251
Төленген айыппұл базадан бірден өшіріледі
Төленген айыппұл базадан бірден өшіріледі
Қазақстанда әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі пайда болады. Бұл жайында ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы Бағдат Мусин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елімізде әкімшілік айыппұлдарды дұрыс есепке алу мәселесінде үлкен проблема бар. Түрлі арналар арқылы қазірдің өзінде менімен жүзге жуық адам базаларда қосарланған мәліметтердің бар екендігін айтып, байланысқа шықты. Бұған қоса, төлем жасалғанымен, айыппұлдың базада әлі тұрғандығына қатысты шағым да көп. Біз, прокурор ретінде басқа да фактілерді анықтаймыз. Мәселен, тұлғаларға жазылған хаттамалар мәліметтер базасына дер уақытында енгізілмейді немесе қатемен енгізіледі не болмаса жоғалып кетеді... Сондықтан барлық әкімшілік жазалардың үлгілік базасы болуы тиіс әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімін құру туралы шешім қабылдадық», - деп жазды Бағдат Мусин Фейсбуктегі парақшасында.
Оның жазуынша, егер төлем банк бөлімшесі арқылы кез келген жағдайда немесе басқа жерде жасалатын болса, онда төлемнің жасалғандығы туралы ақпарат бірден үлгілік базаға түсіп, азаматтан ол автоматты түрде алынатын болады.
«Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімінің бірінші кезеңі - бұл жол полиция қызметкерлерінің хаттама жазуын автоматтандыру процесі. Проблеманы жүйелі түрде шешетіндігімізге сенімдімін. Бірақ, бұл жұмыс болашақта проблеманы жоюға бағытталған. Ал бұл проблемалардың барлығы қазіргі уақытта басына төніп отырғандар не істеу керек? Баяғыда төленген айыппұлдары базада тұрса және сол үшін төлем жасау талап етіліп отырса не істеу қажет? Маған жүгінгендердің проблемасын шеше келе, мұндай мәселелердің 90 пайызы Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында туындайтындығын түсіндім. Сондықтан да, ендігі уақытта әрбір Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында тұрақты түрде Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінен әкімшілік айыппұлдар жөніндегі өкілетті прокурордың болатындығы туралы шешім қабылданды. Бұл қазіргі уақытта мәселе туындап жататындарға көмек береді деп ойлаймын. Ал әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыратын боламыз», - деді Бағдат Мусин.