамаларға жол ашады деген сенімдеміз», – деді қала әкімі форумның ашылу салтанатында.
«Алматы – қызмет көрсету экономикасы бар ірі қаржылық және туристік тартымды қала. Елбасының қолдауы арқасында Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде Алматы экономикасы 100 есеге, тұрғын үй қоры 2 есеге, шағын және орта кәсіпорындар саны 120 есеге өсті. Сауда, қаржы және басқа қызметтер 88 пайызды құрайды. Алматы көтерме сауданың 50 пайызынан астамын және бөлшек сауданың 30 пайызын құрап, елдегі несиелік қарыздардың 2/3 бөлігін шығарады. Алматыда еліміздің бас банктері мен сақтандыру компанияларының 90 пайызын құрайтын, үлкен халықаралық ұйымдар мен трансұлттық компаниялар бар» деген қала әкімі Қазақстан Президентінің ауқымды институционалдық реформаларының арқасында әкімшілік кедергілерді айтарлықтай қысқартқанын атап өтті. Инвесторларды қалалық қызмет көрсету орталығы және «Казахстан Инвест» ұлттық компаниясының өкілдігі сүйемелдейді. Шешімдердің ашықтығы бизнес пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының негізгі комиссияларының, оның ішінде жекешелендіру мен МЖӘ, Алматыдағы сарапшылар мен іскерлік кеңестердің жұмысына кеңінен қатысуымен қамтамасыз етіледі. Шағын және орта бизнесті жеңілдікті несиелендіру бағдарламалары арқылы мыңдаған жобалар жүзеге асырылуда. Басымды салаларда заттай гранттар, субсидиялар мен жеңілдіктер қарастырылған.
Бұдан былай жобаларды пысықтау үшін бизнеске қала әкімшілігіне баруға тиіс емес. «Оpen Almaty» бір терезесінің қағидаты бойынша сіз сол жерде кеңес ала аласыз, немесе веб-сайтқа және телефонға өтініш қалдыра аласыз. Бизнесті жүргізу үшін қажетті деректерге қол жетімділік ашылды. Алматы қаласының ГенПлан порталында қызыл желілер мен инженерлік желілердің схемалары жарияланған. Жолдарды, жылу желілерін, аула алаңдарын, қоғамдық орындарын жөндеу бойынша әкімдіктің жоспарлары жарияланды.
«Қазіргі таңда көлеңкелі экономиканы қысқарту және салықтық әкімшілікті жетілдіру үшін жүйелі жұмыс жүргізілуде. Өткен жылы Президенттің тапсырмасы бойынша мүлік пен активтер заңдастырылды. Тек Алматыда экономикаға 14 миллиард доллар тартылды. Бұл жылдық салық базасына 300 миллион доллар берді. Барлық жерде ақшасыз есеп айырысу енгізіледі. Осылайша, жолаушылар тасымалы бойынша көлік карталарын енгізу «айқын кірістер» 60 пайызға өсуін қамтамасыз етті. Көше паркингтерін автоматтандыру 5,5 есе артты», – деді Б.Байбек.
Келесі жылдың күзіне қарай БҰҰ аймақтық хабының ашылуы жоспарлануда. Алматыдағы ерекше орын және өмір сүру мен жұмыс істеу үшін қолайлы жағдайлар аймақтағы бас офистерді ашуды ынталандырады. Елдегі барлық бірлескен кәсіпорындардың 43 пайызы Алматы қаласында жұмыс істейді. Бұдан бөлек қазіргі заманғы медициналық кластер құрылуда. Жоғары сапалы стоматологиялық қызметтер ұсынылуда. Швед мамандарымен бірлесе репродуктивтік денсаулық орталығы, ал түріктермен – көпсалалы клиника ашылды. Трансплантация және кардиохирургия жапон, корей, неміс және ресейлік әріптестерімен бірге жүргізіледі. Тағы бір маңызды жаңалық, келесі жылы АҚШ-тың Almaty Mount Sinai ауруханасының құрылысы басталмақшы. Сондай-ақ, жапондық Medical Excellence диагностикалық орталықтың ашылуына қатысты келісімге қол жеткізілді.
Алматы әкімі атап өткендей, қалалық ортаның жайлылығына және экологияға ерекше назар аударылады. Еуропалық стандартқа сай тарихи орталықтардың үштен бірі абаттандырылған және жыл сайын маңызды орындардың қамтылуы кеңейтілетін болады. Энергия үнемдейтін жобалар қарқынды енгізілуде. 2018 жылы 3-ші буынның неміс электроавтобусын шығаратын зауыт, сондай-ақ, қоқыс сұрыптайтын кешен ашылады. Бұл кешен итальяндық технология бойынша қуаттылығы 550 мың тонна тұрмыстық қалдықтарды өңдейді және 60 мың тонна қайталама шикізат шығарады.
