20 жастағы өсуі тоқтап қалған ресейлік жігіт әлем назарын аударды (ВИДЕО)

/
20 жастағы өсуі тоқтап қалған ресейлік жігіт әлем назарын аударды (ВИДЕО)
Әлеуметтік желіден

Ресейдегі Белогорск қаласының 20 жастағы тұрғыны Даниил Яндуков өзінің сыртқы келбетімен әлем назарына ілікті — көпшілік оны бір көргенде 10 жастағы бала деп ойлайды. Бұл туралы СПЕКТР YouTube арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Даниилдің бойы – 140 сантиметр, салмағы – шамамен 23 килограмм. Бәрі оны алғаш көргеннен жеткіншек деп ойлайды. Еркелетуге тырысатындар, сыра сатып алғанда төлқұжатын талап ететіндер, тіпті құжаттарының шынайы екеніне сенуден бас тартатындар баршылық.

"20 жастамын, бірақ бәрі мені 10 жаста деп ойлайды. Толық емес отбасында дүниеге келдім. Екі қарындасым бар. Ерекшелігімді жетінші сыныпта бір-ақ білдім. Өзгелерден бойым аласа екенін байқай бастадым", - дейді Даниил.

Анасы оны талай мәрте дәрігерлерге қаратқан. Мәскеуде дәрігерлер генетикалық талдау жүргізіп, өсу гормонының жеткіліксіздігі бар деп күдіктеніп, гормондар еккен, бірақ емнен еш нәтиже болмапты.

"Үнемі гормондар егетін, бірақ көмектеспеді. Артынша бұған мән беруді қойдық. 18-ге толғанда тағы бір ем алуым керек болды. Біз бәрінен бас тарттық", - дейді ол.

Даниил оқушы кезінде басынан өткерген қиындықтарды еске алды.

"Дене шынықтыру сабағында қашан да сап түзегенде соңғы болып тұратынмын. Барлық бала өзгеріп жатты. Бәрі өсіп жатқанда, мен ғана өзгермейтінмін... Анда-санда сыра ішетін кездерім болады. Алкогольді мүлдем ұнатпаймын және тек адамдардың көңілін көтеру үшін ғана ішемін. Көбі төлқұжатым жалған деп ойлайды", - дейді жас жігіт.

Даниил ерекше келбеті оған жұмысқа тұруда артықшылықтар бергенін жасырмады. Түнгі клуб бармені оған таң болып, жұмыс ұсынған екен.

"Ол түріме қарап өзгелер шайпұлды көптеп беруі мүмкін екенін айтты. Алғашқы аптадан-ақ жақсы жұмыс істей бастадым. Шайпұлдар молынан болды... Десе де даяшы болып күніне 15 сағат жұмыс істеу қиын. Болашақта, мүмкін, даяшы болудан бас тартармын... Болашақта инженер болып жұмыс істегім келеді. Бірақ өмірімді сыртқы келбетіме байланысты дүниелермен байланыстырғым келеді. Мүмкін, әзіл-сықақта, түсірілімдерде бой көрсетермін, жеке блог жүргізгім келеді", - дейді ол.

Ол бұған дейін бойжеткендермен жақын қарым-қатынаста болып көрген, десе де отбасылы болу ол үшін әзірге басты мақсат еместігін жасырмады. Бүгінде ол қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізуге барынша ден қойған.

"Әйелдермен қарым-қатынасқа басымдық бермеймін. Бұған расымен ұмтылмаймын. Қаржы, өзімді дамыту мәселесіне көбірек қызығушылық танытамын. Алдымен қаржылық жағдайымды жақсартсам деймін. Әрине, кейінірек, жан серігіммен кездесемін деп ойлаймын", - дейді ол.

Даниил бүгінгі келбетіне ешқандай өзгеріс жасағысы келмейтінін алға тартты.

"Егер маған өзгелерден еш айырмашылығым болмайтындай етуге біреу мүмкіндік беремін дейтін болса, мен бәрін сол қалпында қалдырар едім. Шынымды айтсам, бәріне ризамын. Анам алаңдайтын сияқты. Анама көмектесіп тұрамын. Қолымнан келгенше оған ай сайын аздап қаражат жіберуге тырысамын... Өзгеден ерекше болудан ұялудың қажеті жоқ", - деп сөзін түйіндеді ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары