1560
Ерлан Сағадиев: Мектеп формасын мектеп өзі таңдайды
Ерлан Сағадиев: Мектеп формасын мектеп өзі таңдайды
Бүгін Үкімет үйінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының әлеуметтік және білім салаларында жүзеге асырылуына арналған брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бірыңғай мектеп формасына қатысты пікір білдірді.
«Мектепте бірыңғай форма болуы керек. Ол бұйрықта жазылған. Бірақ ол қандай форма болатынын мектеп өзі шешеді. Байқау комитеттері, ата-аналар комитеттері жиналып, үлгісін, форма түрін талқылап, бір шешімге келеді. Мәселен, ол форма ұнамаса мектепке барып айту керек. Бізде бұйрық бойынша бір мектепте бірыңғай форма болуы қажет деп жазылған. Ол қандай форма, қай жерде шығарылған, үлгісі қандай деген мәселелерді мектеп шешеді», - деді Ерлан Сағадиев.
Оның айтуынша, оқушылардың бірыңғай формасын енгізу әкімдіктердің, мектептердің құзіретіне жатады.
«Әкімдік қаланың ішінде бірыңғай форма болсын деген шешімге келе алады. Бірақ, мұның министрлікке еш қатысы жоқ», - деді ол. Айта кетерлігі, Астана қалалық білім басқармасының жетекшісі Ануар Жанғозин оқушыларының қара көк түсті бірыңғай формаға көшуі кезең-кезеңмен жүзеге асырылатындығын мәлім еткен еді.