Бірліктің арқасында бағындырылған биіктер

Бірліктің арқасында бағындырылған биіктер

Бірліктің арқасында бағындырылған биіктер
ашық дереккөзі
Астанада Парламенттің кезекті сессиясы ашылды. Қалыптасқан үрдіске сай, Президент Нұрсұлтан Назарбаев Парламент үйіне келіп, депутаттардың жұмысына сәттілік тіледі, одан соң үшінші сессияда қабылдануы тиіс заң жобаларына бағдар сілтеді. «Біз биыл жаңғырудың жаңа көкжиектерін ашып, іргелі процестерді жүйелі түрде жүзеге асыруға кірістік. Жаңғыру үрдісі негізгі үш сала – экономикалық, саяси және рухани бағыттар бойынша өрбуде. Бұл реформалардың негізінде біз «Қазақстан – 2050» стратегиясындағы мақсаттарымызға жетеміз. Елдегі тұрақтылық пен тыныштықтың, татулық пен бірліктің арқасында дәйекті түрде барлық биіктерді бағындырып келеміз. Көзделген жұмыстардың қарқынды әрі жүйелі атқарылуына Парламенттің де қосқан үлесі зор. Өткен сессияда біршама жемісті жұмыс жасалды. Парламент қоржынындағы 111 заң жобасының 84-і қаралып, қабылданды. Қазір олар күшіне еніп, еліміздің игілігіне қызмет етуде», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Өткен сессияға баға берген Елбасы қабылданған заң жобаларының ішінде «Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды айрықша атап өтті. «Депутаттардың белсенділігі де жоғары деңгейде, сіздердің бастамаларыңызбен 1 жылда 15 заң жобасы дайындалды. 17 үкімет сағаты мен 7 парламенттік тыңдау аясында билік тармақтары маңызды мәселелер бойынша қоян-қолтық жұмыс істеді. Қос палатаның жалпы отырыстары мен «үкімет сағаттарының» онлайн режимде өтуі Парламенттің жұмысын ашық, әрі халыққа қолжетімді ете түсті. Үшінші сессияда осы жақсы үдерістерді жалғастырып, қарқынды, әрі сапалы жұмыс істеу керек. Алдымызда талай сүбелі шаруалар тұр. Басталған келелі істерді ары қарай да заңнамалық қамтамасыз ету қажет», – деді Президент. Биылдан бастап Парламент жаңаша құзырет аясында жұмыс істейді. Конституцияға енгізілген толықтырулар мен өзгертулер бойынша Парламент пен Үкімет қосымша өкілеттіліктер мен жауапкершіліктерге ие болды. Әйтсе де, заң шығарушы тармақтың әлсіздігі мен атқарушы биліктің жұмысындағы кемшіліктерге көз жұма қарауға болмайды. Бүгінге дейін қабылданған заң жобаларының денін Үкімет дайындап бергені мәлім. Парламент депутаттары заң дайындауда енді ғана бастамашылдық таныта бастады. «Бүгін Парламент жұмысын жаңа жағдайда бастағалы отыр. Өйткені Парламент палаталары мен Үкімет қосымша өкілеттіктерге ие болды, тиісінше жауапкершілік те күшейді. Мен сіздерге біздің мәселемізді ашық айтайын, мүмкін бұл менің кінәм шығар, билік тармақтары тарапынан бастама өте әлсіз. Өткен жолы үкіметті өзгерткен кезде бұл мәселені айттық, қазір де жағдай осы. Әрі қарай осы күйінде жалғасуы мүмкін емес», – деді Президент. Жаңа сессияда «Кинематография туралы» деп аталатын жаңа заң қабылданып, «Қазақстан халқы ассамблеясы туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі тиіс. Қоғамды дін саласындағы деструктивті ағымдардың теріс ықпалынан қорғау тетіктерін іске қосу қажеттігі туды. Сондықтан мемлекет пен дін қарым-қатынастарын жетілдіру үшін заңнамалық базаны қайта қарау керек. Биыл Парламентке жаңа Салық кодексінің жобасы енгізіледі. Бұл құжат бизнесті көлеңкеден шығарып, мейлінше ашық жұмыс істеуге ынталандыруы шарт. Оның ішінде «өзін-өзі жұмыспен қамтушы» саналатын 2,7 миллион адамның табысын есептеп, оларға салық төлетудің жолдарын қарастыруды тапсырды. Бұған қоса, кеденге қатысты, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарға қатысты заңнамалар жаңартылуы қажет. Жаңа сессияның жаңалықтарының бірі – Елбасы Ұлттық банк құзыретін кеңейтуді ұсынды. Қаржы саласындағы басты реттеуші банк басқаларға бақылау жүргізу үшін қосымша тетіктерге ие болады. «Ауқымды міндеттер мен шешімдер – біздің 2017 жылғы жаһандық сын-қатерлерге жауабымыз. Жаңғыру барлық күшімізді жұмылдыруды қажет етеді. Жаңа жағдайда биліктің заң шығару және атқарушы тармақтары сындарлы түрде ынтымақтасуға тиіс» деген Н.Назарбаев депутаттарды бастамашылдық белсенділікті арттыруға үндеді.