Бұғынып келіп, тығылып жүргендер

Бұғынып келіп, тығылып жүргендер

Бұғынып келіп,  тығылып жүргендер
ашық дереккөзі
Жыл сайын қараша айының басында елімізде «Заңсыз келуші» жедел алдын алу шарасы өтеді. Республиканың түкпір-түкпірін қамтитын акция биыл да барлық өңірдегі заңсыз көші-қон деректерін әшкерелеп, Қазақстан заңдарын белшесінен басып жүрген шетелдіктерді ел аумағынан шығарды. Елімізде заңсыз жүрген шетел азаматтарының саны жыл өткен сайын артып барады. Шекара шебінің қорғанысы неге әлсіреді? Әуелі ауқымды акцияның Алматы облысындағы нәтижелеріне көз жүгіртіп көрелік. Көші-қон полициясы, учаскелік полицейлер мен патрульдік қызмет өкілдерінен құрылған арнайы топтар жүргізген рейдтің бірінші күнінде 430-дан астам шетел азаматы көші-қон заңдарын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. 126 адам әкімшілік қамауға алынса, 40-тан астам шетелдікке сот үкімі шығарылып, өз елдеріне қайтарылды. Тексеру барысында тәртіп сақшылары заңсыз еңбек күшінің базарын, екі азаматтық алу, шетел азаматтарының заңсыз жұмыс жүргізуі мен қазақстандықтардың да көші-қон заңдарын бұзу фактілерін анықтады. Жергілікті 40 тұрғынға ірі көлемде айыппұл салынып, олардың 7-еуі өзге ел азаматтарын заңсыз жұмысқа тартып отырғандығы әшкереленді. Сондай-ақ, жергілікті қабылдаушы-бөлуші мекемелеріне жеке басын куәландыратын құжаты жоқ 47 адам жеткізілді. Олардың басым бөлігі қаңғыбастықпен және қайыр сұраумен айналысқан. Тағы бірнеше шетел азаматына қатысты қылмыстық іс қозғалып, ҚР ҚК 393-бабына сәйкес ел аумағынан шығарылды. Шетелдіктердің көші-қон заңнамасын бұзу деректері Ақтөбе облысында да өршіп тұр. «Заңсыз келуші» жедел алдын алу шарасы барысында 381 шетелдік азамат жауапкершілікке тартылып, олардың 50-і сот шешімімен елден шығарылды. «Шетелдіктерді рәсімдеу ережесін бұзған 49 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына сәйкес рұқсат алмай, шетелдік жұмыс күшін пайдаланған 19 жұмыс беруші жазаланды. Олар еш құжат тіркемей өзге елдің азаматтарына жұмыс берген. Өзбекстан азаматы Қылмыстық кодекстің «Шығарып жіберу туралы шешімді орындамау» бабы бойынша жауапқа тартылады. Ол бес жыл Қазақстан аумағына кіру құқығынан айырылуы немесе 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін», – деп хабарлайды облыстық ІІД баспасөз қызметі. Елордадағы заңсыз көші-қон ахуалын аңғартатын сандар да көңіл көншітерлік емес. Жедел-профилактикалық шара барысында шетелдік азаматтар тұратын және көп жиналатын жерлерде рейдтік тексеру жүргізген тәртіп сақшылары бір тәулік ішінде 352 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Нәтижесінде 333 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 38-і сот шешімімен елден шығарылған. Сонымен қатар, акция кезінде елімізде ары қарай қалуына негіз жоқ және көші-қон заңнамасы тәртібін сақтамаған 159 шетелдік азаматтың уақытша тіркелу мерзімі қысқартылды. Шетелдік жұмыс күшін тарту талаптарын орындамаған өз азаматтарымыз да жазадан шет қалған жоқ. Шетелдік азаматтарды уақытша тіркеу заңнамасы тәртібін сақтамаған 11 және шетелдік жұмыс күшін заңсыз қолданған 8 қазақстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңсыз жолмен нәпақа тауып жүрген келімсектер оңтүстік астанамызға да үйір. Құрылысы қысы-жазы тоқтамайтын