Сағынтаев Елбасына атқарылған жұмыстар туралы есеп берді

Сағынтаев Елбасына атқарылған жұмыстар туралы есеп берді

Сағынтаев Елбасына атқарылған жұмыстар туралы есеп берді
ашық дереккөзі
ҚР Премьер-Министрі Мемлекет басшысына атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. Кездесу барысында Мемлекет басшысына биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша Үкіметтің атқарған жұмысы жөнінде есеп берілді. Қазақстан Президенті еліміздің экономикалық даму көрсеткіштері өсіп келе жатқанын айтып, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды одан әрі іске асырудың маңыздылығын атап өтті. «Менің тапсырмам бойынша еліміздің бірнеше өңірін аралап шықтыңыз. Жалпы, тұрақты ахуал байқалуда. Алдымызда егін ору науқаны тұр. Оны тиісті деңгейде жүргізуіміз қажет», - деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаевқа 7 айдың қорытындысы бойынша экономиканың даму барысы және бағдарламалардың аралық нәтижелері жөнінде мәлімделді. «Экономикалық өсім 4,2%-ды құрап отыр. Өндіріс саласындағы көрсеткіштер мұнай өңдеу деңгейі төмендеген Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан басқа еліміздің барлық өңірінде 100 пайыздық мөлшерден асты. Біз қазіргі уақытта бұл өңірлерге жаңа резерв көздерін жұмылдыру мәселесі бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Негізгі капиталға инвестиция тарту мәселесі жөнінде. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 3,7% өсім байқалуда.Барлық өңірлерде көрсеткіштер жақсы. Инфляция деңгейі биылғы маусым айымен салыстырғанда 0,1%-ке өсті. Азық-түлік бағасы 0,5%-ке төмендегенін атап өткім келеді. Жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ті құрап отыр, - деп баяндады Б.Сағынтаев. Сонымен қатар, Премьер-Министр индустрияландыру бағдарламасының іске асырылуы жөнінде есеп берді. Оның аясында биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 31 жоба іске қосылды. Б.Сағынтаевтың мәліметіне сәйкес, екінші тоқсанда жаңа 10 мың жұмыс орнын қамтитын 100 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. «Экономиканың өсуіне «Нұрлы жол» бағдарламасының іске асырылуы зор үлес қосып отыр. Биыл автомобиль жолдарының құрылысына 356 миллиард теңге қарастырылған. Сондай-ақ, қазір 600 шақырым жол іске қосылды. Жыл соңына дейін 469 шақырым жол ақылы болмақ. Алғаш рет осындай жүйеге қосылған «Астана-Бурабай» тасжолы жылына 1,5 миллиард теңгеге дейін пайда әкеліп, оның құрылысына жұмсалған қаражатты ақтап отыр. Қазір «Астана-Теміртау» тасжолын осы жүйеге қосу жұмыстары жүргізілуде», - деді Премьер-Министр. Сондай-ақ, Б.Сағынтаев «Нұрлы жер» бағдарламасының орындалу нәтижелері туралы баяндады. Оның аясында биыл 10,2 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Премьер-Министрдің мәліметіне сәйкес, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 5,5 млн шаршы метрді қамтитын құрылыс жұмыстары аяқталған. Мемлекет басшысына ауыл шаруашылығындағы бағдарламалардың іске асырылуы туралы есеп беріліп, ел экономикасын несиелендіру жөнінде мәлімет ұсынылды. Соңында Қазақстан Президенті Үкімет пен әкімдердің алдына қойылған міндеттерді орындауды жалғастыруды тапсырып, бұл ретте өсімнің оң қарқынын сақтаудың және бөлінген қаражатты игерудің маңыздылығына тоқталды. «Үкімет қызу жұмыс жүргізіп отыр деп есептеймін. Мен жылды жақсы нәтижелермен қорытындылау үшін бәріңізді ұйымшылдықпен жұмыс істеуге шақырамын. Тәуекелді тұстар да жоқ емес. Энергия тасымалдаушыларымызға, шикізат өнімдеріне деген бағаның өзгерісі. Бәлкім, батыстың Ресейге қатысты санкциялары әсер етер. Осыны ескеру қажет», - деді Елбасы.