Ауылға бүйрегі бұрмайтын министрлік

Ауылға бүйрегі бұрмайтын министрлік

Ауылға бүйрегі  бұрмайтын министрлік
ашық дереккөзі
226

Әлімсақтан бері қазақтың төл ата кәсібі төрттүлік малмен тығыз байланысты. Атадан балаға мұра болып қаларлықтай қора-қора малдың бейнеті мен зейнетін бір кісідей білетін халық та ̶ осы қазақ еді. Тарихтың небір бұралаң кезеңінде қазақтың аузын асқа, қолын іске іліндірген мал шаруашылығының бүгінгі ахуалы ̶ ауылды «бағы жанып, бабы келісіп» тұрғаны шамалы. Кейінгі уақытта елдегі ауылшаруашылығының ақсап тұрғаны жоғарғы мінбеде жиі айтылып жүр. Шенді-шекпенділердің арасында аграрлық саланың жілігін шағып, майын ішуге болатындай барлық мүмкіндіктің бар екендігін шынымен мойындағысы келетіндер де, бұл салаға үстірт қарайтындар да бар.

Ауылшаруашылығынан үміт күткендер мен қолын сермегендердің ойын аңғаруға өткен аптадағы Мәжілісте Аграрлық мәселелер комитетінің ұйымдастыруымен «Ауылшаруашылық кооперациясы туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ауылшаруашылық кооперациясы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының таныстырылымы барысында айтылған қарама-қайшы пікірлер себеп болды. Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі, депутат Рауан Шаекин жүргізген өткен отырыста аталған заңдар бойынша жұмыс тобының жетекшісі – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ермек Көшербаев орыс тілінде баяндама жасады. Өзі таныстырып отырған заң жобасының барысынан бейхабар болып шыққан ауылшаруашылығы министрінің орынбасары баяндаманы көпке созбай 4-5 минутпен шектеуді жөн санапты. Ал аталған заң жобасының талданатын тұсына келгенде Рауан Шаекиннің жасаған баяндамасы 15-20 минутқа созылды. Бұны көреген көзді депутаттар байқап, тіпті, ретін тауып айтып та қалды. «Таныстырылып отырған заң жобасында іліп алар ештеңе жоқ. Дұрыс дайындалмаған. Айтатын нәрсесі болмаған соң, 5-ақ минутқа созылды. Тіпті, заң жобасын талдауға кеткен уақыт құрлы болмады», – деп наразылық білдірді халық қалаулылары. 5 тарау 69 баптан тұратын заң жобасында расымен, ауылшаруашылығын дамыту жағын қарастыратын тұстары мен ауылдағы ағайынның көңілін көншітетін айтулы жаңалық болмай шықты. Сірә, бұл заң жобасын әзірлеуге Ауылшаруашылығы министрі де, оның орынбасары да басқатырмаған сыңайлы. Р. Шаекин мырза да бұл қылаң ойдың астарын ұғына қойды ма: «Біз талдап отырған заң жобасы, оны таныстырып отырған адамның қолынан шықпаған дүние», ̶ деп Б.Көшербаев мырзаның бетін қызартты. Вице-министрдің мәлімдеуінше: «Заң жобасының бағыты – ауыл шаруашылығында бизнестің дамуына, фермерлер кооперациясы үдерісіне, жерді тиімді пайдалануға бөгет жасайтын барлық кедергіні жою. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің әралуандығы мен ұсақ тауарлылығы мәселелерін шешу. Бүгінде ауыл шаруашылығының басты мәселесі, әсіресе, мал шаруашылығы саласында көрінетін ұсақ тауарлылық болып отыр. Өткен жылғы жағдай бойынша 3 434 кооперативтер тіркелген, соның ішінде ауылдық тұтынушы кооперативтер саны 1463, су пайдаланушы ауылдық тұтыну кооперативтері саны 498-ді құраса, өндірістік кооперативтер 1473 болып отыр. Сонымен қатар, Заң жобасының негізгі жаңалығы, ауылшаруашылық тауар өндірушілері кооперативке берген қызмет түрлері бойынша арнайы салық тәртібін сақтау мен Кооперативтің ішкі аудитіне ревизиялық одақ шығынын субсидиялауды енгізу болып табылады», – деп қорытты сөзін Б.Көшербаев мырза. Басым бөлігі еліміздің оңтүстік аймақтарында құрылған кооперативтердің санын аймақтық деңгейде арттырып, аяғынан тік тұрмай жатқан ұйымға салық салудың қисынсыз екендігін ескерткен депутаттар да болды. Бұл заң жобасынан ауылдағы ағайынның күткені көп. Екі қолға бір күрек таба алмай отырған халықты жұмыспен қамтып, отандық өнімдерді өндіруге үлес қосатындай ірі жобаларды жүздесе асырып, мүмкіндік беруге бастама болатын заң жобасын әзірлеу керек деп топшылаған депутаттар: «Заң жобасын дайындар алдында ауылдағы ағайынмен тілдесіп, не керек екендігін сұрау керек еді», – деп түйіндеді сөздерін. Тіпті, ауылға барып, ауылдағы жамағаттың жағдайын сұрап қайтуға ниеттенгендер де табылды. Ал, депутат В.