шаһарда, әсіресе, өзбекстандық гастербайтерлер көп. «Шараның бірінші күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасына келу ережесін бұзған 351 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қандайда бір жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ 141 шетелдік қабылдап-тарату мекемесіне қамалды. Сонымен қатар, 61 шетел азаматы сот шешімі бойынша ел аумағынан аластатылды. Шетелдік жұмыс күшін тарту ережесін бұзғаны үшін 14 жұмыс беруші отандасымыз жауапкершілікке тартылды. Сонымен бірге бірден бес қылмыс белгілері бойынша, оның біреуі – заңсыз көші-қон ұйымдастыру және ел аумағынан аластату туралы сот шешімін орындамаудың 4 дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», – деп хабарлады Алматы қаласының ІІД Көші-қон басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айдын Белгібаев. Өзбекстандық мигранттар мәселесі ушығып тұрған тағы бір өңір – Оңтүстік Қазақстан облысы. Облыста уақытша тіркеуге тұратын шетелдіктердің басым көпшілігі – өзбектер. Соңғы 3 айда 605 қандасымыз Өзбекстан азаматтарын ҚР тұрақты азаматтығына тіркеуге алған. Тағы 875 азаматтың өтінімі қаралуда. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар орталығында Облыстық көші-қон қызметі басқармасының бастығы Нұрдәулет Төлегенұлы мәлімдеді. «Біздің аймақта заңсыз көші-қон мәселесі өзге өңірлермен салыстырғанда, күрделірек. Оған негізгі себеп – өңірдің орналасу ерекшелігі. Көршілес Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғыз елдеріндегі экономикалық дағдарыс та қосымша қиындық туғызуда. Бұл елдердің жұмыс іздеген азаматтары Ресей, Еуропа елдеріне біздің облысты айналып өте алмайды», –  дейді ол. Жедел-алдын алу шараларының нәтижесінде облыста шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған  39 азамат жауапқа тартылды. Тіркелген мекен-жайдан өзге аумақта тұратын жеке тұлғалар мен шетелдіктерді өз меншігіндегі тұрғын үйге тіркеген – 12, шетелдіктерді заңсыз тұрғынүймен қамтамасыз еткен – 148 азамат әкімшілік айыппұл төледі.

«Эмигранттар өз құқықтарын білмейді»

Көші-қон саласы мамандарының айтуынша, елімізге келетін шетел азаматтарының заңбұзушылыққа жиі баруының негізгі себебі – Қазақстан заңдары аясында өз құқықтары мен міндеттерін білмеуі. Былтырдан бері эмигранттармен жүмыс істеп келе жатқан «Дәріс» ақпараттық-кеңес беру орталығы жүргізген мониторинг осыны көрсетті. Орталық мамандары еліміздегі мигранттар құқығын қорғау үшін Қазақстан мен халықаралық заңнамаларды салыстырып шыққан. Жобаны бастаушылардың бірі, заңгер Гүлнұр Идигееваның айтуынша, Қазақстанда эмигранттар өздерінің медициналық құқықтарын білмейді. Елімізде шетелдік жұмысшыларға медициналық көмек тек шұғыл жағдайларда ғана көрсетіледі. Қалған сәттерде ем алу ақылы. – Жеке сәйкестендіру нөмірі болса, ауруханалар аяғы ауыр мигрант-әйелді қабылдай береді. Кейде ЖСН болса да, оның аты-жөні базадан табылмай қалатын сәттер кездеседі. Сол кезде есімін базаға тіркеу үшін қиындықтар басталады. Ал кейде ауруханалар аяғы ауыр эмигрантты тек адамгершілік тұрғыда қабылдайды, – дейді Гүлнұр Идигеева. Оның айтуынша, медицина қызметкерлері де Денсаулық сақтау министрлігінің бәріне бірдей нұсқаулық бекіткенін қалайды екен. «Дәріс» қызметкерлері мониторинг аясында Ақтөбе қаласындағы базарларды, құрылыс нысандарын, ауруханалар мен шетелдік жұмысшылар тұратын аймақтарды аралап шыққан. 