241
Премьер-министр Қарағанды облысының түйткілді мәселелерімен танысты
Премьер-министр Қарағанды облысының түйткілді мәселелерімен танысты
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өткен жұмыс мәжілісі барысында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов бірқатар жобаларды іске асыруға республикалық бюджеттен қаражат бөлуді сұрады, деп хабарлады «ҚазАқпарат».
Өңір әкімі министрлер кабинеті басшыларына бес өтініш айтты.
«Біріншісі - өңірге облыстық клиникалық ауруханаға жаңа ғимарат керек. Қазіргі корпус 1940 және 1960 жылдары салынған. Үйжай стандартқа сәйкес келмейді. Қазір 300 орындық көп бейінді аурухана құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жер учаскесі бөлінді. Үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджеттен қаражат бөлуді сұраймын», - деді әкім.
Екінші мәселе - өңіраралық облыстық онкологиялық диспансерде базалық алаң тапшы. Үшінші мәселе - әкім үкіметтен жылу құбырын салуға 12 млрд теңгеден астам қаражат бөлуді сұрады. «Жаңғыртылған ЖЭО-3 қажетті көлемді беруге әзір, алайда оны тасымалдау үшін ұзындығы 22 шақырым жылу құбыры қажет. Қажет сома 12 млрд теңгеден астамды құрайды», - деді Ерлан Қошанов.
Сондай-ақ облыс әкімі Қаражал қаласы мен Жайрем кентін ауыз сумен жабдықтау үшін ақша бөлуді сұрады. «Қаражал және Жайрем халқын сумен қамтамасыз ету мәселесі өткір тұр. 2007 жылы «Ауызсу» мемлекеттік бағдарламасы аясында су ағызу құрылғысын салу басталған. Ол 2012 жылы аяқталды. Нысан жұмыс сапасыз орындалғандықтан, әлі пайдалануға енгізілген жоқ. Қазір су құбыры екінші кезектегі мәселеге айналды. Қаржы жағынан қолдау сұраймыз», - деді әкім.
Бесінші мәселе - Жезқазған мен Сәтпаевты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі. «Құрылыс 7 жыл бұрын басталған. Жұмыс 2012 жылы басталып, сосын қайта жаңартылды. Тапсырыс беруші ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес 2017 жылы жобаны аяқтау жоспарланған. Алайда бұл нысанда жұмыс әлі күнге жүргізіліп жатыр. Шара қабылдауыңызды сұраймын», - деді ол.
Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев әкімнің өтініштерін қарауға қабылдады.