Айта кету керек, әуежай басшылығымен бірге 2-ші терминал салу туралы шешім қабылданды. Халықаралық ұшу залы және транзиттік аймағы кеңейтілетін болады. Халықаралық компаниялардың да қатысуы кейтерингтік қызмет көрсетуді жақсартуының нәтижесінде қалаға бірден ұшып келудің жоғары деңгейлі жайлылығы қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ, қала әкімі мегаполистің инвесторлар үшін құрылған индустриялық және арнайы экономикалық аймағындағы «инновациялық технологиялар Паркінің» келешегі мен мүмкіндіктері туралы сөз қозғады.
Жалпы пікірталас форумына Македония Республикасының шетелдік инвестициялар экс-министрі Глигор Ташкович, «Sethia Group» төрағасы Нирмал Кумар Сетия, «Selma Group «құрылтайшысы Майкл Бона, Қазақстандағы «Haileybury» қамқорлық кеңесінің төрағасы Иан Хант қатысты. Мәселен, «Sethia Group» төрағасы, Үндістан тумасы Нирмал Кумар Сетия Алматы қаласынан өз қаржысына аутизммен ауыратын балаларды емдейтін клиника салғысы келеді. Бүгінде компанияның 100 пайыз табысы қайырымдылық шараларына жұмсалады екен. Ал Қазақстандағы «Haileybury» қамқорлық кеңесінің төрағасы Иан Хант инвестицияны әуелі балаға құю керек деп есептейді. Ол үшін білім ошақтарында жүйені ретке келтіру керектігін айтады. Сондай-ақ, іс-шара бағдарламасында логистика, білім беру, азық-түлік өнеркәсібі және кино атты төрт секция өтіп, инвестор Айдан Кәрібжанов және экономист Рахым Ошақбаев мегаполисқа шетелдік инвестицияларды тартудың үздік әлемдік тәжірибесін қарастырды.
Көкжайлау курорты құрылысына инвестор керек
Алматы әкімдігі Көкжайлау курорты құрылысына инвестор іздеп жатқанын мәлім етті. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев Көкжайлау курорты құрылысы жобасының қалай жүзеге асып жатқанын айта келе: «Қазір курорттың техникалық экономикалық негіздемесі жасалып жатыр. Құжатта өңірдің климаттық табиғи жағдайы ескеріледі. Бүгінде коммуникация мен инфрақұрылым желілері жүргізіліп жатыр», – деді. Оның айтуынша, бұл жобаның құны өте жоғары болмақ. «Қазір Көкжайлау жобасын инвесторлармен бірге талқылап жатырмыз. Оның ішінде Еуразиялық даму және қайта құру банкі бар. Бұл жоба біз үшін өте маңызды. Себебі қаланың туристік әлеуетіне үлкен серпін береді», – деді Алмас Мәдиев. Бұл тұрғыда қала әкімі Бауыржан Байбек: «Туризм – қарқынды дамып келе жатқан сала. Тау шаңғысы туризмі жағажай туризмінен 5 есе артық табыс әкеледі. Жаңа жұмыс орындары құрылады. Оны дамыту үшін таза ауа керек. Экологиялық ахуалды жақсарту үшін барынша жағдай жасап жатырмыз. Қалада тұрақты көлік жүйесі қалыптасты», – деді. Сондай-ақ, шетелдік инвесторлар қатысқан форумда «Қарашығанақ» пен Алматы компаниялары өзара келісімге келді. Өндірушілер кен орнына құны 15 млн АҚШ доллары болатын жабдықты жеткізетін болды. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» мен бірқатар алматылық компания өкілдері инвестиция форумы барысында құжатқа қол қойды. «Компания жергілікті жеткізушілермен жұмысты жақсартуда. Бірнеше жыл бұрын жергілікті қамтуды дамыта бастадық. 4 000 жұмыскердің 90 пайызы – қазақстандықтар. Қарашығанақ жобасы тиімді жүзеге асуы үшін үлкен әрі жоғары технологиялық құрал-жабдық АҚШ-тан әкелінетін. Соңғы уақытта мемлекеттік қолдаудың арқасында жергілікті өнімдердің сапасы жақсара бастады. Бізге жергілікті өндірушілермен жұмыс істеу тиімді. Себебі жолға кететін шығын аз», – деді «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» бас директоры Ринато Мароли. Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнына алматылықтар электрстансаны, өрт қауіпсіздігі киімдерін, Батыс Қазақстан зауыттарының сертификациясын жеткізетін болады.