Дулат Исабеков: Ағылшындардың қазақ өнеріне құрметі шексіз

Дулат Исабеков: Ағылшындардың қазақ өнеріне құрметі шексіз

Дулат Исабеков: Ағылшындардың қазақ  өнеріне құрметі шексіз
ашық дереккөзі
Әдебиет – білім мен тәрбиенің қайнары ғана емес, ел мен елдің арасын жақындатар дипломатия құралы, мемлекеттердің ортасына көпір болатын елші. Повестері мен әңгімелері  орыс, ағылшын тілдерінде жарық көріп, пьесалары әлемнің 26 елінде сахналанған қазақтың маңдайалды қаламгері, белгілі жазушы-драматург Дулат Исабектің шығармашылығы сөзімізге дәлел бола алады. Жуырда жазушының тағы екі кітабы ағылшын оқырмандарына жол тартты. Әлем көз тіккен айтулы шара – ЭКСПО халықаралық көрмесі аясында тұсаукесері өткен қос жинақ қазақ пен ағылшынның рухани байланысын бекіте түскендей. Ұлыбритания павильонында өткен салтанатты жиынды өзінің құттықтау сөзімен ашқан ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Ұлыбритания мен Қазақстанның мәдениет пен әдебиет саласындағы байланысы артқанын айтып, жазушыға ақ тілегін білдірді. «Жазушының осыған дейін бірнеше туындысы ағылшын тілдерінде жарық көрген. Бүгін айтулы шараға Ұлыбританиядан автор шығармаларын аударған және оған қызығушылық танытқан қонақтар келіп отыр. Ұлыбритания павильонының аумағында мұндай шараның өтуі екі елдің мәдени және шығармашылық байланысының нығаюына себепкер болмақ. «Мәдениеті мен әдебиеті биік халық – ұлы халық» деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, еліміздің рухани қазынасын әлемдік деңгейде танытып жүрген Дулат ағамызға шығармашылық табыс пен деніне саулық тілеймін», – деді министр. Қаламгердің шығармаларын ағылшын тіліне Шыңғыс Айтматов академиясының директоры, профессор Рахима Абдуалиева, Ұлыбритания театрының директоры Дэвид Папава және ирландиялық тәуелсіз сыншы, психолог Сара Коплей аударған. Тұсаукесер рәсіміне қатысқан шетелдік қаламгерлер Дулат Исабековтің туындыларын өте жоғары бағалап, қазақстандық драматургке деген құрметтерін білдірді. «Соғыстың сұрапыл қаталдығын суреттеген, адамның жанды жерін түйреп өтетін туындыны қалайша аудармасқа және халыққа жеткізбеске?», – деп Сара Коплей таңданысын жасырмады. Дулат Исабеков шығармаларын ағылшын жұртшылығына таныстыруға бастамашы болған Рахима Абдуалиева да жазушы туындыларын алғаш қолға алғанда қатты таңғалыпты. «Жазушы шығармалары өте жеңіл, сонымен қатар жаныңа ауыр тиеді. Оқырманға ұлттық құндылықтан бұрын жеңіл, түсіне алатын дүние керек. Сондықтан «Осы ағылшындар қандай кітапты сүйіп оқиды?» деген сұраққа жауап іздедік. Ш.Айтматовтың «Жәмиләсы» мен Д.Исабековтің «Гауһартасын» салыстыра отырып, ондағы сөз болған құндылықтарды, махаббат пен сыйластықтың қадірін оқырманға ұқтыруға тырыстық. Шетел жұртшылығы бірден қабылдады, ағылшын тіліне аударылған кітаптың оқырманы көп болғаны сонша, сахналауға да ұсыныстар түсті. Жан бітіп, қанаттанды деуге де болады», – дейді Рахима Абдуалиева. Тұсаукесерге Ұлыбританиядан ат арытып арнайы келген тағы бір қонақ – Дэвид Папава (Ұлыбритания театрының директоры) қазақ жазушысының шығармалары сахнада құлпырып, түрленіп сала беретінін, көрермен жүрегіне оңай жол табатынын айтты.  «Кез келген жазушының шығармасына пьеса қою қиын. Тіпті, Уильям Шекспирдің шығармаларын сахналаудың өзі кез келген режиссер үшін оңай емес. Ал Дулат Исабековтің кез келген пьесасы өте тартымды, сахналық туынды шығару арқылы көрерменін баурап алады. Гоголь, Чеховтың шығармаларын сахналарда әбден қиналған режиссер К.С. Станиславский мінсіз пьесаның өзін қойылымға айналдыру оңай еместігін айтқан. Егер де ол кісі қазір тірі болса,  Дулат Исабековтің туындысын ойланбастан сахнаға шығарар еді. Оның қай туындысын болмасын жан-жүрегіңмен сезініп, сахнаға жан бітіре аласың. Мен мұндай шығармаларды Лондон тұрғындарына насихаттаудан жалықпаймын», – деп ағынан жарылды. Жазушының өзімен тұсаукесер кезінде тілдесе алмасақ та, Алматыға оралған соң аз-кем әңгімелесудің сәті түсті. – Дулат аға, ағылшындармен шығармашылық байланысыңыз қай кезден бастау алды? – Ағылшын елімен шығармашылық байланыс орнатқаныма бірнеше жылдың жүзі болды.  