Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына - 159 жыл

Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына - 159 жыл

Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына - 159 жыл
ашық дереккөзі
1901
Шәкәрім Құдайбердіұлының дүниеге келгеніне тура 159 жыл толады. «Халық жауы» ретінде жарты ғасырдан астам уақыт бойы шығармашылығына тыйым салынған ақынның есімі 1988 жылы толық ақталған. Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858 жылдың 24 шілдесі күні бұрынғы Семей облысы Абай ауданында туған. Шәкәрім - ұлы Абайдың немере інісі, Құнанбайдың бәйбішесі Күнкеден туған Құдайбердінің баласы. Әкесі бар болғаны 36 жасында мезгілсіз қайтыс болған уақытта Шәкәрім жеті жастағы бала болған. Атасы Құнанбайдың бауырында өсіп, ағасы Абайдың тәлімін көрген Шәкәрімнің өлең-жырларына адамдық пен елдікті ту етуіне, ұлттың жоғын жоқтауына алдыңғы алғыр буынның тәрбиесі негіз болғаны сөзсіз. Жасынан сауат ашқан жалынды жас араб, көне түркі, парсы, орыс тілдерін білген. Есейген шағында Шәкәрімнің «Абай болмаса, ақын болуым екіталай еді» дегені бар екен. «Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық» деген өлеңінде «Жүз айтқанмен, өзгенің бәрі надан, Жалыналық Абайға, жүр баралық!» деп Шәкәрім түзу жолға тек Ұлы Абай бағыттай білетінін білдіргісі келеді. Ақынның жоғарыда аталған «Жастарға» өлеңі 19 жасында жазылған екен. Абайдың ақылымен Шәкәрім өмірінде әлемнің бірнеше елдерін аралап, Меккеге дейін барған. Ақын өзінің байырғы арманын жүзеге асырып, Ыстанбұл, Париж кітапханаларынан өз халқының тарихына қатысты кітаптардан сусындайды. Аристотель, Ибн-Сина, Ұлықбек, Кант, Платон, Сократ, Әбунасыр сияқты философтарының еңбектерін зерттеген Шәкәрімнің философиялық ой-танымына таңданбасқа болмайды. Ақынның «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты тұңғыш кітабы 1911 жылы жарық көрген. Шәкәрімді философ, тарихшы, ойшыл ретінде де танытатын «Үш анық», «Мұсылмандық шарты» атты туындылары, әлеуметтік-ағартушылық арнадағы «Жолсыз жаза», «Қалқаман - Мамыр», «Ләйлі - Мәжнүн» т.б. жыр жинақтары мен поэмалары басылып шыққан. Оның жүрегінен «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», «Жастық туралы», «Анадан алғаш туғанымда» сияқты жиырмаға тарта әсем әуезді әндер туған.    

Серіктес жаңалықтары