Косарев «Кооперативтің қағидасын» жасауды және де аптасына екі рет жұмыс тобында талқылауды, топ құрамына ауылдан өкілдер қосуды ұсынды. Сөйтіп, басы басталып, арты сиырқұйымшақтанып кеткен заң жобасының таныстырылымы сәтсіз шықты. Министрліктегілерді әбден даурықтырған кооператив жайын былтыр ҚР Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке тапсырып: «Агроөнеркәсіптік кешен дамуға көшті. Бүгінде агроөнеркәсіптік кешен саласында 7 мыңға жуық ірі агрофирмалар, ауыл шаруашылық өнімдерін шығаратын 184 ұйым жұмыс істесе, 2 миллионнан астам адам осы саланы кәсіп етіп, күн көреді. Биылдың өзінде-ақ бұл саланы дамыту үшін 302 млрд. теңге жұмсау көзделіп отыр. Мемлекет тарапынан берілетін субсидиялардың саны да жыл сайын артып келеді. Өткен жылмен салыстырғанда биыл мемлекеттен берілген субсидиялар саны екі есеге көп», – деген еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл ретте бөлініп жатқан қаржыны тиімді пайдаланып, ысырапқа жол бермеу керектігін де ескертіп: «Жыл басынан бері несие және лизинг түрінде 6,6 мың агробизнес субъектісі 72 млн. теңге көлемінде көмек алған. Ұлттық қордан бөлінген 100 млрд. теңгенің 25 млрд. теңгесі өңдеуші өндірістің жобаларын жандандыруға бағытталады. Бірақ, беріліп жатқан қаражатты тиімді пайдалану қатаң бақылауға алынып, есеп сұралуы керек. Субсидия өзінің тиімділігін байқатқан кәсіпорындарға берілуі керек. Бүгінде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған шаралар заңнамалық тұрғыда қадағалануы керек. Үкіметке жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы кооперациялары туралы заң жобасын әзірлеуді тапсырамын. Бұл қадамның қажет екенін білеміз, уақыт талабы сондай, сондықтан, кооператив жұмысын бір ізге салып, тиісті деңгейіне дейін дамытуымыз керек», – деді. Статистикалық мәліметтер бойынша, кооперация құрамындағы шаруа және фермерлік шаруашылықтардың үлесі 1,5 пайызды ғана құраса, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш аса жоғары. Елбасы айтқандай, кооперативті бір қалыпқа келтіру мемлекет үшін тиімді болса, оның түптің түбінде қайтарымы болатын болса, неге бұл іске аталмыш министрлік білек сыбана кіріспей отырғандығы түсініксіздеу. Ауылшаруашылығы министрлігінің ауылға бүйрегі бұрмай, тиісті уақытында, тиімді ұсыныстарды жоғары жаққа жеткізбейтіндей селқостығына не себеп екендігі тағы да ұғымға қонымсыз. Аграрлық саланың көш басында тұруға толық мүмкіндігі бар біздің мемлекет әлі де сырттан келетін сүт өнімдері мен етке тәуелді. Ол аз десек, «қазақы бренд» деп жүрген қымыз бен шұбат та жоғарғы деңгейде өндірілмей, жайма базардың бұрышынан шыға алмай келеді. Естеріңізде болса, өткен жылы Парламент Мәжiлiсiнiң пленарлық отырысы барысында депутат Алдан Смайыл қымыз бен ұлттық тағамдар өндiрiсiн салалық-заңнамалық актiлермен реттеп қана қоймай, арнайы заң жобасын әзiрлеу ұсынысын қайта ортаға салған болатын. Пленарлық отырыс барысында Алдан Смайыл ұлттық тағамдар өндiрiсi мәселесiн қайта көтерiп, ҚР Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмовтiң атына депутаттық сауал жолдады. «Бiздi депутаттық сауалдағы басқа екi өтiнiш үкiмет тарапынан мақұлданғанымен әлi күнге кешеуiлдеп жатқаны толғандырып отыр. Соның бiрi – «Қымыз және ұлттық тағамдар туралы» ҚР заңын әзiрлеу. Үкiмет басшысы берген жауапта қымыз және ұлттық тағамдар өндiрiсiн дамыту мәселесi ҚР Конституциясының 61 бабы 3-тармағындағы аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтiн тiзiмде қаралмағандықтан арнайы заңмен емес, салалық-заңнамалық актiлерге толықтырулар енгiзу арқылы реттелетiн болады делiнген едi. Содан берi жылға жуық уақыт өттi, қозғалыс жоқ», – дедi А.