245
Алты айдың нәтижесі айтарлықтай
Алты айдың нәтижесі айтарлықтай
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері қорытындыланып, республикалық бюджеттің атқарылуы пысықталды.
Жиында бірінші болып Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов сөз алды. Министрдің келтірген мәліметтеріне сүйенсек, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында еліміздің ішкі жалпы өнімі 4,2 пайызға өскен. Тимур Сүлейменов өз сөзінде ел экономикасының дамуына биржалық тауарлардағы баға коньюнктурасының тұрақтануы, Қазақстанның негізгі сауда серіктес елдеріндегі экономикалық белсенділіктің артуы, сонымен қатар, әлемдік экономиканың өсімі әсер еткендігін атап өтті.
Ұлттық экономика министрі мәлімдегендей, үстіміздегі жылдың алғашқы алты айында республика бойынша өнеркәсіпте 7,8 пайызға, ауылшаруашылық өнімдері өндірісінде 3,1 пайызға өсім байқалған. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарының көлемі 5,9 пайызға, тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемі 11 пайызға артқан. «Бірінші жартыжылдықта сыртқы және ішкі даму жағдайларының жақсаруы аясында Қазақстан экономикасы өзінің өсуін жалғастырды. Енді осы өнеркәсіп өндірісінің қол жеткен қарқынын ұстап тұру үшін екінші жартыжылдықта салалар бірінші жартыжылдыққа қарағанда неғұрлым жоғары серпінде өсуі керек», – деп атап өтті Ұлттық экономика министрі.
Тимур Сүлейменов соңғы 5 жылда ішкі жалпы өнімнің 60 пайызы экономика белсенділігінің екінші жартыжылдықта артуы есебінен қалыптасқанына тоқталды. Мысалы, 2016 жылы ішкі жалпы өнімнің 1 пайызға өсуі кезінде алғашқы алты айда өсу 0,1 пайызды құраса, екінші жартыжылдықта экономиканың өсуі 2015 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,6 пайызға дейін жеделдеген. Ал биылғы жыл қорытындысында 4 пайыздан артық өсімді сақтау үшін алдағы тоқсандарда жалпы ішкі өнім 4,1-4,3 пайызға өсуі керек. «Осыған байланысты алдымызда үлкен міндеттер тұр. Әкімдіктермен бірлесіп, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу қарқынын баяулатпай, үдете түсуге және инвестициялар тарту көлемін арттыруға тиіспіз», – деді Тимур Сүлейменов.
Бірінші жартыжылдықтағы қаржы саласындағы ахуал жөнінде Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков баяндады. Олек Смоляков өз сөзінде алдағы уақытта кейбір банктердің бірігуі мүмкін екендігін жеткізді. «2017 жылғы 5 шілдеде «Халық банкінің» «Казкоммерцбанк» АҚ-ы акцияларының бақылаушы пакетін сатып алуы бойынша мәміле тәмамдалды. Салымшылардың, кредиторлардың, инвесторлардың барлық құқықтары мен заңды мүдделері сақталды. Біз банк секторының ары қарай да топтаса түсуі жалғасады деп күтіп отырмыз. Біздің ойымызша, бұл саланың тұрақтылығын арттыруды қамтамасыз етеді», – деді Олег Смоляков.
Сондай-ақ, жиын барысында республикалық және жергілікті бюджеттердің игерілуі жөнінде Қаржы министрінің орынбасары Берік Шолпанқұлов айтып берді. Берік Шолпанқұловтың айтуынша, мемлекеттік бюджеттің кірістері, трансферттерді есептемегенде, 3 трлн 407,2 млрд теңгені құраған. Республикалық бюджет бойынша кірістердің орындалуы 103,8, жергілікті бюджет бойынша 114,3 пайыз болды. Қаржы министрлігі ұсынған деректерге сүйенсек, жарты жыл ішінде республикалық бюджеттен 4 трлн 406,3 млрд теңге шығындалған. Яғни, орталық бюджет 99,2 пайызға игерілді. Үнемделген қаржы көлемі 4,9 млрд теңгені құраса, игерілмеген қаржы көлемі 30 млрд теңгеге тең.
Әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларымен танысқан Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев орталық және атқарушы органдарға Елбасының экономика өсімін одан әрі қамтамасыз ету үшін берген тапсырмаларын орындау бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыру туралы тапсырма берді. «Статистикалық мәліметтер көрсеткіші жаман емес. Бұл ортақ жұмысымыз. Елбасының тапсырмасын орталық өңірлердегі жергілікті атқарушы органдар бірлесіп атқардық. Өсім, жоғарыда атап өтілгендей, 4,2 пайыз болды. Дегенмен, негізгі жұмыстарды екінші жартыжылдықта атқаруға тура келеді. Біз дәл осы қарқынды ұстап тұруға тиіспіз. Сондықтан босаңсуға болмайды», – деп қадап айтты Премьер-министр Бақытжан Әбдірұлы.
Келелі жиында «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асырудың аралық қорытындысы шығарылды. Бұл мәселе жөнінде Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады. Министрдің келтірген мәліметтеріне иек артсақ, үстіміздегі жылдың алғашқы алты айында жалпы 5,5 млн шаршы метр немесе 47,7 мың пәтер мен үй пайдалануға берілген. Бұл 2016 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға артық. Ал мемлекеттік қаражат есебінен «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 7,3 мың пәтер пайдалануға берілді. «Тұрғын үйлерді пайдалануға беру жағынан Астана мен Алматы қалалары озық келеді. Астанада 1,5 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілсе, Алматы 928 мың шаршы метр тұрғын үй салды. Бұдан бөлек, Маңғыстау мен Оңтүстік Қазақстан облыстарын атап өткен жөн», – деді өз сөзінде Жеңіс Қасымбек. Сондай-ақ, министр өз сөзінде Алматы мен Павлодар облыстарында баспананы пайдалануға беру жұмыстарының баяу жүргізіліп жатқандығын да атап өтті. Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта салынып жатқан құрылыс нысандарын уақытында тапсыру үшін өңірлерге 33 млрд 800 млн теңге аударылған. Оның 29 млрд 300 млн теңгесі игерілді.
Инвестициялар және даму министрі өз сөзінде мемлекеттік бағдарламаның «Жеке тұрғын үй құрылысын дамытуды қолдау» бағытын жүзеге асыру бойынша биылғы жылы жеке тұрғын үй салынатын 60 мың жер учаскесін инженерлік-коммуникациялық желімен қамтамасыз ету жоспарланып отырғандығына тоқталды. «Желілер тартылған ең көп жер учаскелерін Маңғыстау және Ақтөбе облыстарының әкімдері беруді жоспарлап отыр. Жалпы, биылғы жарты жылдың қорытындысы бойынша 23,5 мың учаске инженерлік желілермен қамтамасыз етілді. Жеке тұрғын үй құрылысына арналған учаскелерді желілермен қамтамасыз етуге көзделген қаражаттың сомасы 45,5 млрд теңгені құрайды», – деп түсіндірді министр. Ал желілерді салу жағынан Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола мен Батыс Қазақстан облыстарында жұмыстар баяу жүргізілуде.
Сонымен қатар, Үкімет отырысында «Нұрлы жер» бағдарламасының төрт бағытын іске асыру жөнінде «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Е.Досаев, ал өңірлердегі ахуал туралы Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының әкімдері Қ.Ақсақалов пен Б.Бақауов мәлімдеді.
Жиын соңында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Инвестициялар және даму министрлігі мен «Бәйтерек» холдингіне халықтың қажеттіліктері мен азаматтардың оны сатып алуға дайындығын ескере отырып, бөлінетін қаражатты және тұрғын үй құрылысы көлемін жоспарлауды бақылауға алуды тапсырды. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру аясында бөлінетін қаражатты мақсатты жұмсауды қамтамасыз ету және жеке құрылыс салушыларды тарту бойынша жұмысты күшейту қажет», – деді Үкімет басшысы. Ал облыс басшыларына аталмыш бағдарламаның бес бағыты бойынша жұмысты жандандыру, жаппай құрылыс салатын жерлерді алдын ала анықтау және таяу жылдарға тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарларында қарастырылған көлемде жобалау-сметалық құжаттар жасауға жергілікті бюджеттен уақытылы қаражат бөлуді қамтамасыз ету міндеттелді.