Бұған мұрындық болған – Ш.Айтматов атындағы академияның директоры, белгілі қаламгер Рахима Абдуалиева. Ол менің орыс тілінде жарық көрген бір томдығымды оқып шығып, өте жоғары бағасын берді. Рахима Абдуалиева – ағылшын қоғамында өте ықпалды адам. Лордтар палатасынан бастап сондағы мәдениет қайраткерлерінің, қаламгерлердің  барлығымен тығыз байланыста жұмыс істеген. Өзінің жеке баспасы бар. Ш.Айтматов шығармаларын ағылшын тіліне аударып, Еуропаға насихаттау ісіне зор еңбек сіңірген жан.  Сол Рахима ханыммен елімізге келген бір сапарында жолығып, әңгімелесудің сәті түсті. «Ш.Айтматовтан кейін Кеңес жазушыларының ішінде сіздің шығармаларыңызға ерекше мән беруге тура келді», –  деді. Еңбектерімді ағылшын тіліне аудару қажеттігін айтты. Ұлыбританияға барғаннан кейін осы істің мән-жайын анықтап, қолынан келгенше көмек көрсетуге уәде етті. Уәдесінде тұрып, бір жылдан кейін «Гауһартастан» бастап бірнеше повестерім мен әңгімелерімді ағылшын тілінде жеке жинақ етіп шығарды. Кембридж университетінде кітаптың тұсаукесерін өткізіп, ағылшын оқырмандарына таныстырдық. Одан кейін Рахима ханым пьесаларымды аударуды ұсынды. Қуана келістім. Барлық пьесаларыммен танысып шығып, тоқтағаны – «Өкпек жолаушы». Бұл спектакльді 70 жылдығыма арналған фестивальде Санкт-Петербург театры сахналаған болатын. Сол театрдың қойылымынан кейін көптің көңілінен шыққан «Өкпек жолаушы» ағылшын тіліне аударылды. 2014 жылы Orzu Arts театрында тұсаукесері болды. Содан бастап ағылшындармен байланысым күшейе бастады. 2014 жылдың желтоқсанында олар мені қайта шақырып, Ш.Айтматов академиясы мен Лордтар палатасының «Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы мәдени байланыстың негізін қалағаны үшін» атты сыйлығын табыстады. – «Біз соғысты көрген жоқпыз» хикаятыңыз да ағылшын тілінде жеке кітап болып басылды емес пе?    – Иә, оның да тұсаукесеріне шақырды. Жалғыз барған жоқпын. Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық-драма театрының ұжымы Лондонға гастрольдік сапармен барып, шығармамды ағылшын жұртшылығының назарына ұсынды. Оған дейін Астана әкімі болып тұрған кезінде Иманғали Тасмағамбетовтің мұрындық болуымен елордаға арнайы келіп, «Өкпек жолаушыны» қойған ағылшын театры Қызылорда театрының өнеріне тәнті болып, өз елдеріне шақырып кеткен болатын. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдау көрсетуінің арқасында Н.Бекежанов театрының ұжымы ақыры Ұлыбританияға барып қайтты. Содан бері екі ел арасындағы мәдени-әдеби ынтымақтастық үзілген жоқ. Биыл Ұлыбританияда пьесаларым өз алдына жеке жинақ болып шықты және әңгімелерімнің жинағы жарық көрді. Ел жылнамасындағы елеулі оқиға – ЭКСПО халық­аралық көрмесінің аясында екі кітаптың тұсаукесері өтті. Шетелдік қадірменді қонақтар – Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі мен ЭКСПО қалашығындағы ағылшын павильонының директоры, сондай-ақ, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы арнайы келіп қатысты.  Мырзатай Жолдасбеков, Төлен Әбдіков бастаған зиялы қауым өкілдері келді.  Бұл жиын екі елдің мәдени диалогының жандануына тың серпін берді деп ойлаймын. – Көктемде Елбасымен кездесуден кейін сұхбаттасқанымызда  ұлыбританиялықтар сіздің 75 жас мерейтойыңызды өткізуге дайындалып жатқанын айтып едіңіз. Қандай шаралар жоспарланған екен? – Ағылшындар мерейтойымды үлкен фестиваль етіп өткізбекші. Шаралардың бәрі алдын-ала белгіленіп, дайындық басталып кетті. 1 қазанда М.Әуезов театры «Жаужүрек» қойылымымен барады. 2 қазанда – салтанатты кеш, ал 3 қазанда Мемлекетік республикалық корей музыкалық комедия театрының ұжымы «Актриса» қойылымын сахналайды. 4,5,6 қазан күндері менің ағылшын тіліне аударылған шығармам – «Аққу Жібектің» тұсаукесері болады. Ағылшындардың қазаққа, халқымыздың өнеріне деген мұндай құрметіне алғыстан басқа айтарым жоқ. – Лондон төріндегі фестиваліңіз сәтті өтсін! Әңгімеңізге рахмет!  

Сұхбаттасқан

Анар ЛЕПЕСОВА