Смайыл. Сонымен қатар, халық қалаулысы Қымыз өндiрудiң республикалық және аймақтық палаталарын құру мәселесiн де көтеріп: «Үкiмет тарапынан бұл да қолдау тапқан болатын. Ауыл шаруашылығы министрлiгi ҚР асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңына қой және жылқы шаруашылықтары саласындағы жеке және заңды тұлғалардың мүдделерiн қорғау үшiн республикалық палаталарды құру жөнiндегi өзгерiстер енгiзетiнi және Парламент Мәжiлiсiнiң қарауына ұсынылатыны айтылған едi. Алайда әлi күнге дейiн нақты шешiм тапқан жоқ, сондықтан бұдан әрi кешiктiрмеуiңiздi сұраймыз», – деп атап өттi мәжiлiсмен. Ұзын арқау, кең тұсауға салына деумен әлі келеді. «Қазақстан өзін-өзі азық-түлікпен қаматасыз ете алуы керек», ̶ деп қоғамға ойланарлық ой тастап жүрген Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Анатолий Маковский: «Отбасын асырағысы келгендерге барлық уақытта да жұмыс табылады. Картоп пен көкөніс өсіріңдер. Бүгін мемлекетте өз ісіңді ашу үшін бүкіл жағдай жасалған. Мемлекет тарапынан қолдау бар екенін түсіну маңызды, азаматтар еңбектеніп, қазақстандық өндірісті көтеріп, өздерін азық-түлікпен қамтамасыз етулері қажет», ̶ дейді. Таяуда Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Н. Назарбаев отандық өнімдерді қолдауға шақырып, «Қазақстанда жасалған» деген марканы насихаттайтын кез келгендігін жеткізген болатын. Елбасының бұл мәлімдемесінен кейін отандық өндіріс саласында не бар, не жоғын жіпке тізгілей бастадық. «Сүт өнімдерінің басым бөлігі көрші елдерден тасымалданады. Бұл дұрыс емес», ̶ деген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов аймақтағы ахуалды зерттей келе. Мектептер мен ауруханаларға жүргізілген тексеру қорытындысы әкімді таңқалдырыпты. Соған қарағанда, әкімдер дүкендегі сүт өнімдерін қазақстандық тауар деп жаңылысып жүрген болуы керек. Көптеген әлеуметтік мекемелердің басшылары шамамен 1,5 миллиард теңгенің сүт өнімдерін Ресей мен Белоруссиядан сатып алғаны жаңалық емес. Бұл елдегі басқа да аймақтарда орын алып отырған жағдай. Ал ШҚО сүт зауыттары тек 30% қуатында ғана жұмыс істеп тұрған көрінеді. «Әрбір мекеме басшысы өз танысынан сатып алуды әдетке айналдырған. Енді олай болмайды. Стандартқа сай, өзімізде шығарылатын, жоғары сапалы өнімді алуымыз керек. Шаруаларымызға осылайша қолдау көрсетуге тиіспіз», ̶ дейді әкім. ШҚО-да ірі қараның 28 пайызы ғана сүт өндіру саласына пайдаланылып отыр. Бұған жеке қожалықтардан сүт жинау механизмінің жолға қойылмауы себеп. Сондай-ақ, өнімге мал дәрігерлік бақылау да өз деңгейінде жүргізілмейді. Осындай бірін қозғасаң, мың кедергісі шығатын ауылшаруашылығы саласы тұтастай жаңа кезеңге өтуді қажет етеді. P.S: Ауыл шаруашылығының көсегесі көгермей отырғандығы жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың салдары дейді кейбір пайымдардың астары. Ақпан айының басында Есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршинның мәлімдеуінше, ауыл шаруашылығы министрлігін тексеру барысында 79 миллиард теңге қаржылық заң бұзушылықтар анықталған. Ең сорақысы, министрлік 43,1 миллиард теңге тиімсіз пайдаланған. Мәселен, аграрлық несиелік ұйымдар өзіндік шаруа қожалықтары жоқ компанияларға қарыз бөлген. Осыдан 3 жыл бұрын Су ресурстары комитетінен шу шығып, «Ауыз су» бағдарламасына бөлінген 1,5 млрд. теңге құмға сіңген судай ізім ғайып жоқ болғаны да есте. Оның сұрауы да сұралмаған күйі қалып қойған. Айтпақшы, жемқорлық тақырыбының аталмыш министрлікпен қатар жиі қолданатындығын ұнатпады ма, жақында Асылжан Мамытбеков «Жаңару» дейтін сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыспен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Сөйтіп, еді ауыл шаруашылығында жемқорлық болмайды деген ой туындатқызды. Кім білген?..

Еркежан ЖҰМАТАЙ Астана қаласы

Серіктес жаңалықтары