Италиядағы іскерлік форум

Италиядағы іскерлік форум

Италиядағы іскерлік форум
ашық дереккөзі
237
Таяуда Италияның Милан қаласында Қазақстанның іскерлік әлеуетін арттыруға арналған форум өтті. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы мен Италия-Қазақстан Сауда палатасының бірлескен форумына итальяндық инжинирингтік және өндірістік кәсіпорындар қатысты. Шараның басты мақсаты – барлық мүдделі тараптардың басын қосып, Қарашығанақ компаниясының жаңа жобаларымен таныстыру, мұнай-газ жабдықтарын жобалау, өндіру бойынша қазақстандық және мүдделі итальяндық компаниялар арасындағы бірлескен кәсіпорындар құрудың мүмкіндіктерін қарастыру болатын. Форумда Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов әріптестіктегі мүмкіндіктерді зерделеу үшін ыңғайлы және пайдалы алаң деп атап өтті. «Форум қорытындысы бойынша қатысушыларда жаңа идеялар мен жаңа серіктестік үшін байланыстар, сондай-ақ Қарашығанақ кен орнын игеруге қатысу үшін бірлескен жаңа тауарларды өндіру мен жаңа қызметтер көрсету мүмкіндіктері пайда болады», – деді. – Бірлескен жұмыс үшін негізгі бағыт – Қарашығанақ мұнай-газ конденсаттық кен орны орналасқан аймақ – Батыс Қазақстан облысы. Осыған байланысты, Батыс Қазақстан облысы басшылығы ұсынып отырғандай шетелдік инвесторларды тарту, ынтымақтастық пен бизнесті дамыту үшін қолда бар мүмкіндіктер мен бастамаларды талқылағымыз келеді. Бүгін Қазақстан Республикасында өз тауарлары мен қызметтерін енгізуге мүдделі, өздерінің технологиялық өнімдерін «Қазақстанда жасалған» маркасымен бірлескен өндірісті іске қосуға мүдделі итальяндық өндірушілерді әңгімеге шақырамыз, – деді өз сөзінде ҚПО бас директорының орынбасары Марат Кәрімов. Бүгінде «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы мен оның Қарашығанақ жобасы бойынша серіктестері жергілікті әлеуетті дамыту және елдің индустриялық-инновациялық дамуына бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен бастамаларды кеңінен қолдайды. ҚПО компаниясы мен өкілетті орган – PSA ЖШС және KAZENERGY қауымдастығы қол қойған Ақтау декларациясын, Отандық өнеркәсіпті дамыту бойынша өзара түсіністік меморандумын іске асыру жолымен жергілікті әлеуетті дамытуға елеулі үлесін қосып отыр. «Италия-Қазақ­стан Сауда палатасы Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы өзара тиімді қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға және қазақстандық-итальяндық іскерлік әріптестікті тұрақты дамытуға ықпал етеді деген үміттеміз», – деп пысықтады Марат Кәрімов. Еліміздегі ең ірі мұнай-газ конденсаттық кеніштердің бірін игеріп жатқан консорциум өзінің міндеттерін бұлжытпай орындап келеді. 2017 жылдың І тоқсаны бойынша компанияның тауарларды жеткізу, жұмыстар мен қызмет көрсетудегі жергілікті үлесі – 50 пайызды құраған. Компания әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға баса мән беріп келеді. Атап айтқанда, өндіріс ошағына салынатын инвестиция облыстың әлеуметтік дамуына өз ықпалын тигізуде. Жыл сайын әлеуметтік жобаларды іске асыруға 20 миллион доллар бөлінеді. Құрылыс жұмыстарына тек қазақстандық мердігерлер ғана тартылады. Жергілікті жерлерде жаңа мектептер, балабақшалар мен мәдениет сарайлары, спорт кешендері салынып, жолдар мен инженерлік желілер жөнделді. Әлеуметтік жауапкершілік бойынша республикалық байқауда «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» бизнесі екі мәрте «Алтын Парыз» наградасын жеңіп алды, сондай-ақ «Үздік әлеуметтік жоба» номинациясы бойынша «Күміс Парыз» марапатына ие болды.    

Серіктес жаңалықтары