200-ге жуық мигранттармен кездесіп, жағдайларын білген. Нәтижесінде шетелден келген жұмысшылардың басым бөлігі – өзбектер, қырғыздар мен тәжіктер екені анықталды. Өзбектер кей салаларда заңды түрде жұмыс істей алмайтындарын айтып шағымданыпты. Өзбекстан азаматтары құрылыста не басқа жерлерде заңды істегенімен, біздің елде саудамен айналысуларына жол жоқ. Сондықтан базарларда жүретін өзбектер түрлі рейдтер кезінде бой тасалайды. Олар патент немесе жеке еңбек келісімі болса, құжаттарын рәсімдеп, саудада заңды жұмыс істеуге дайын. Ал Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан азаматтарына патент алып, саудамен айналыса беруге рұқсат. Заңгер Гүлнұр Идигееваның айтуынша, Қазақстанда жүрген Орта Азия азаматтарының көбі Ресей шекарасынан өте алмай қалғандар. – Мысалы, Өзбекстан азаматы Ресейге барып жұмыс істеуі үшін Қазақстаннан өтеді. Бірақ кейде Ресей шекарасына келгенде олардың өз елдерінде айыппұлы табылып, кеденнен өте алмай қалады. Сөйтіп олар Қазақстанда қалып қояды. Біз оларға барып, кеңесімізді айтамыз. Ақтөбеде өзбек диаспорасы бар, солармен кездестіреміз. Бес күн ішінде тіркелу керегін түсіндіреміз. Өзбектер ғана емес, қаладағы қырғыз немесе тәжіктердің көпшілігі Ресейге барып жұмыс істеуді көздегендер, – дейді ол. Сондай-ақ, «Дәріс» орталығы Халықаралық миграция ұйымымен бірлесе отырып, адам сату қылмысының құрбандарына көмектесуде. Бұл жоба аясында бес шетелдік қамқорлыққа алынған. Хромтау ауданында бір әйел тоғыз жыл, тағы екі әйел үш-төрт ай бойы құлдықта болған. Бүгінде қылмыскерлер жазасын алып, өз еркінен тыс еңбекке жегілген шетелдіктерге көмек көрсетілуде. Ал Сарыжар ауылында құрықталған қылмыскерлердің соттары әлі жалғасуда. Олар құжаты жоқ Өзбекстан азаматтарын – егде жастағы әйел мен еркекті құлдықта ұстаған. – Бұрын қос тарапты татуластырып, іс сонымен жабылып қалатын. Бұдан былай қылмыскерлер жазадан құтыла алмайды. Адам сатумен айналысқандар айыппұл төлеп, татуластық деп кетіп қалмайды. Басқалар да сабақ алу керек. Біз қазір құлдық құрбандарын қоғамға қайта бейімдеумен айналысып жатырмыз, – дейді «Дәріс» орталығының маманы.

«Заңбұзушылыққа шенеуніктер дем беруде»

Ең өкініштісі, шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланушылардың әрекеттеріне шенеуніктер де дем беруде. Жуырда Қызылорда облысында шетелдік жұмысшылардың Қазақстанда жүру мерзімін ұзартқаны үшін пара алып келген шенеунік ұсталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Ұлттық бюроның Қызылорда облыстық департаменті «Жұмыспен қамту және әлеуметтік жобаларды үйлестіру басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Аманжол Алдажаровтың қылмыстық әрекетін әшкереледі. Ол жер қойнауын игеріп жатқан компаниялардан шетелдік жұмысшылардың Қазақстанда жүру мерзімін ұзартқаны үшін тұрақты түрде пара алып келген. Шенеунік қалтасына басқан ақшаның жалпы сомасы 350 мың теңгені құраған. Өткен айда Атырау облысы Жылыой ауданының жергілікті полиция басшысының орынбасары Рүстем Ислямов та елімізде заңсыз жұмыс істеп жүрген шетел азаматтарынан пара алғаны үшін қамауға алынды. Оған ҚР ҚК-нің «Пара алу» және «Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру» баптары бойынша қылмыстарды жасады деген айып тағылды. Полицей қажетті рұқсаттарды алмастан, шетелдік жұмыс күшін тартуға квотаны рәсімдемей, Қазақстанда заңсыз жұмыс істеуге рұқсат беру үшін Қытай азаматтарынан пара алған. Отставкадағы судья Адайбек Бейімбетовтің айтуынша, көші-қон саласындағы заңнаманың жиі бұзылуы сол заңның орындалуын қадағалайтын жауапты қызметкерлердің жауапсыздығынан. – Мигранттың шекарадан кіргенінен бастап, шығып кеткенінше заң талабы сақталса, онда заңсыздық болмайды. Оны құзырлы орган қызметкерлері қадағалауы керек. Бізде осы мәселе дұрыс қадағаланбайды. Заңның дұрыс орындалуына көбіне жауапты қызметкерлер кедергі келтіреді. Соның салдарынан мигранттар елге әртүрлі жолдармен кіруге тырысады. Олардың атынан басқа біреу барып құжаттарын рәсімдейді. Белгілі бір мерзімнен кейін визаны ұзарту керек болса, оны делдалдар атқарады. Өйткені соған құзырлы орган қызметкерлері мүмкіндік беріп отыр. Полицейлер мигранттың заңсыз жүргенін білсе де, кейде аңғармаған сыңай танытады. Біздің заңдарымыз осал емес. Бірақ, орындалуы әлсіз, – дейді Адайбек Бейімбетов. Оның пікірінше, елімізге заңсыз келіп, жұмыс істеп жүрген мигранттардың көп болу себебі – шекарадан заңды жолмен өтуіне қолдан жасалған кедергілер бар. Соларды жою керек. Сонда ғана олар шекарадан заңды жолмен өтуге әрекет жасайды. Заңсыз арналар іздеп, делдалдар қызметіне жүгінбейді. Алматы облысы Қарасай мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Тұрдыақын Тұтқышбаев та көші-қон саласындағы заңбұзушылықтарды азайту үшін құзырлы орган қызметкерлерінің жұмысына бақылауды күшейту керек деп есептейді. – Заңсыз мигранттарды азайту үшін біздің құзырлы орган қызметкерлері қырағылықпен жұмыс істеуі керек. Әрбір мигрантты шекарадан өткеннен бастап бақылауға алу шаралары бізде жетіспейді. Яғни, жергілікті көші-қон полициясына мигранттың өткені жайлы хабарлап, олардың қадағалауына беру керек. Заң бойынша шекарадан өткеннен кейін шетелдік 3 күннің ішінде тіркелуі тиіс. Көбісі заңды осы аралықта бұзады. Уақытында тіркелмей, қашып-пысып жүреді. Екіншіден, біздегі жұмыс берушілер көші-қон заңының сақталуына мүдделілік танытуы тиіс. Оларда сақтандыру жоқ, жұмысшының табысын қолма-қол береді. Шетелдіктер осыны пайдаланып, әр жерге жалданып жүре береді. Жұмыс беретін нысандарды қатаң бақылауға алу керек. Заңсыз мигранттарды азайтудың тағы бір жолы – жоғары көлемдегі айыппұл. Мысалы, қазір заңсыз жүргендерді 10 күнге қамаймыз. Бұған бюджеттің ақшасы кетеді. Олардың тамағы, тағы басқа шығындары бар. Сондықтан басқа бір баламалы жаза қолдану керек деп ойлаймын. Ең бастысы, арнайы бақылау болуы керек. Заңда жазаны қатаңдатып, оның орындалуын мәжбүрлі түрде міндеттеу қажет. Бізде бар болғаны 10 тәулікке қамау, 15 айлық есептік көрсеткіш айыппұл немесе ел аумағынан шығару қарастырылған. Шекарадан шығарып жіберген соң шетелдікке 5 жылға дейін келуге рұқсат жоқ. Бірақ оның орындалуы көңіл көншітпейді. Заңсыз жүрген мигрантты шекарадан шығару үшін де үкіметтен қаржы кетеді, – дейді ол. Судьяның ұсынысы орынды-ақ. Жаза жанға батпаған соң, қазақтың қаржысына қымсынбай қол салатындар көбейе бермек. Ал заңды бұзғандар, қазынаға салмақ салғандар лайықты жазаларын алуы тиіс.